Жер-жаһанды дүр сілкінткен соғыстың жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл. Уақыт алға озған сайын сұрапыл соғыстың үрейлі жылдары да алыстады. Алайда елінің баянды болашағы үшін от пен оқтың ортасында басын бәйгеге тіккен, жанын пида еткен жандар ұмытылмақ емес. Тек майдан даласында қар жастанып, мұз төсенген, тілерсектен қан кешкен аға ұрпақ өкілдері жыл өткен сайын азайып барады. Бүгінде өңірде көзі тірі екі-ақ майдангер қалды.
Василий Васильевич Макиенко: 24.01.1926 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Волошинка ауылында туған. 1943 жылы майданға аттанған. 5-ші атқыштар дивизиясының 142-ші атқыштар полкінде 3-ші Беларусь майданында соғысқан. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Федор Васильевич Щеглов: 9.01.1927 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Новоникольск ауылында туған. Майданға 1944 жылы шақырылған. 371-ші атқыштар дивизиясының 31 -ші атқыштар полкінде курсант, 79-ші артиллериялық бригаданың атқышы, №14065 әскери бөлімінде оқтаушы, танк жүргізушісі-механик болған. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 9 мамыр.- 2 б.