Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Ғабит Мүсіреповтің ғұмырнамасынан сыр шертетін «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясы жарыққа шықты. Сиясы кеппеген жинақты Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-кешенін ұзақ жылдар бойы басқарған Әділғазы Қайырбеков әзірлеген.
Энциклопедияда қазақ әдебиетінің қамбасын небір жауһар дүниелермен толтырған қаламгердің өмір жолы, өскен ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, ой-тұжырымдары, замандастарының лебізі молынан қамтылған. Аталмыш туындының алғы сөзін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова мен Әділғазы Қайырбеков жазған. Кітаптың көлемі — 47 баспа табақ.
«Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясының жарыққа шығуы — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл — ұзақ жылдар бойы әзірленген ғылыми еңбек. Оның бастауында жоба жетекшісі Әділғазы Қайырбеков тұр. Әкеміздің есімін иеленген мәдениет ошағын ұлт зиялылары бас қосатын рухани ордаға айналдырды. Әрине, энциклопедия бір ғана адамнын еңбегімен шықпайды. Осынау игі істің жүзеге асуына жәрдемдескен Г. Құдабаеваға, Н. Алтаеваға, Р.Отаровқа, Ж. Таеваға, А. Көшербаеваға ерекше алғыс айтамын», — деп Ғабеңнің қызы Гаухар Мүсірепова жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қазақ әдебиетінің өркендеу, өрлеу дәуірінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Ғабит Мүсірепов туралы ел естімеген мәліметтер, қағазға түспеген тың деректер енгізілген аталмыш туынды құнды кітаптардың ортасынан ойып тұрып орын алатынына сенеміз.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Solttistik Qazaqstan».
Құскенов С. Ғабеңнің ғұмырнамасы // Солтүстік Қазақстан.-2024.-26 желтоқсан.-12 б.