С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Тәшкент думандатып жатты. Науаи театрының алдында ала шапанды үш өзбек: үшеуінің қолында да ұзындығы үш метрден үш керней, үрлейтін ернеуін еріндеріне тигізсе болғаны, құлақ тұндыра қаңқылдап, төңірегін даң-дұң дүрліктіре сілкінтіп әкетеді.
Күз аспаны бұлтсыз, таза. Күн көтеріліп, сәскеге таянған. Мезгіл қазан айы болса да, Науаи театры мен «Тәшкент» мейманханасының арасындағы көл-көсір шапшыма бұрқақ сәнге бөлеген кең алаңға жанжақтан ағылып келіп жатқан қалың жұрт жаз киімдерімен жүр. Көңілдіақ. Әсіресе, жастар жағы жадыраңқы, сауықшыл: бір тобы сызылтып ән салса, бір тобы бұралып би билейді.
Көшедегілер бірыңғай өзбектер емес, аралас, әр ұлттан. Бәрі бүгін осы шаһарда ашылатын Азия-Африка жазушыларының дүниежүзілік Бірінші құрылтайына жиналған, отыз сегіз елдің отыз сегіз делегациясы… Кеңес одағының он бес республикасынан белгіленген жазушылар бір ғана делегацияның құрамында, бәрін Тәшкент конференциясының қожасы Шараф Рашидов басқарады. Николай Тихонов бастаған Ресей қаламгерлері де түгел – Алексей Сурков, Константин Симонов, Борис Полевой, Александр Чаковский, Расул Ғамзатов, Дәуіт Көгілтинов, Мұстай Кәрім…-бәрі соған бағынады.

Біз – сол құрамдағы конференция делегаттары – бес қазақпыз: Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев және мен. Шараф Рашидов кеңес жазушыларын шетелдіктерден бөліп алып, сағат он бірге Науаи театрына алдын ала оңаша ақылдасуға шақырған. Бес қазақ ұйымдастыру комитетінің осы бас қосуына бара жатырмыз.
* * *
Біз де Абылайдың асына келгендей көңілді едік, жалғыз-ақ Мұхаң ғана әлденеге алаң, көңіл-күйі әрісәрі; қабағы кейде жадау, кейде жұбау, жиі-жиі ойланып қала береді, Оның бұл халін кеше жол-жөнекей бір кездегі құтсыз мекенін өзімен бірге көрген мен іштей түсінемін, ал өзгелер оңай ұға қоймайды.
Ғабең әдеттегі паңдығымен кеудесін кере шалқайып, бізге көзімен емес, танауымен қарады:
– Апырм-ай, мына Күрең көз қожа тым тұнжыр ғой, ұйқысы қанбаған-ау, шамасы.
Мұхтар мен Ғабит әуелден әзілдері жарасқан көңілдес, жас шақтағы ойын-ойнақ жағын білмейміз, ал аңға бірге шыққан дос, кәдімгі тетелес ағалы-інілі туыстар тәрізді сырлас, бірін-бірі қағытпай, қалжындамай жүрмейді. Ғабең Мұхаңды қожа десе, Мұхаң оны түрікпен дейді. Бұл атаулардың алдына қоятын анықтауыш эпитеттері де әртүрлі. Мұхаң, мәселен, Ғабеңді «төрін бермейтін» түрікпен, қатыгез қара түрік десе, Ғабең Мұхаңды жай қожа емес, «күрең көз» қожа дейді. Жазу столының жанында күн демей, түн демей ұзақ отыратын Мұхаңның ұйқысы әрқашан шала, көзі қызарып, ылғи жасаурап жүреді. Ғабеңнің жаңағы айтқаны да сол. Жалғыз-ақ ол ақырын ыңырана күбірлеген секілді еді, Мұхаң бәрібір естіп қалыпты, бұл жолы әзіл-оспақты қоя тұрып:
– Қайтейін, қай-қайдағым есіме түсіп келеді. Талай қуанғаныма да, қуарғаныма да куә болған шаһар ғой бұл! – деп маңының қалжыңын тыйып, бәрімізді ойыннан гөрі ойға бейімдеп, мүдіртіп тастады.
Шынында да, Әуезовтің Семейде басталып, Орынборда жалғасқан саналы ғұмырының жиырмасыншы жылдардағы біралуаны Тәшкентте өткені белгілі. Қазағын қалтқысыз жақсы көрем деп ұлтшыл атанғаны да, Қазан революциясына, пролетар әдебиетіне көп құлай қоймай жолбике жазушы саналғаны да, Алашорданы жөргегінде тұншықтырған Кеңестің кәріне ұшырап, қамауға алынған жері де осы Тәшкент. Ат төбеліндей ғана қазақ зиялыларымен қосыла халық қамын жеп, елдің ертеңін ойлап, «Таң», «Шолпан» журналдарын да осы қалада бастырып шығарып, атажұртпен солар арқылы тілдескені тағы мәлім. Осылардың бәрі кезек-кезек есіне түсіп, ойын – онға, ақылын алтыға беле беретін болса керек.
Тәшкент Мұхаңа етене таныс. Сондықтан шығар талай жыл өткенмен, байырғы шаһар тұрғындары әйгілі Әуезовті әлі күнге ұмыта қоймаған тәрізді. Мүбәда ұмытқандар, немесе ұмыта жаздап тосырқағандар болса, қайтадан жыға танып алғысы келгендей, оның өлшеусіз кең маңдайы қасқиып, селдірлеу көк мамық шашы жел жоқ, құз жоқ, екі шекеде өз-өзінен қопсып дудыраған өзгеше болмыс-бітіміне, өзгелерден оқшау (арыстан тектес) түр-тұрпатына, жүк көтеріп келе жатқандай найқалған ауыр жүріс-тұрысына жұрттың бәрі әрі таңырқап, әрі тамсана түсіп, көз суарады.
* * *
Алдымыздағы жұрт аяғы жетіп үлгірмеген аядай ғана ашық жерге әлдеқайдан өзбек өнерінің жарық жұлдызы Ғалия сұлу Измайлова пайда бола қалыпты. Кәдімгі аты аңызға айналған Ғалия – бар сахнаны бір өзі қимылға толтырып, іңірде шайтан көшкендей құбылтып, құлпыртып әкететін ғажайып биші… Сахна ғана емес, шіркіннің көшедегі көркі де көз сүріндіреді: шырасы сексеуілдің шоғындай жайнап, төңірегіне жарық пен жылу таратқан назға толы нәркес көзі, қиылған қиғаш қасы, қыр гүліндей үлбіреген қызыл ерні біртүрлі сүйілмеген бұла, тұла бойы бұлықсыған ерке, жан біткенді жалт қаратып, ә дегеннен арбап, бірден баурап әкетеді.
Ғалия Мұхаңды көре сала бар ықласын бетіне жиып, алақанымен көкірегін күлімдеп бас иіп, құлшына сәлемдесті де, қуанғаннан құлашын жазып жіберіп билеп кетті. Биі керемет, қарауға көз керек: иықтан саусаққа дейін буынсыз бұлқынып-былқылдаған ақ білегімен, жіп-жіңішке бұраң бел мықынымен билейді де, шайы жібек көйлектің ұзын етегіне жасырынған балтыры былқ етпейді; теп-тегіс асфальт үстін жұмсақ өкшесімен ақырын сызып, су бетіндегі қайықтай жылжып, қимылсыз жүзіп бара жатады.
Мұхаңа ғана арналған әсем би бәрімізді тұтқындап алды, бәріміздің есімізге махаббат жыршысы – Мағжанды салды: бәріміз іштей «Келші, сәулем, жылжып қана жібектей» деп үнсіз әндетіп, аса бір іңкәр сезімге бөлендік. Мұхаң да қабағындағы кіреуке-кірбіңді сыпырып тастап, оянып шыға келді. Сол бір қимылсыз жылжыған күйде қарсы алдына келіп тірелген Ғалияны Мұхаң көзінің қиығынан емірене сүйіп, бауырына басты.
«Ағатай, айналайын, қаулыңдамын.
Қолыңды бір бұлғасаң, аулыңдамын.
Көңіліңді шыныменен маған қисаң,
Қоянның көжегіндей баурыңдамын!» – деп, назды-сазды қазақ өлеңінде шырқалғандай, Ғалия сұлу да Мұхаңның бауырында көжектей құнысып, діріл қағып тұрды.
Ғабеңнің Мұхаңа деген ерке сылқым әзіл-әжуасы түгесілген бе, осы екі арада қалғандарымызды төңірегіне топтап, ақырын ырғала, ыңырана берді:
– Отызыншы жылдарда осы қалада көп ойнаған бір нарком келіншекті білуші едім, ағамыз сірә мына сұлудан да құр алақан болмас, – деп ырқ-ырқ күлді.
***
Театрға келдік. Бәрі жиналып қалыпты. Еңсесі биік кең залдың төр жағындағы мінбеге шынтағын сүйеп тікесінен тік тұрған Шараф Рашидов мәжілісті ашуға дайындала бастаған екен, есіктен кіре берген бізді, бізден де бұрын Мұхаңды көріп қалбаңдады да қалды:
– Мұхтар-әке, бері… бері жүріңіз, төрге шығыңыз! Мұхаң кешігіңкіреп кіргенімізге аздап ыңғайсызданғанмен, бойын тез жинап, әдетінше бар жылылығын бетіне жия күлімдеп, залдағыларға жағалай бас изеп амандасты да, шеттеғі бос орындардың біріне отыра кетті. Мұхаңды қоршап біз де жайғастық.
Шараф – соншалық сезімтал сергек, аржайы ашық, елпілдеген кішіпейіл адам. Өзі ұлтшыл. Халқы үшін құрбандыққа шалынуға бар. Тәшкент пен Самарқанд, Хиуа мен Бұхара маңына жуып кеткен өзге ұлттың өкілдерін түгел өзбек қып жібергісі келеді де жүреді: Кеңес кезіндегі бірінші сайлау немесе санақ науқандарының тұсында Өзбекстанда тұратын талай қазақтың ұлтын «өзбек» етіп жаздырып жіберген көрінеді. Бұл, әрине, қылмыс! Бірақ ұсталмаған соң амал қанша? Қалай болғанда да халқының өсімін ойлаған перзентін елі де ерекше жақсы көреді. Бір кезде сан жағынан қазақтармен қарайлас өзбектердің бүгінде солардан бірнеше есе асып түсіп, ондаған миллионға көбеюі елін ірі мемлекетке айналдырды. Бұл – ғұмыр бойы ел басқарған Шараф Рашидовтың алып еңбегінің арқасы. Ал туған халқының пайдасына мұнан артық перзенттік қызмет жасау қиын емес пе? Мұның өзі, бағамдап байқасақ, «ұлтшылдық» өзге ұлтты жек көру, сыртқа тебу емес, өз ұлтымен тұтастыру, туыстыру болып шықпай ма? Саясат айла десек, айланың бұдан асқан ақылға айналуы мүмкін емес шығар…
Сол Рашидов – Тәшкент қүрылтайының тұсында Өзбекстан жазушыларының жетекшісі ғана емес, Республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы. Дәл қазір әлемдік үлкен құрылтайды ұйымдастыру комитетінің тұтқасы. Конференция төралкасында отыз сегіз елден келген отыз сегіз делегация басшыларымен бірге күллі Кеңес елінен тек қана Рашидов отыруға тиіс. Басқалардың бәрі залда болуы шарт. Соған қарамастан Рашидов Әуезовті көргенде құрақ ұшып, өзін-өзі ұмыта берді.
Мұхтар Омарханович, төрге шығыңызшы деймін, төрге!
Шараф қайта-қайта жалынып қоймаған соң алдыңғы қатарда отырған Симонов пен Сурков, Айбек пен Тоқамбаев – бәрі Мұхаңа бұрылып, оның төрге өрлеуін қалады. Мұхаң біртүрлі ыңғайсызданып орнынан тұрды да, аз ойланып:
-Шарафжан, сыйлағаныңа рақмет, бірақ ол жер менің емес, сенің орның, -дей беріп еді, Рашидов:
-Төрге шығыңыз! – деп тағы қайталады.
Мұхаң ендігісін ерсілеу көріп:
-Жә, қарағым, мен қай жерде отырсам, сол жер – төр! – деді де, қайтадан орнына орнығыңқырап отырды.
Борис Полевой сүйсіне таңданып, рақаттанакүлді:
-Ойһ, Мұхтар Омарханович, қандай тауып айттыңыз, аһ! Ой-ой-ой!..
* * *
Асылы, ірі кісілердің аузынан ірі сөздер шығады.
Мен қай жерде отырсам, сол жер -төр!
Айтылған сәтте әшейін әзілге сайып, осы сөздің нарқын Әуезовтің өзі де онша пайымдай қоймаған шығар. Ал түптеп келгенде, бұл орасан ірі сөз еді. Дәлірек айтқанда, тап осы сөзде жарық дүниеде алпыс жыл өмір сүрген Әуезовтің бүкіл тағдыры мен талайы тұр.
Алпыс жыл бойы көрген-білгені төр емес, көр секілді қиямет-қайым, қуғын-сүргін, азап пен бейнет болатын. Ал осы кісінің өмірдің де, өнердің де төрінен шыққаны, отырған жері төрге айналғаны, ойлап қарасақ, соңғы төрт-ақ жыл екен-ау!..
Мұндай тағдыр аяуға да, аялауға да лайық емес пе?!
Зейнолла ҚАБДОЛОВ. (Жалғасы бар).
______________________________________________________________________________________________________________
/ Қабдолов Зейнолла. Менің Әуезовім. / З. Қабдолов. Солтүстік Қазақстан.-11 маусым.-5 бет.-2022 жыл.