С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Қызылжардың құйқалы топырағынан түлеп ұшқан қаламгерлердің қатарында Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімі ерекше ілтипатпен аталады. Біз жазушының ауыл адамдарының өмірін, табиғаты мен тұрмыс-тіршілігін суреттеп жазған маржандай асыл сөздерін оқып, зердемізге түйіп өстік.
Зейнел-Ғаби Иманбаев 1924 жылы Шал ақын ауданындағы Ортақкөл ауылында дүниеге келген. Зеректігінің, өмірге құштарлығының арқасында алдынан кезіккен қиындықтарға мойымай, қазақ әдебиетінің дамуына өзінің үлесін қосты. 1953 жылы республикалық газетжурналдарда өлеңдері, әңгімелері, фельетондары жарық көре бастады. Оның тұңғыш шығармасы – “Қанатты өмір” республикалық “Әдебиет және өнер” қазіргі “Жұлдыз” журналында басылған. Ол кезде бұл журналға екінің бірінің туындысы таспаланбайтын. Іріктеуден өткен сайдың тасындай шығармалар ғана оқырманға ұсынылатын.
Мен оқыған Баян орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен бірнеше мұғалім сабақ берді. Мағел Басыбаев, Нұржан Еламанов, Оразымбет Нұрсейтов, Мағаз Нұртазин сынды ұстаздар Зейнел-Ғаби Иманбаевты пір тұтатын. Ол кісінің жазған дүниелерін оқушыларға мақтана айтып отырушы еді. Қаламгердің Н.Островскийдің “Құрыш қалай шынықты?” кітабын оқып, ауыр науқастан айыққанын үлгі ететін. Біз болсақ ұйып тыңдайтынбыз. Ұстаздарымыздың “Жанын меңдеген дертті жеңген Зейнел-Ғабидей жазушы болыңдар! Кітап оқыңдар, радиодан қазақша әңгімелер тыңдап, білімдеріңді жетілдіріңдер! Қоғамға пайдаларың тиетіндей азамат атаныңдар!”, – деген сөздерін өмірлік мұратқа айналдырдық.
1956 жылы Баян кеңшарының республикаға атағы шыға бастады. Елді мекенде клуб, киноқондырғы, кітапхана, дәрігерлік бөлімше, пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұрды. Сол жылы ауылға облыстық партия комитетінің хатшысы, халық қамқоршысы, ұлтжанды азамат Ілияс Омаров келді. Әлі есімде. Жексенбі сағат 11:30 шамасы болатын. Қара түсті көліктен әдемі киінген, көзілдірік таққан ер адам түсіп, “кеңшар басшылары бар ма?” – деп сұрады. Мұрат Нұрмұханов (есепші) екеуіміз тұрғанбыз. Мұрат “ауылды аралап жүрген болуы керек. Тауып келейін”, – деп бір баланың шайтанарбасына отырып кетті. Ертеңіне ауыл адамдарынан Ілияс Омаровтың кеңшар басшыларын жинап кеңес өткізгенін естідік. Сол кеңесте келер жылы ұйымдастырылатын бүкілқазақстандық жастар фестиваліне баратын хор ұжымының, домбырашылар ансамблінің, бишілер тобының, жеке әншілердің дайындығы сөз болыпты. Жиында ауылды көркейту, әрбір үйдің ауласына ағаш отырғызу, әрбір үйде отбасылық кітапхана болу керектігі ұмыт қалмаған.
Баян ауылының тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін Ілияс Омаров Ортақкөлге бет алады. Ондағы мақсаты жас қаламгер Зейнел-Ғаби Иманбаевқа жолығу болатын. Жазушы Ілекеңе сиясы кеппеген, бір кітапқа арқау болатындай жазған еңбегі барын айтады. Жарыққа шығаруды жоспарлап отыр екен. Ілияс Омаров бұл міндетті өзі мойнына алуға уәде береді. “Біз жастарды мектепте он жыл, университетте бес жыл оқытамыз. Одан кейін олардан жазушы шығар ма екен деп үміттенеміз. Мына Зейнел-Ғаби үкіметке шығынсыз, “арзан” келген жазушы ғой. Зейнел-Ғабидің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасай білуіміз керек. Кеңшар атынан қаражат бөлгізіп, төрт бөлмелі үй салып беруді өз мойындарыңызға аласыздар”, – деп басқарма басшысына тапсырма беріпті. Ауыл адамдарының арасынан ақын-жазушы, көркемөнерпаздар шыққанына риза болған Ілияс Омаров Ортақкөлден қуанышты көңілмен аттанған екен.
Облыстық жастар фестиваліне Баян ауылының жастары қызу дайындалды. Хор, домбыра ансамблінің, жеке әншілермен бірге би топтарының жұмысы бір жолға қойылды. Ғылман Әлжанов ағаның “Садақ би” қойылымы өте сәтті шықты. Сегіз серінің “Мерген” күйінің сүйемелдеуі бойынша орындалған би көрермендерді тәнті қылды. Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша өткізілген қорытынды концертке облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Ілияс Омаровтың көмекшісі Жасұлан Нұрпейісов, аудандық партия комитетінің жауапты адамы Борис Кәрімбаев, сол кездегі “Ленин туы” газетінің штаттан тыс тілшісі, журналист, көптеген мақалалар мен очерктердің авторы Зейнел-Ғаби Иманбаев та қатысты. Республикалық жастар фестиваліне қатысушылар бірінші бөлімде өнер көрсетсе, екінші кезеңде ауылдың белсенді жастарының концерті қойылды. Фестиваль төрағаларының шешімімен республикалық жастар фестиваліне қатысушыларға заттай сыйлықтар табысталды. Сол жиында көптеген сыни пікірлер айтылды. Ең соңында Зейнел-Ғаби ағамыз сөз алып, өз пікірін, ұсынысы мен ауыл жастарының жетістіктерін әңгімесіне тұздық етті. Режиссер Шерияздан Қажымұратов “Жастар фестиваліне біз де барар едік. Бірақ фестиваль шартында пьеса жанрының болмағаны өкінішті-ақ! Дегенмен Зейнел-Ғаби аға, сіз ауыл өмірін гүлдендірген жастар туралы бір жақсы дүние жазсаңыз”, деген өтінішін айтты. Қаламгер көпшіліктің алдында “келешекте бұл тілектеріңді орындаймын”, – деп уәдесін берді. Ағамыз уәдесінде тұрды. Облыстық “Ленин туы” газетінің 1958 жылғы 8-ші шілдедегі санында “Шопанның қызы” пьесасы жарық көрді. Жалпы оқырмандар, ауыл адамдары бұл туындыны ерекше қызығушылықпен іздеп жүріп оқыды. Бұл драмалық шығарманы тұңғыш рет сахнаға ауылдағы көркемөнерпаздар ұйымының ұйытқысы болған талантты суретші Шеряздан Қажымұратұлы алып шықты. Көрермендер риза болды. Шопан қызының жігіті рөлін мен ойнадым. Аудандағы қазақ ауылдарын аралап, “Шопанның қызы” пьесасын сомдау арқылы ауыл еңбеккерлерінің көңілін көтеруші едік.
1957 жылы тамыз айының бір жексенбісінде Баян ауылына Ілияс Омаров екінші рет келді. Ақын Самархан Жұмадиевтің айтысқа, қолөнер шеберлерінің көрмеге дайындығын тексермек болыпты. Ортақкөлдегі Зейнел-Ғабидің үйінің құрылысымен де танысуды көздеген.
Зейнел-Ғаби ағаның алғашқы әңгімелер жинағы “Бастама” деген атпен “Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет” баспасынан 1959 жылы басылып шықты. Бұл кітаптың жарық көруіне Ілияс Омаров көп жәрдемдесті. Қаламгердің әңгімелерін жинап, көркемдік кеңестен өткізген – Асқар Лекеров. Ауылда тұратын жазушының есімін республикаға әйгілі еткен жандарға елді мекен тұрғындары алғыс айтып отыратын. 1960 жылы әйгілі жазушыларымыз Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов сияқты ағалардың қолдауымен Зейнел-Ғаби Иманбаев Кеңес үкіметінің Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Бұл атаққа қаламгер мастанған жоқ. Керісінше жауапкершілікті сезініп, өндірте жазды, 17 кітабы жарық көрді. Одан басқа газеттерге, журналдарға, Үгітші блокнотына, Қазақ күнтізбесіне шыққан мақалалары мен әңгімелері, очерктері қаншама десеңізші? Мұндай деңгейге жазушы өзінің бойындағы еңбекқорлық, кішіпейілділік сияқты қасиеттері арқылы қол жеткізді.
Атақты Шал ақын Құлекеұлы бір еңбегінде:
Жақсы әйел алсаңыз
Жақсылығын білдірер,
Ерін жөнге көндірер,
Анық осы, бозбала,
Жұмақтан шыққан хормен тең.
Алғаның жаман жолықса,
Жамандығын білдірер,
Ер қадірін кетірер,
Оның өзі, бозбала,
Маңдайға біткен сормен тең, – деп жырлапты. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың абыройлы азамат, ардақты қаламгер, өнегелі әке атануына Құдай қосқан қосағы Камеш апамыздың қосқан үлесі зор. 1944 жылы отау құрған олар заманның қиындығына морт сынбады. Апамыз ағамыздың жағдайын жасап, қамқоршысына айналды. Он баланы өмірге әкеліп, қанаттандырды.
Шыны керек, қазіргі қоғамда өз заманының жаршысына айналған тұлғалардың барлығы дерлік кеңінен насихатталуда деп айта алмаймыз. Бұл өткен тарихқа, әдебиеттің өрістеуіне үлес қосқан қаламгерлерге тас атқанмен бірдей. Зейнел-Ғаби ағаның ғұмырынан үлгі алған Баян ауылының жас қаламгерлері: Шұғай Өсіпов, Қасен Ақанбаев, Баймұрат Есмақанов, Таңат Сүгірбаев, Ілияс Тоқымбетов, Жангелді Тәжиндер жаман болмады. “Ленин туы” газетінде қызмет атқарған журналистер Әмір Қожахметов, Мұрат Нұрмұқанов, Әскер Әбілқайыров, Байтұяқ Жәнімбетовтер ойы ұшқыр қаламгерлерге айналды.
Зейнел-Ғаби аға балалар тақырыбын өндірте жазды. “Сары шымшық”, “Барылдауық”, “Майлы аяқ”, “Тракторшы бала”, “Шіл”, “Көжек”, “Қызыл галстук” сынды әңгімелері “Шалқар” радиосынан үздіксіз беріліп тұратын. Оқыған адамды балғын кезеңнің мөлдір, таза әлеміне жетелейтін әңгімелерді жасым сексеннен асса да мен осы күнге дейін айына бір мәрте парақтамасам көңілім көншімейді. Мен Зейнел-Ғаби ағаны бірінші рет 1950 жылы көрдім. Сұм соғыстың зардабын тартқан халықтың әлауқатының көтеріліп келе жатқан кезі. Әкем ауылда дүкенші еді. Келген қонақтарға қызыға қарап тұрдым. Зейнел-Ғаби ағамыз өзіне керекті заттарды сұрап жатыр. Әкемнің “ондай зат біздің дүкенде жоқ” дегені ерсілеу естілсе керек, жазушы: “Жоқ деме, бар деген дұрыс. Бар деп айтпасаң апамды үйге алып кетемін. Кезінде апамның қалың малын мардымсыз төлегенсің”, – деді наздана сөйлеп. Одан бері талай уақыт зымырап өтті.
Бір күні Ишанғали Қасымұлы деген ағамыз “әнші-күйшің бар ма, жүріңдер түгел, Ортақкөлге барып келейік”, – деп қолқалады. Зейнел-Ғаби ағаның үйін бетке алдық. Қаламгер жазу үстелінде ойға шомып отыр екен. Амандықсаулық сұрастық. Үстелде газет-журналдар, кітаптар шашылып жатыр. “Бірнеше мақаланы газеттерге берсем деп отырмын. Алдағы жоспарым да көп. Бошатайдың Құрманғалиы, Ізтөленің Баймағанбеті, атамыз Балта Керей Тұрсынбай батыр жайында деректер іздестірудемін. Қожақұлдың кішкене Құсайынын Алдаркөсе сияқты жазсам ба деймін” – деп ақтарыла әңгімесін айтты. Ас іштік. Шәй алдындағы үзілісте ағамыз “ән-күйге кезек берейік” деп көршісі Қабылқайыр Мұқыжановты нұсқады. Қабылқайыр ағамыз жақсы адам еді. Үкілі Ыбырайдың “Қызыл асығын”, Естайдың “Бір мысқал” әнін орындады. Кезек маған келді. Мен Құрманғазының “Қызыл қайыңын”, “Ақбай” күйін тарттым. “Мына “Қызыл қайыңда” желдің соғуына қарай ағаштың иіліп, ырғалуы, жапырақтың сылдыры қандай жарасымды суреттелген. Би қоюға лайықты әуен екен”, – деді қаламгер. Кезек Ишанғали ағама келгенде жазушы “сен Тәттімбеттің “Саржайлауы” мен “Сылқылдағын” тартшы” – деді. Күй орындалып болғаннан кейін “Саржайлауды” қайта тартқызды. Қаламгер ағамыз риза болып, “неткен құдірет, табиғатты қалай суреттеген”, деп таңқалумен болды. Камеш апамыз Әсеттің “Інжу-Маржаны” мен Ақан серінің “Қараторғайын” айтып, жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді. Ишанғали ағамыз “Зеке, сен де қаражаяу емес едің ғой. Бір қағарың бар еді. Ендігі кезек сенікі”, – деп шорт кесті. Ұсынысқа қарсылық жоғын білетін қаламгер ағамыз қолына домбырасын алып, Абайдың “Айттым сәлем Қаламқасы” мен Біржан салдың “Теміртас” әнін жұмсақ, биязы дауысымен орындап берді.
Қаламгер 1987 жылы 17 қазанда өмірден өтті. Алла тағала жазушыға Пайғамбар жасы – 63 жыл ғұмыр сүруді нәсіп етіпті.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші, облысымыздың
құрметті азаматы.
__________________________________________________________________________________________________________________
Құсайынов Серікбай. Ауыл өмірінің жаршысы. // Солтүстік Қазақстан. – 17 қазан. -№ 121. – Б 4 . – 2023.