С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Социал Жұмабаевтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Ұстаз. Журналист. Өлкетанушы» атты еске алу кеші өтті.

Социал Жұмабаев Жамбыл ауданындағы Молалы деген ауылда дүниеге келген. Баян орта мектебін тамамдағаннан кейін Оңтүстік астанамыз – Алматыдағы іргелі оқу орны Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Көзі тірісінде Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, Жамбыл ауданының құрметті азаматы атанған жанның журналистика саласына қосқан үлесі де зор. Ол «Ауыл арайы» газетінің жауапты хатшысы болды. 2001-2013 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Асыл мұра» орталығында өнімді еңбек етті.
Шараға еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, марқұмның туыстары қатысты. Олар музей қабырғасына ілінген мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойып, Социал Жұмабаев жайлы естеліктерімен бөлісті.
– Отбасында төртетіз. Әкем 7 немере мен сонша шөбере сүйді. Өте балажан еді. Біздің білім алуымызға барлық жағдайды жасады.
Анам қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Бұл шараға денсаулығына байланысты қатыса алмады, – деді ұлы Арман Жұмабаев.
Социал Жұмабаев «Арманды ақын», «Сегіз сері», «Қожаберген жырау» сынды туындыларды құрастырған. Ол – «Тоқсан би», «Бір әулеттің тарихы», «Мәлік Айдарбеков», «Шағырай шешен», «Туған елдің шежіресі», «Біржан салдың белгісіз ғұмыры» сынды тағы да басқа кітаптардың авторы.
Рабиға ЕРАЛЫ, «Soltustik Qazaqstan«.
______________________________________________________________________________________________________________________________
/ Рабиға Ералы. Сағынышпен еске алды. / Р. Ералы. Солтүстік Қазақстан. -2 шелде.-8 бет.-2022 жыл.