Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Ортақкөл әңгімелері» кітабының тусаукесері өтті. Шараға Зейнел-Ғаби Иманбаевтың балалары, туыстары, жерлестері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары қатысты. Кітап Алматыдағы «Асыл кітап»баспасында басылған.
Жазушының туған жері -Шал ақын ауданында жыл басынан бері қаламгерге арналып кітапхана, музей, өзге де мәдениет ордаларында шығармашылық кездесулөр, «дөңгөлек үстелдер», танымдық сағаттар, кітап көрмелері өткізілді. Өңірлік муниципалдық телеарнаның «Тарих және таным» бағдарламасы арқылы деректі фильм түсірілді. Ауданның бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде мақалалар шықты.

- Осы жылдың соңына дейін ауданда үлкен іс-шара өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ аудан орталығының «Даңқ аллеясында» жерлесімізге арналған мемориалдық тақтайша орнатылған. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың рухани бай және сан салалы мұрасын жас ұрпаққа таныту -біздің міндетіміз, – деді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағулов.
«Ортақкөл әңгімелері» кітабының тұсауын Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смагұлов, Қазақстанның құрметті журналист! Өмір Есқали, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағындық Рақымжан, сатирик Қойшыбай Шәниев кесіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Рахат Назымбекұлы тағылымды іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаеваның арқасына шапан жауып, бір құшақ гүл сыйлады. Дәл осындай сый-сияпат облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынанда көрсетілді.
Дәстүрлі әншілер Таңат Бейсенбаев, Амангелді Рамазанов, Біржан Есжан ән шырқап, кештің шырайын кіргізді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин, ардагер журналист Қошан Қали, Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Маржан Таушаровалар қаламгер туралы ойларын білдірсе, жазушының күйеу баласы және қызы Абай мен Марал Оспановтар, ұлы Зейін Иманбаев әкенің қадір-қасиетін тілдеріне тиек етті. - Әкем педагог болмаса да, баланың психологиясын жақсы біліп, қаншама әңгімелер жазды. 20 шақты кітабы жарық көрді. Үш жылдың ішінде 90 әңгімесі радионың әуе толқыны арқылы бүкіл Қазақстанға тарады. Соның өзі әкемнің қандай қаламгер болғанынан хабар береді, – деді жазушының қызы Алтын Иманбаева.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltustik Qazaqstan».
Құскенов С. Қаламгерден қалған қазына // Солтүстік қазақстан.- 2024.-23 шілде.-8 б.