С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжі – өзіндік тарихи дәстүрлерге бай, игілікті істерге толы, заманауи өзгерістер сынағынан өткен республикадағы көне оқу орындарының бірі. 1920 жылы алғаш рет «Қызыл мұғалімдер» курсы ашылып, 1922 жылы педагогикалық техникум деп өзгертіледі. Оның тұңғыш директоры болып Алаш қайраткерлерінің бірі Жұмағали Тілеулин тағайындалды. 1925 жылы алғашқы 40 түлек қанат қағып, содан бергі аралықта 30 мыңнан астам маман үлкен өмірге жолдама алды. Осылайша ауылдық жерлерді білікті де білімді кадрлармен толықтырудың негізгі орталығына айналды. 1993 жылы оқу орнына біртуар ақын, түркі дүниесінің асыл перзенті, осында ұстаздық қызмет атқарған жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың есімі, ал 1999 жылы гуманитарлық колледж мәртебесі берілді. Араға жиырма жыл салып, 2019 жылы оқу орны жоғары колледжге айналдырылды.
Бүгінде толыққанды білікті кадрлық әлеуетке ие Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж – мемлекет қажеттілігі үшін сұранысқа ие, шығармашылық әлеуеті жоғары, рухани-адагершілік келбеті орнықты маман шығаруды басты мақсат еткен. Осы бағытта заманауи озық технологиялар мен жаңашыл әдістерді терең игерген заманауи жетекші мекемелердің бірі екенін мақтан тұтамыз. Материалдық-техникалық база мен ғылыми-базалық әдістеме жыл сайын нығайтылып, жаңғыртылып отырады. Оқу корпусында 34 оқу кабинеті, акт, конференц, спорт, тренажер-жаттығу залдары, 120 орындық асхана, оқу аудиториялары мен бөлмелер, 2 зертхана, 1 шеберхана, 80 адамға лайықталған кітапхана, медпункт, тарихи мұражай орналасқан. ІТ саласындағы әлемдік компаниялардан жаңа оқу жабдықтары сатып алынды. Ақпараттандыру үдерістерін дамыту және оның озық үлгілерін оқу үрдісіне енгізу бойынша да жетістіктеріміз аз емес. «Жас маман» бағдарламасын іске асыру шеңберінде құзыреттіліктер орталығы құрылған. Оның мақсаты – «Желілік және жүйелік әкімшілендіру», «Вебдизайн», «Графикалық дизайн», «Полиграфия», «САО инженерлік графикасы» бағыттарында заманауи ақпараттық ресурстарды біріктіру, шоғырландыру, мұның өзі мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге жол ашады. ЗD модельдеу зертханасы үш өлшем модельдерін жасауға арналған озық сканерлермен жабдықталған. Робототехника кабинеті ноутбуктер жиынтығымен, электрондық конструкторлармен, жоғары сапа стандарттарымен ерекшеленеді. Колледж басшылығы жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, оқу жоспарларына интеграцияланатын кәсіби модельдерді әзірлеумен, студенттерге халықаралық сертификат алу мүмкіндігін тудыру мақсатында салалық стандарттармен үйлесетін бағдарламаларды енгізумен де айналысады. Осындай заманауи жабдықтармен жұмыс істеу студенттерді ІТ саласында өз білімдерін кеңейтуге, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ынталандырары сөзсіз. Зертханалық-практикалық сабақтарда желілік технологиялар негіздерін меңгеріп шығады. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға игі ықпалын тигізетін жаңашылдықтардан бас тартқан емеспіз.
Президент халыққа арналған Жолдауларында білім беру жүйесі алдына білікті де кәсіби мамандар даярлау міндетін қойды. 2020 жылы колледждің 100 жылдық мерейтойы атап өтілгенде Мемлекет басшысының Құттықтау хаты салтанатты жағдайда табыс етілгені белгілі. Құттықтау хатта «Тарихы мен тағылымы мол оқу орны ұстаздарының өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген еңбегі орасан зор. Колледждің білім ордасы ғана емес, сондай-ақ мәдени және рухани орталық ретінде қалыптасқаны баршаға мәлім. Мұнда ұлт мақтанышына айналған танымал тұлғалар еңбек етіп, алғашқылардың бірі болып әдебиет және өнер саласындағы үйірмелердің ашылуы –соның айқын дәлелі»,-деп жазылған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының шынайы тілегі мен білдірген сенімі ұжымды биік белестерге одан әрі ынталандыра түсті. Біз әркез құрамында Қазақстан білім беру ісінің үздіктері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері, «Жыл ұстаздары», түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары бар педагогтарымыздың іс-тәжірибесіне сүйенеміз. Тәжірибе ретінде орта білімнен кейінгі білім беру, яғни «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Негізгі орта білім беру» мамандықтарында қолданбалы бакалавриат енгізілген. Білім сапасын оңтайландыруға бағдарланған реформалар үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесімен үйлестіріліп отырады. Кәсіптік білім беру бағдарламаларын сапалы іске асыру мақсатында колледж мемлекеттік аттестаттаудан, халықаралық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтіп, «өте жақсы» дегенбағаға ие болды. 2018 жылы білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттік жүргізген ұлттық рейтингке сәйкес (IQАА-БСҚА) 2 -орынды, 2019 жылы 3-орынды иеленді. «Білім берудегі үздіктер» халықаралық энциклопедиясы редакциясының халықаралық сараптамалық кеңесі президиумының ұсынысымен «Үздік білім беру мекемелері» аталымында 1 дәрежелі диплом иегері атанды. Оқытудың модульдік-құзыреттілік технологиясын енгізу тәжірибесі оң нәтижесін беріп отыр. Қолданбалы бакалавриат бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламалар М.Қозыбаев атындағы СҚУ-мен сабақтастық негізінде әзірленеді. Академиялық еркіндікті ескере отырып, «Педагог», «World Skills Kazakhstan» кәсіби стандарттары фин кәсіптік білім беру жүйесі негізінде оқытылады. «МеЬ-дизайнер» біліктілігі, «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтарына дуалды оқыту технологиясы енгізіліп, бірлескен ынтымақтастық туралы үш-жақты шарт жасалған.
Колледж түлектерінің еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болуы, жұмыспен қамтылу көрсеткіші 95 пайызды құрауы көп жайтты аңғартса керек. Оқытушылар мен студенттер кәсіби деңгейінің ғылыми әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатымен жақын және алыс шетелдерде, атап айтқанда Ресей, Польша, Чехияда өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға тұрақты түрде қатысады. Беларусь, Малайзия, Австрия, Венгрия, Словакияда, Кореяда тағылымдамалардан өтті.
Колледждің стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарының бірі – оқу-тәрбие үдерісін ақпараттандыру. 2022 жылдан бастап колледждің оқу үдерісіне «SmartNation» автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Ол қашықтан оқыту нысанын енгізуге, кредиттік оқыту технологиясы бойынша электрондық құжат айналымын жүргізуге айтарлықтай ықпал етті. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы негізінде М.Монтессори кабинеті ашылды.
Студенттеріміз » World Skills Kazakhstan » қозғалысының аймақтық және ұлттық кезеңдерінің жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанып жүр. 2021-2022 оқу жылында ұлттық чемпионатта студент И.Чупчиков «Графикалық дизайн» аталымында 1-орынға ие болды. 2023 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық пәндік олимпиадада 7 студент -1,23 студент-2,14студентЗ орынды жеңіп алды. Мұндай мысалдар көп. Колледждің тәрбие жұмысы түрлі ісшаралармен, клубтық қызметпен, спорттық ойындармен, еріктілер қозғалысымен ұштастырылады.
Алаштың ақиық ақынының 130 жылдық мерейтойы өңірде кең көлемде атап өтілуде. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың бастамасымен биыл облыста Мағжан Жұмабаев жыпы жарияланды, «Мағжан -ұлт мақтанышы» атты арнайы бағдарлама бекітілді. Ақын атын иеленетін колледж патриоттық тағылымдарға толы мерекелік, мәдени шаралардың бел ортасынан табылып, бірқатар игілікті істерге мұрындық болды. Кейбіріне тоқтала кетейін. Орталық кітапханада өткен «Мағжан – поэзия падишасы» атты кездесуге мағжантанушылар, ақынның туыстары қатысып, ұлттық рух, отбасылық тәлім-тәрбие негізгі тақырып арқауына айналды. Ақынның жырлары шабытпен оқылып, «Ұлт рухының кемеңгері» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған «Мағжан оқулары» байқауынан да шет қалған емеспіз. Биыл да әдеттегідей туған жері – Сарытомарда ұйымдастырылып, жас талапкерлер «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім», «Жасынан оқу оқып, өнер қуған» және «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» аталымдары бойынша сынға түсті. Бас бәйгені Аққайың ауданы Смирнов орта мектебінің оқушысы Айдана Мәмбетова қанжығасына байлады. «Алаштың алдаспаны – Мағжан» поэтикалық кешіне, «Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына да белсене қатыстық. Кешенді бағдарлама ақынның туған жерінде түйінделеді.
Бүгінгі таңда, колледждің педагогикалық ұжымы алдыңғы буын дәстүрлерін сабақтастықпен жалғастыруды мақсат етіп отыр. Жастар үшін мамандық таңдау – күрделі және жауапты, жарқын болашақты қалыптастырудың негізі, адамның болашақ тағдырын анықтайтын қадам. Осы ретте іргелі академиялық білім беру, сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтар тізбесін кеңейту, онлайн-білім беру жүйесін дамыту, жаңа білім беру бағдарламаларын іске асыру, білім мен экономиканы дамытудың басым бағыттарын жете ескеру басты мұратымыз болып қала береді.
Ерлік ЖАНДІЛДИН,
Мағжан Жұмабаев атындағы
жоғары колледж директоры.
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Ерлік Жанділдин. Көздерінде от ойнар. / Е. Жанділдин. // Солтүстік Қазақстан. – 24 маусым. -№ 71. – 7 б. – 2023 ж.