С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
«…МАҒЖАНДЫ СҮЙЕМІН!»
Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған «Абай» деген сөз «Қазақ» деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар секілді. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар.
Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сөзгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестеніћ келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның тегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әідебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін.
Мұхтар ӘУЕЗОВ.
ЖАЛЫНДЫ АҚЫН
«Қаршадайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жетіккен Мағжан қазақ поэзиясына сол балғын шағында ерекше аса талантты болмысымен келді…
Екі ананы тел емген Мағжан қазақ ауыз әдебиетінің тұнығына қана отырып, жарқ етіп шыққан Абай поэзиясын өзіне мектеп еіті. Сонда біз Пушкин, Лермонтовтан бастап бүкіл орыс поэзиясын игерген, орыс тілі арқылы әлем поэзиясымен еркін тыныс алған, жасы жиырмадан жаңа ғана асқан жалынды Мағжан ақынды көрдік…
Мағжан бұл дәрежедегі жаңа жырларымен XX ғасырдың бас кезіндегі символистер деп аталған орыс поэзиясын жаңа биікке көтерген Мережковский, Андрей Белый, Бальмонттармен және ХХғасырдағы француз ақындарымен тең түсіп, ортақ тақырыптарға жарыса қосылып жырлап жатады.
Әбділдә ТӘЖІБАЕВ.
ОЛ ЕШКІМГЕ ҰҚСАМАЙТЫН
Ол – ешкімге ұқсамайтын езгеше, аса талантты біртума ақын. Оның өзіне ғана тән үні, таңғажайып әуенді жыры бар, бұның қайнар көзі халық поэзиясының тұңғиық тереңінде. М. Горькийдің С. Есенин туралы: «ол… адамнан гөрі табиғат, тек поэзия үшін жаратқан органға ұқсайтын…» деген аталы сөзін М. Жұмабаевқа да арнап айтуға болады. Өзінің қайталанбайтын ерекшелігімен М.Жұмабаев поэзиясы А.Ахматова, Б.Пастернак, А.Блок творчествосын еске салады, ол А.Блокты оқып-үйренген, оған кейде еліктеген де. Тіпті, М.Жұмабаевты суқаны сүймейтін кісілердің өзі оның құдіретті поэтикалық талантын мойындаған: «…Буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар ішіндегі ең кесек тұлға Мағжан Жұмабаев болатын», – деп жазды олар.
Сәйфи ҚҰДАШ.
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Жүрек сөзі. // Солтүстік Қазақстан. – 24 маусым. -№ 71. – 7 б. – 2023 ж.