С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен санда).
* * *
Кеше Тәшкентке келген бетте бізді ресми адамдармен бірге әуежайдан Айбек қарсы алып, үйіне апарды.
Қонақасы берді.
– Мейманханада орындарыңыз дайын ғой, біздің үйден шығып барарсыздар, Мұха! Мен сізді сағындым,-деді Айбек.
Өзбектің бас қаламгері, өздері «Біздің Әуезовіміз» ден мақтан тұтатын атақты академик-жазушы Айбек кәдімгі Мұса Тәшмұхаммедов Мұхаңның бұл сапарда бірінші ашқан есігі өз үйі болғанына балаша қуанды. Үйінде қонақтармен табақтас боп бірге отырған Ғафур Ғұламға:
Мұхтар Омарханұлы менің ұстазым әлі үлгім деп, жұрт алдында онай айтыла бермейтін құпия сырын жариялай мақтанып, сол ұстазының ұлы өнегесін ап-ашық мойындап, -мен бұл кісінің «Абайын» сонау отызыншы жылдардың өзінде журнал бетінде жарық көре бастағаннан-ақ құныға оқып, Қазақстан ғана емес, күллі Кеңестік Шығыста бұрын-соңды болып көрмеген көркем туынды деп біліп, қым-қуыт күрделі мазмұны мен пішініне, құнарлы тілі мен стиліне, терең психологизмі мен биік мәдениетіне соншалық сүйсініп, автордың асқан суреткерлігіне тәнті боп жүретін едім. Шынымды айтайын, кейін мен «Науаи» романын «Абайға» еліктеп жаздым, – деді. Онымен де қоймай, – мен ғана емес, Садреддин Айнидан бастап, бүкіл Орта Азияның, Азербайжанның, одан әрі Украина мен Татарстанныңталай қаламгерлері тарихи тақырыптағы шығармаларын Әуезовтің әсерімен жазды! – деп, соңғы кезде сал боп қатты сырқаттанып қалғандықтан, тілі күрмеліп, жиі-жиі тынысы тарылып, ентіге кекештеніп, ұзағырақ сөйледі. Алайда Мұхаң оны бөлген жоқ, асықпай тыңдады.
Задында, Мұхтар Әуезов орыстың Алексей Толстойы мен өзбектің Айбегін айрықша бағалайтын. Неге десеңіз, бұларды жай қаламгер емес, білімдар академик- жазушы деп, талғам мен толғам деңгейін өзгелерден жоғары қоятын. Сондықтан Айбектің әлгі айтқандарын өзін орынды-орынсыз мақтау ретінде емес, академйк-жазушының жалпы әдебиет туралы, әдебиеттегі шығармашылық байланыс, өзара ықпалдастық туралы өрісті ойы, кең толғамы деп қабылдады. Өзбек досының ойларын Отан соғысы кезінде Мәскеуден Алматыға пана іздеп жартылай көшіп келіп, қазақ жазушыларымен етене араласып, әсіресе, өзімен, Сәбит Мұқановпен қоян-қолтық бірге жүрген Алексей Толстойдың «Абай» романы туралы айтқан пікірлеріне ұқсатты.
Толстой – граф. Адам бойындағы аристократтықтың да айрықша биік сатысы, бірегей бітімі секілді граф дегеніңіз – қолдан жасалатын жалаң, немесе оп-оңай жапсырыла салатын жасанды атау, яки атақ емес, табиғи, түп-тамыры тумыстан дарып, тіршіліктегі талғампаз тәрбиемен дамыған тектіліктің бір түрі -дворяндық лауазым бароннан үлкен, князьдан кіші, екі аралықтағы дәстүрлі дәреже: әдебиет әлеміндегі үш Толстойдың (Алексей Константинович, Лев Николаевич, Алексей Николаевич Толстойлардың) үшеуі де граф. Графтың кескін-кейпінде, мінез-құлқында, қимыл-қозғалысында ортасынан оқшау сырбаз мәнер, сындаршылық, сырлы мәдениет болады. Алексей Николаевич Толстойдың желкесін жасыра жауырынына төгіліп тұратын ұзын шашы, алтын пенсненің арғы жағынан маңына маңғаз қарайтын мағыналы көзі, мүйіз трубканы хош иісті кымбат темекіге толтырып түтінсіз шегетін ерні мен езуі… Осының бәрі өзі Мәскеуге қайтқаннан кейін алматылық әріптестеріне аңыз боп қалған. Әсіресе, оның қылығы мен қимылындағы күтпеген жерден оқыс көрініс беретін кереғар қарама-қарсылықтар: айнала-сындағылардың әртүрлі әңгімелерін іштей самарқау байыптап, үнсіз жым-жырт отырған қалпы, кенет қаңқ-қаңқ ете қалатын қаз дауысты қатқыл күлкісі, төңірегін ұзақ төзіммен түгел тыңдап алып, ізінше олардың біріне қосылмай өз бетімен оқшау, тек өзінше сайрап кететіні, көп ішінде бәріне бағынып, «бетегеден биік, жусаннан аласа» отырған күйі, бір сәт шапшаң оянып, біріне бағынбай, бәрін бір ғана өзіне бағындырып, тек қана өзінше кең көсіле, еркін есіле тыңдаушыларының бәрінен биік өр самғап, өршіл парлапшешен сөйлейтіні… Париждегі Иван Бунинге ұнамағанмен, Алматыдағы Сәбит Мүқановқа қатты ұнайтын:
Шіркіннің тұла бойы толы шабыт еді ғой!-дейтін.
Сол Толстой бір жолы осындай шабыт үстінде еркін самғап, Әуезовке де өзінің өзгеше тың ойын айтқан:
– Әрине, орыс әдебиеті – ұлы әдебиет, Пушкин мен Толстойдың, Чехов пен Достоевскийдің әдебиеті неге ұлы әдебиет болмасын. Оның өз маңына әсері де ұшан-теңіз. Бірақ солай екен деп, Кеңес Одағындағы барлық ұлттар әдебиеті тек қана орыс әдебиетінің ықпалымен өмір сүріп отыр деу – ұшқары түсінік. Әдебиеттануда «Өзара ықпалдастық» деген ұғым бар. Осы тұрғыда қарасақ, Сіздің «Абай» романының тууына, мүмкін, менің «Петр Біріншімнің», Тыняновтың «Пушкинінің» аз-кем әсері болса болған шығар. Ал қазір «Абайдың» ықпалы, өзге ұлттар өз алдына, тіпті сол орыс жазушыларының өзіне тиіп, бүгінде орыс әдебиетінде тарихи тақырыптағы романдар өріс ала бастады. Демек, өзгелерге ықпал ететін қазақ әдебиетінің де игі әсерін ескермеске болмайды. «Өзара ықпалдастық» деп осыны айтар болар.
Мұхаң Айбек пен Толстой толғамдарынан осындай ұқсастықтар тауып, оны екеуінің кең ойлайтын, өзінше және өзгеше ойлайтын білімдарлығына сайып отырды.
* * *
Суреткердің бекзаттығына, тектілігіне, ақсүйектігіне айналып кеткен білімі мен мәдениетін Әуезов қатты қадірлейтін. Жазушының Горький дәріптейтін пайғамбарлығы осы қасиеттерінде деп білетін. Бұл талғамға татымайтын ұсақ-түйек күйкі немесе қисынсыз қыңыр қылықты кешірмейтін.
1954 жылдың 3-8 қыркүйегінде Қазақстан жазушыларының бес күнге созылған үшінші съезі болып өтті. Съезге алыстан ат арытып арнайы келіп, Михаил Александрович Шолохов қатысты.
«Тынық Дон» авторын біздің төрт пайғамбар (Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден) түгел сабылып, күндіз-түні бірдей кірпік ілместен екі тәулік күтті. Әрине, Шолоховты ресми адам, Жазушылар одағының төрағасы Ғабиден Мұстафин қарсылап алса да жетер еді. Бірақ Мұхаң болмай: «Бұл ғасырда Шолоховтай ұлы жазушы жоқ, ардақтайық, аялайық, алдынан шығайық», – деп төрт көзін түгендеп алды да, төртеуі бірдей төгіп тұрған күзгі нөсерге қарамай, әуежайға қайта–қайта барып, аспан райын бақылады. Сол жылғы күз қай жерде де қалың жаңбырлы еді. Шолохов Дондағы Ростовтан Қарағандыға шаршап-шалдығып әрең жетіп, Алматыға ұша алмай, әбден діңкесі құрып отыр.
Сонымен, әйтеуір, екінші тәулікке қараған түн ортасында жаңбыр сәл саябырлап, Алматы әуежайына Карағанды ұшағы келіп қонды. Сырғалары жалт-жұлт етіп, шолпылары сылдыр қаққан ылғи сұлу қыздар мен келіншектерге буда-буда гүлгүл ұстатып, Мұхаңдар да трапқа келіп, құрметті қонақты құшақ жая күтіп тұрды.
Ұшақтан ілгерілі-кейінді түсіп жатқан жолаушылар арасынан бір кезде Шолохов көрінді. Қасында Доннан еріп шыққан, Қарағандыдан қосылған қосшылары бар, үш төрт адамның ортасында атақ-даңқы алыстан дабырайып, анау-мынау құшаққа сыймайтын алып секілді елестейтін Михаил Александрович ауызекі сөзбен қарадүрсіндеу айтқанда «басаяғы бір уыс томашадай ғана» шапшағын адам екен. Әлемге аты мәшһүр Дон қазағы емес пе, аяғында қазақ-орыстардың дау жоқта жау шақырып жүретін сарт-сұрт солдат етігі, үстінде қара сұр гимнастерка, қалтасы қалақтай галифе шалбар, белін бес елі жалпақ белбеумен тас қып буынып алған, бүйіріне тек қанжар яки қылыш қапа тағынбапты. Басқасының бәрі әскери. Ап бейбіт Шолоховтың кітапқұмар кәрі-жастың бәріне таныс иман жүзді дидары бетінде ғана… Бет болғанда, бетінің тең жарымынан көбі селдірлеу сарғыш шашынан төмен жарқырап жатқан кең жазық маңдай… Шырғалаң сапар шаршатқан-ды, ажарлы, ашаң бетжүзінің жақ жүні үрпиіңкіреп, кісінің өңменінен өтетін өткір, сыншыл көзі кірбің, ұйқыдан жаңа оянғандай манаурап, қасының астына, кірпігіне жасырына береді. Кең мандайдан тік түскен шоқыбел қыр мұрынның астында тікірейіп сергек тұрған тек жып-жинақы жез мұрт қана.
Аузында шылым, мүйіз мүштегін тістеп алып, бұрқ-бұрқ шегіп қояды. Сірә, темекі тартуға тыйым салынған ұшақ үстінде де бұрқыратумен келген-ді, серке ғана емес, ерке де Шолохов қой, ешкім қарсы боп үндей қоймаған шығар.
Не айта беретіні бар, самаладай жайнаған Алматы әуежайында ұшақтан түскен Шолоховты бір көрудің өзі жиналған жұрт үшін өздері жатқа білетін «Тынық Донның» жан тебірентер мың суретінің бір сәт елестей қалған бір ғана көрінісіндей соншалық сүйкімді еді.
Бірақ онша сүйкімді емес бір жері – Шолохов удай мас.
Траптан еңгезердей Сафроновтың қолтығында шайқалақтап әрең түсті де, кірпігі кірпігіне жабысып жатқан қызғылт көзін әрең ашып, өзін аңсай күткен қарсы алушыларға ұйқылы-ояу манаурай қарады, бірақ ешкімді жыға таныған жоқ. Жалғызақ өзіне «Ау, Миша, қымбаттым!» -деп омыраулай ұмтылған Сәбит Мұқановтың иығына қалжыраған қолын салды. Сафронов ағасын қолтығына қыса құшақтап, Ғабиден Мұстафиннің сол кезде шарбастықтар ғана мінетін қайқы бел қара Зиміне қарай басты. Өзіне жаппай, жабыла ұмтылған өзге әріптестеріне көз тоқтатып қарай алмады. Көбімен қол алысқан да жоқ, үнсіз барып машинаға отырды да, диванға қисайды.
Әуезовтің Шолоховқа тұңғыш көңілі қалған жері осы еді. Мүсіреповке қарап өкініп тұрды:
-Бәлі, білместік қана емес, білімсіздік қой мынау. Білімсіз кісіде мәдениет қайдан болсын. Ой-бо-о-ай! Бұл қайда, Толстой қайда?.. Жә, тауға, демалыс үйіне сен үшеуің апарыңдар. Мен шаршадым, ертең съезде жолығармыз.
Ертеңіне сәскеде Шолохов съезд төралқасында отырды. Сапсау. Дым көрмегендей. Кеңес классикасының үлгісі болған, әлем әдебиетінде теңдесі жоқ мәңгілік кітаптың авторы да періште емес, кәдімгі өзіміз секілді жер басып жүрген адам екеніне таңдана тамсанып, қуана, құлшына қол соққан залға қайта-қайта орнынан тұрып, бас изеді. Съезде Мұстафин жасаған бас баяндаманы да зейін қоя тыңдады.
Баяндама ұзақ еді. Бірақ сынға құрылған, ұзақ та болса, қызық еді. Сын болғанда анау-мынау емес, әр тұста әркімге ұрынып-беріне қалса, бет-жүзіне қарамай ұрт кететін қатыгез Ғабекең ә дегеннен бас салып Сәбеңе жабысты:
-«Мөлдір махаббаттың» қоюынан сұйығы, суы көп. МенМұқанов болсам, осы кітаптың тура екі жүз бетін қысқартар едім…
Бүл пікір Шолоховқа ұнамады. Өзіне қонақ ретінде құттықтау сөз берілгенде бұл Мұстафинге тиісті:
– Менің Мұстафин жолдасқа берер кеңесім – «Мөлдір махаббатты» қысқартам дегенше, өзінің ұзақ сонар баяндамасының жартысын қысқартқаны жөн. Өйткені, романнан гөрі баяндаманы қысқарту әлдеқайда оңай!
Тыңдаушылар ду-ду қол соқты.
Залды бұдан да гөрі риза ғып қатты тебіренткен сөз Шолоховтың қазақ жазушыларымен етене сырласа келіп, кешегі Отан соғысы кезінде өзінің үй іші-отбасына пана болған, соғыстан кейінгі отыз жыл бойы үзбестен жаз бен күзде жағасында әрі демалып, аң аулап, әрі шатыр тігіп шығармаларын жазған Жайық жағасы, Орал қаласы, қасиетті қазақ даласы өзінің екінші Отаны болып кеткенін, өзін «Донда қазақ, Оралда қазақ» секілді сезінетінін айтып толғанғаны болды және тарихта тұңғыш рет «ұлы қазақ халқы!» дегені еді. Жеңіс жылғы Сталиннің «ұлы орыс халқы» деген сөзінен кейін бұл атауды Шолохов екінші рет сұрапыл соғыс жылдарында басына пана болған қазақ халқына сыйлағаны Әуезовті де қатты тебірентіп, ол кешегі ренішінен тап-таза арылып шықты.
* * *
Ойлы адам, ойшыл адам өзі көрген немесе өз басынан өткен осындай оқиғаларға яки құбылыстарға Айбек үйінде Айбек әңгімесін тыңдап толғанған Мұхаңның ойына Апексей Толстой мен Михаил Шолохов екеуінің әлгідей екі түрлі кұлқы мен қылығы тектен-тек түскен жоқ. Әр адамның білімі мен мәдениетін салыстыра салмақтау арқылы өмір мен өнердегі шындықтың шырайын танымақ.
Қаламдас досы, әріптес інісі Айбек әңгімесі Мұхаңды осылай толғандырды.
Зейнолла ҚАБДОЛОВ.
(Жалғасы бар).
____________________________________________________________________________________
/ Қабдолов Зейнолла. Менің Әуезовім. / З. Қабдолов. Солтүстік Қазақстан.-14 маусым.-5 бет.-2022 жыл.