С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының құрылғанына биыл 90 жыл толады. Осы мерейлі күн қарсаңында елін, жерін қан майданда жаудан қорғаған ардақты аталарымыз мен әкелерімізді, тылда еңбек еткен аналарымыз бен әжелерімді еске алуды ұйғардым.
Өткен ғасырдың басындағы аштық пен күштеп ұжымдастыруды, қуғын-сүргінді қаншама басынан кешірсе де, ауылдастарымыз болашаққа үлкен үмітпен қарап, еңселерін енді ғана тіктей бергенде кенеттен соғыс басталып кетті. 1418 күнге созылған майдандағы батырларымыздың ерлік жолдарын қалай ұмытамыз!? Осындай ауыр зұламатты одақтас басқа халықтармен бірге біздің ауылдастарымыз да қасқая қарсы алды. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ 76 азамат майданға аттанған. Оның тең жартысы қайтыс болып, тек олардың 38-і ғана елге оралған. Бүгіндері сол сұрапыл қантөгісте ерлік көрсеткен аталарымыз бен әкелеріміздің бірі де жоқ. Олардың ерліктеріне басымызды иіп, ескерткіштеріне тағзым етеміз.
Взвод командирі Ақжан Мусин, сондай-ақ Ләйіс Смағұлов, Қайролла Қарабатыров, Көкен Әйіпов, Қадыр Хасенов, Топыш Тоқмейілов, Есімбет Сәрсебеков, ағайынды Тоқаш пен Шәріп Жақыповтар майдан даласында шейіт болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан барлық аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін бір мақалада түгел жазу мүмкін болмағандықтан санаулы ардагерлерді ғана еске алып отырмын. Сондықтан қалғандарының ұрпақтары ренжімес.
Қазақстаннан, соның ішінде біздің өңірден барған жауынгерлер 314-ші және 316-шы атқыштар дивизиялары құрамында Ленинград пен Мәскеу қалаларын жаудан қорғаған. Менің әкемнің ағасы Қайролла Қараба-тыров Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тауып, сол жерде бауырластар зиратында жерленген екен. Кеп жылдар бойы қайда жерленгенін біле алмай келген едік, жақында нақты деректер табылғаннан кейін ғана марқұмға қайдан топырақ бұйырғанын анықтадық.
Майдангерлердің бірі Қилаж Мағазұлының қиын да, ерлікке толы өмірі бізге үлгі. Саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартты, кейін Отаны үшін қан төкті. Өзінің естеліктерінде: «1940 жылы комсомолға өтуге арыз берсем де, «халық жауының» баласы ретінде оған қабылданбадым. Жасым толмай соғысқа өз еркіммен бардым, талай рет жауынгерлік медаль, ордендермен марапатталдым, бірақ соғыстан кейін де әділетсіздіктің зардабын тарттым. Әрине, мен қызметімнің тарттым. Әрине, мен қызметімнің өспей қалғанына емес, маған деген әділетсіздіктің қыр соңымнан қалмай қойғанына ренжідім», – деп жазады. Қилаж ағамыз Подстам конференциясына қатысушы елдердің басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен әскери құрамада болды. Соғыстан кейін көп жылдар бойы ұстаздық етті, аудандық, облыстық партия ұйымдарында басшылық қызметтерде болып, зейнет демалысына шықаннан кейін облыстық «Парыз» кпубын басқарды. НКВД-нің архив материалдарын көз майын тауыса зерттеп, «халық жауы» атанған өз әкесі мен ауылдарыстарын ғана емес, солтүстік өңірдің қаншама азаматтарының ақталуына жағдай жасады. Қилаж Мағазұлының бұл ісін бүгінде туған інісі Болат Сағындықов жалғастырып жүр.
Майданда ерлігімен ерекше көзге түскен ауылдастарымыздың қатарында Төшкен Мұхамеджанов та болды. Төшкен ағамыз 1939 жылы әскер қатарына алынып, неміс фашистерімен алғашқы ұрысты 1941 жылдың шілдесінде Смоленск түбінде бастаған. Алапат соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, взвод командирі болды. Белоруссия, Польша, Дания жерлерін фашистерден азат етуге қатысты. Ұрыс кезінде командир оққа ұшқанда, оның орнын басып, жауынгерлерді шабуылға шығарған. Аға лейтенант соғыс қимылы кезінде қарамағындағы жауынгерлерге ұтымды басшылық жасап, неміс фашистеріне тұтқиылдан соққы бергені үшін «Апександр Невский» орденімен марапатталды. Сол кезеңде бұл орден санаулы ғана командирлерге берілген.
Отан соғысының кескілескен майдан шебінде болып, жоғары жауынгерлік марапатқа ие болған ауыл-дасымыз Нұғыман Уәлиевті ерекше атауға болады. Ауылдастарымыздың ішінен ол алғаш «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болған. Соғыстың бірінші күнінен майданға аттанып, Мәскеу, Курск түбіндегі шешуші шайқастарға пулеметші ретінде қатысады. Соғыс кезінде көрсеткен ерліктері үшін «Жауынгерлік Даңқ», «Отан соғысы» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері. Соғыстан алған жарақатына қарамастан, елге оралған соң бірден ауылымыздың тоқырап қалған шаруашылығын көтеруге белсене араласты.
Жоғары жауынгерлік марапатқа ие болғандардың қатарына ауылда-сымыз Шалеке Естеков те бар. Ол соғыстан аман-есен оралса да, алған ауыр жарақатынан оңала алмады, елуінші жылдардың аяғына таман қайтыс болды.
Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан қорғау жолында жанын аямаған, майдангер әкеміз Нәси (Нәсифолла) Қарабатыров – соғыс басталғанға дейін қуғын-сүргінге ұшырап, «халық жауы», «жалонның шпионы» деген жаламен атылған ағасы Қалимолла үшін қысым көрген, ауыл атқамінерлердің түртпегіне іліккен азамат. 1941 жылы шілденің басында майданға аттанып, артиллеристер даярлайтын курстан өткен соң, соғыс қимылдарына қатысады. Маршал Рокосовский басқарған ІІІ Белоруссия майданына, №57 атқыштар полкінің құрамында Литва, Латвия, Эстония және Шығыс Пруссия жерлерін неміс фашистерінен азат етуге қатысады, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 30 жыл» және т.б. медальдармен марапатталған.
Соғыс уақытында елдегі әкешешесі қайтыс болып кетеді, ортаншы ағасы Қайролла Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза табады. Атылып кеткен Қалимолланың әйелі де қайғы жұтып қайтыс болады. Жетім қалған інісі Мұхамадия мен қарындасы Дариха ағайындарының қолында қалған. Соғыстан келе иесіз қалған отбасын қайта түлетуге ұмтылған майдангерге ел ақсақалы, ауыл-аймақты имандылық жолына бастаған молда Жақия атамыз жалғыз қызын қосады. Әкеміз соғыс кезінде алған контузиясы мен жарақаттарына қарамастан ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі қызмет істеді. Мал фермасының жұмысшысы, бригадирі, есепші болды.
Әкемізбен құрдас майдангерлердің бірі – Қуан Сәдуақасов соғысқа ауылдастарының арасында бірінші болып аттанған. Алғашқыда шопыр болып, одан кейін 12-гвардиялық минометшілер бригадасында соғыс аяқталғанша минометші болды. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Інісі Шалабай соғыстан оралмады. Майданнан кейін еңбектегі жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталып, 1956 жылы бүкіл-одақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, арнайы медаль тағып қайтты. Соғыста алған жарақат Қуан ағамызды да ерте алып кетті.
Мәжит Мүрсәлімов Қызылжар қаласындағы онжылдық мектепті бітіре салысымен әскерге алынды. Ленинград қаласы маңында әскери қызметін өтеп, үйге қайтар кезінде, яғни 1939 жылы Фин соғысы басталып кетеді. Кейін Ленинградты қорғауға, оны құрсаудан шығаруға толық қатысып, Берлинге дейін барған майдангер ағамыз соғыстағы ерліктері үшін бірнеше орден мен медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін ұзақ жылдар Бостандық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болды. Болат Сәуменов Ұлы Отан соғысы басталғанда 10 сыныпты бітіріп, Өрнек жетіжылдық мектебінде мұғалімдік еңбегін бастаған екен. 1942 жылы қазан айында әскер қатарына шақырылды. Петропавлда орналасқан 44-полкта алты ай оқып, сержант шенін алады. Воронеж майданына қарасты 210-полктің құрамында атақты Курск иінінде соғыс қимылдарына минометші болып қатысады. Польшаның Краков, Германияның Дрезден қалаларын фашизмнен тазартуға атсалысты. Жеңісті Чехословакияның Прага қаласында қарсы алды. «Отан соғысы» орденімен, сегіз жауынгерлік медальмен марапатталған. Кеңес Одағының маршалы Коневтің қолы қойылған мақтау грамотасы бүгінде мектеп мұражайында сақтаулы тұр. Соғыстан кейін мұғалімдік қызметін жалғастырды.
Ғалымжан Әділшеұлы жас кезінде ұжымдастыру жұмыстарына араласқан, өте ірі кісі болған. Соғыс басталысымен 7023-атқыштар полкі, одан кейін 1053-атқыштар полкінде, атқыш-пулеметші болған, соғыстың алғашқы қиын кезінде қоршауға да түсіп, неміс тұтқынынан қашып шығады. Ұзақ тексеруден кейін, қайтадан соғысқа кіреді. «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Келден Есмұқанов соғыс жылдарында денсаулығына байланысты 37-қосалқы полкте әскери борышын өтеп, майдан даласын қираған техника мен құрал-жабдықтардан тазартқан. Бұл оңай жұмыс емес еді, соғыс қимылдарына тікелей қатыспағанмен, ұрыс болған жерді тазалау кезінде мина, граната, тағы басқа жарылғыш заттарға кезігіп жараланып немесе көз жұмған жағдайлар болғаны мәлім.
Сәбді Малгаждаров соғыста 210-атқыштар полкінің құрамында, Қиыр Шығыс майданында Жапонияға қарсы шайқастарға қатысқан. Елге оралған соң көп жыл бойы малшы болды. Қалихан Сәдуақасов соғыс жылдарында 1043-артиллерия полкінің 306-шы атқыштар дивизиясының құрамында радист болған. «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін көп жыл Қызылжар қаласында тұрды, бертін келе Бостандыққа көшіп келіп, ағаш шебері болып жұмыс істеді. Аманбай Нұрмұқанов әкесі Байқадамнан ерте жетім қалған. Соғыс кезінде 129-атқыштар полкінің атқышы, аэродромда күзетші-атқыш, 0735-әскери қоймада шаруашылық жүргізуші болды.
Әміржан Сапаров 1942 жылы әскерге шақырылып, Иркутск қаласында, Даурия станциясында орналасқан 585-атқыштар полкінің атқышы болды. 1947 жылдың наурызына дейін Қиыр Шығыста 1915-артиллерия полкінің құрамында болады. Моңғолия жерінде Чайболсын әскерлерімен бірге Жапония басқыншыларына қарсы соғысады. Тұяқ Мұқанов көп жыл орман шаруашылығында қорықшы болып жұмыс істеді. Тұяқ ағамыз өзінің соғысқа қатысқаны жөнінде көп айта бермейтін, Қиыр Шығыста жапон милитаристеріне тосқауыл болған әскери құрамаларда борышын өтеген.
Жауке Шаяхин 1942 жылдың ақпанынан әскерге шақырылып, 1944 жылға дейін Қиыр Шығыста 98-ші шекарашылар отрядында болады. Божан Нұртаев 1941 жылы шілде айында майданға шақырылады. Алты ай жұмысшы батальонында болады, Калинин майданына 357-артилерия полкінің құрамында, одан кейін Белоруссия, Прибалтика жерінде соғысқа қатысады. 1944 жылы қыркүйек айының бірі күні Великие Луки үшін болған соғыста ауыр жараланып, соғысқа жарамайтын болған соң елге оралған. «Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталған.
Жанбота Қасымов соғыс кезінде 288-атты әскер полкында, кейіннен 122-артиллерия полкында соғысқа қатысады, 1942 жылғы қиын кезеңде бір ұрыста контузия алып, тұтқынға түседі, бірақ одан қашып шығады. НКВД-нің тексеруінен кейін 166-шы қосалқы атқыштар полкінде соғыс қимылдарына қатысып, ерлік көрсетуінің арқасында командирдің көзіне түсіп, өзін ақтайды, кейіннен 55-жеке байланыс полкінде байланысшы болған.
Қажымолда Сыздықов 1941 жылы 3 тамызда майданға шақырылады, Қиыр Шығыста екі айдай әскери жаттығуды меңгерген соң Хабаровскінің Краснорежко деген жеріне жіберіледі. 1942 жылы Қара теңіз жағалауындағы Керчь қаласы үшін болған соғысқа қатысады. Осы жерде қоршауда қалады, тұтқынға түседі, одан қашып шыққан ол Калмыкия жерінде өз әскеріне қосыла алмай, қайтадан ұсталады. 1942 жылдың қазан айында Днепропетровск қаласындағы түрмеге, одан соң 1943 жылдың наурызында Кирвоград маңындағы лагерьге қамалады, онда 12 мың адам тұтқында болған. Ағамызды 1945 жылдың сәуірінде америкалық әскерлер тұтқыннан босатып алады. Көптеген тексерістен өткен ол 145-қосалқы жол-құрылысы батальонында жұмыс атқарады. 1945 жылдың 5 тамызынан Қиыр Шығысқа Жапониямен соғысқа жөнелтеді. «Жапонияны жеңгені үшін» медалі – соның айғағы. Соғыстан кейін еңбекке араласып, қираған шаруашылықты көтеруге белсене араласты, тың игеру жұмыстарына, ауылдық жұмысшы кооперациясын дамытуға қатысты.
Әбу ағамыз соғыс жағдайындағыдай міндетін өтеп, 1945 тамыз бен қыркүйегі аралығындағы Жапонияға қарсы жүргізілген соғысқа қатысқан. «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Ғалымжан Құсайынов 1941 жылы шілде айында соғысқа алынып, Смоленск түбінде 1074-атқыштар полкінің құрамында соғысқа кіреді. Алғашқы соғыс қимылдары кезінде қатты жараланып, контузия алады. Соғысқа жарамайтын болғандықтан Ғалымжан ағамыз елге оралып, Боголюбово селосында әскери бөлімде майданға жіберілетін әскерлерге қызмет ететін қосалқы шаруашылық бөлімінде жұмыс атқарады.
Мағауия Нұртазин 1939 жылы октябрь айының аяғында міндетті әскер борышын өтеуге шақырылады. Новосібір облысының Томск қаласында 324-атқыштар полкінде борышын өтейді. 1940 жылы сержант мектебін аяқтап, снайперлік бөлімшенің командирі болады. Соғыс басталған кезде Белоруссия жерінде фашистерге қарсы майданға қатысып, сол қол, сол аяғынан жараланып, госпитальге түседі. 1944 жылы Гаиновка станциясын азат ету кезінде қаза тапқан взвод командирінің орнын басып, тапсырманы орындағаны үшін үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Соғыстың аяғына қарай әскери кіші командирлерді-лейтенанттарды жедел даярлайтын Телавское жаяу әскерлер училищесінің курсанты болады, бірақ оны аяқтамайды. Себебі 1945 жылы қазанда ауыл шаруашылығына, оқу орындарына қажетті мамандарды тез әскерден босату жөніндегі жарлыққа байланысты мұғалім есебінде елге қайтарылады. Октябрь, Бостандық ауылдарында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты.
Мәулен Қайырнасов жастығына байланысты соғыстыңаяқталар кезінде ғана Қиыр Шығыста Жапонияға қарсы тұған 25-дивизияның құрамында әскерде болады, кейіннен Жапониямен соғыс басталғанда ұрыстарға қатысады. Уақит Мурсалимов Ұлы Отан соғысы басталғанда 18 жаста болған. 74-атқыштар полкінде, кавалерия полкінде және 135- гвардиялық атқыштар полкінің пулемет бөлімшесінде соғыс қимылдарына қатысады. Европа елдерін, соның ішінде Венгрияның астанасы Будапешті азат етуге қатысып, «Ерлігі үшін», «Будапешті азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады. Әкеден төртеу еді, соғысқа ағайынды үшеуі қатысып, үшеуі де аман-есен елге оралды. Ұзақ жылдар есепші болып жұмыс істеді.
Баймолда Әйіпов соғысқа дейін колхоз жұмысына араласқан, техника тілін жасынан жақсы білген. Ел басына қауіп төнген сын сағатта ағасы Шаймолда Әйіпов екеуі майданға бірге аттанған еді, бірақ ағасы соғыста қайтыс болды. Елге оралған соң кері кеткен ауылымызды көтеруге белсене араласты. Көшен Сарбасов ағамыз 1941 жылы соғысқа алынғанға дейін колхозда есепші, одан кейін ауылдық кеңестің төрағасы болды, ел басына қатер төнгенде азаматтық борышын адал атқарып, сұрапыл соғыстың ауыртпалығын жұртпен бірге бастан кешірді. 1945 жылдың жазында аман-есен елге оралды. 1946-1956 жылдары Бостандық колхозын басқарды. Одан кейін мал фермасының бригадирі болды.
1980 жылы соғыс және еңбек ардагері Қилаж Мағазов ағамыздың тікелей бас болып ұйымдастыруымен қан майданда қаза тапқан ауылдастарымызға Мәдениет үйінің қарсы алдында ескерткіш ашылған болатын. Жыл сайын Жеңіс күні барлық ауылдастарымыз бен мектеп оқушылары ескерткіш жанына жиналады, салтанатты сап түзеу ұйымдастырылып, сол сұрапыл соғыста жанын қиған және соғыстан кейін елге оралып қайтыс болған әкелері мен аталарының ерлігіне тағзым етеді, аруақтарына Құран бағыштайды. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Қажымұрат НӘСИҰЛЫ, білім беру саласының үздігі, зейнеткер ұстаз.
/ Қажымұрат Нәсиұлы. Бостандықтың боздақтары. / Қ. Нәсиұлы. Солтүстік Қазақстан.-14 маусым.-6 бет.-2022 жыл.