С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Биыл атақты әнші, композитор, ақын Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толады. Алты Алашты әнімен тербеген дауылпаз тұлға Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген. Бабамыздың ғұмырдариясына терең бойласақ; оның жастайынан білімге, өнерге құштар болғанын, әуелі ауылдан, кейін Қызылжардағы Уәли молдадан білім алғанын білеміз.
Ақан серінің әр шығармасынан өмір жолының қалай өрілгенін байқауға болады. Ол әйгілі әнші Біржан салды ұстаз тұтқан. Айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші-серілердің бәрімен достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақанның ең жақын достары болған. Олар серінің әншілік өнерінің жетілуіне әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен.
Ақжігіт Қорамсаұлы – тірі кезінде аңызға айналған тұлға. Ақанның тұлғасын кемелдендіре түскен – оның қиыншылыққа толы өмірі, қилы тағдыры. Қазақтың небір ардақтыларынікіндей Ақанның да өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. Бәтима, Ұрқия сынды жарларынан көз жазып қалды, Ақтоқтыдай сүйгенінен, өмірінің қызығы, мәні болған Құлагерінен, құмай тазысы Базаралысынан, ұшқыр қырандары Көкжендеті мен Қараторғайынан, ең ақырында атақонысынан айырылуы ардақты тұлғаның нәзік жанына жазылмастай жара салды. Бірақ Ақан осындай қиын тағдырын өнерімен жеңе білді.
Қазақ ән кемеңгерлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл солардай шабыт самғауына көтеріледі. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Музыка зерттеушісі Ілия Жақанов бір еңбегінде: «Ақан серінің әндерінде цикл-цикп болып келетін белгілі бір жүйелілік, заңдылық байқалады. О баста, жастық, бозбалалық дәуренінде шығарған махаббат әндері, алғашқы ынтық ғашық жырлары – қос Бәтимаға жолдаған әндері, мәңгілік махаббат арманы мен сағыныш әлдиіндей Ақтоқты циклы, Сырымбеттегі үш сұлу перизат: Ұрқия, Жамал, Үрімдерге арналған «Сырымбет», «Үш тоты құс», «Жамал», өмірбақи арман-үнінің қанаты болған тұлпарлары туралы «Салқоңыр», «Көкалатай», «Маңмаңгер», «Телқаратай» әндері жаныңды жадыратады», – депті. Иә, әншінің шабытын шырқау биікке шарықтататын қыран құстарын ардақтаған «Көкжендет» пен «Қараторғай» әндері туды. Жастық шалқуы мен жан тазалығы, сұлулық тәңірі һәм өмірге іңкәрлік өрнектелген «Шәмсиқамар», «Райхан гүл», «Нәзік бел», «Балқадиша», «Көк көбелегі», азаматтық өміртану парқын зерделейтін «Майда қоңыр» секілді әндері – ақындық, әншілік құдіретін ашатын дүниелер ғой. «Ақан сері – осы қалпымен, осы сипатымен Сегіз серіден де, Біржан салдан да бөлекше үн қататын өзгеше сырлы әлем, шырқау самғаған ән сұңқары». Бұл – Ілия ағамыздың берген бағасы. Алаштың ардақтысы бүкіл қазақтың ән өнерін даңққа бөлеп әлеуеттендірді, әуездендірді, биіктетті һәм тереңдетті.
Көбіміз Ақан серінің қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келгенінен хабардар болсақ та, оның қилы тағдыры жайлы біле бермейміз. Мұндай мәліметтер мектеп оқулықтарында да жоқтың қасы. Асыл тұлғаның бірінші әйелі Бәтимадан жалғыз тұяқ- Ыбан (Ыбырайым) дүниеге келеді. Ақан серінің өзі оған жазу-сызу үйреткен. Бәтима дүниеден өткен соң, аз күн отасқан әйелі Ұрқия Тінәліқызына Ақан сері «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деген өлеңін арнаған. Ақан серінің тірідей айырылған нақ сүйері – Ақтоқты. Бұл – аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың»- Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары.
Ақан өмірінің де, ынтызар жүрек шерінің де шынайы шындығы оның тар жерде тіліменен бал берген ғашық жардың өзінен шынымен көңіл суытып кеткеніне шамырқанып айтқан: «Сарымида басыңды кесіп алып, Даулассамшы өмірде құныңменен» деген налалы сөздерінде жатыр. Бақыт пен сордың дәмін алма-кезек, толассыз үдемелей татқан Ақан әндерінің арғы пәлсапасында дала даналығы жатқандығы даусыз. Қасіреті қаншалықты қалыңдай түссе де: «Дәуренді мендей сүрген кім бар екен, сонда да қызығыңа бір қанбадым», – деп фәниді бақиға айырбастағысы келмейтін құштар сезімді ақынның «Шырмауық», «Әудем жер» әндерінде өміртүйіндік ой жинақтауы далалық дана ойшыл мінезді, парасат пен имандылық иірімдерін білдірсе керек. Осы тұрғыдан да қазақтың классикалық ән үрдісінде Ақан сері оқшау тұрған дара құбылыс екендігін сонау Мағжаннан бастап Сәкен Сейфуллин, ІлиясЖансүгіров, Ғабит Мүсірепов, АхметЖұбанов сынды жампоздардың бәрі айтып өткен болатын.
Ақан Құлагерін дүниенің бар байлығынан артық көрді. Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған.
Өмір соққысын көрген Ақан сері бір шығармасында «Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң», – дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. «Өнерді бойға біткен іркіп болмас», – деп қарайды.
Мен Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжіне оқуға түскен кезде халық композиторлары әндерінен алғаш рет Ақан серінің «Балқадиша» әнін үйренген болатынмын. Оны маған өңірімізде тұңғыш рет дәстүрлі ән сыныбын ашқан, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұстазым Жанат Айтбаев үйретті. Көп орындаушылар, әнсүйер қауым «Балқадиша» әнін орындау жеңіл деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Әннің барлық талаптарын сақтай отырып шырқау – қиынның-қиыны. Бұл туралы алдыңғы буын ағаларымыздың бірі, атақты әнші Қайрат Байбосыновтың өзі айтушы еді.
Ақан серінің ақындық мұрасын идеялық-тақырыптық жағынан екі топқа бөлуге болады. Алғашқысы, махаббат, аңшылық, саятшылық болса, екіншісі, өзі өмір сүрген заманның ащы шындығын жырлаған шығармалар. Ол қалдырған мұраның бәрі -жүрек отының жалынындай терең толғаныстардан туған туындылар. Оның поэзиясы – адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия. Әрбір сөзі азамат басына төнген қалың қара бұлттың тыныс тарылтар қапырығы ғана емес, нөсер жауын алдындағы жан жадыратар аспанның ақша бұлттары. Мұндай қасиеттер, ең алдымен, ақынның ғашықтық лирикаларына тән. Көрнекті айтыс ақыны болған Ақан сері атақты Орынбай, Нұркей, Нұрқожа сынды ақындармен сөз сайысына түскен деседі.
Атамыздың артында қалған мол мұрасы қазақ халқы үшін үлкен азық деп білемін. Өмірімен байланысты бізге жеткен «Құлагер», «Қараторғай», «Сырымбет», «Мақпал», «Маңмаңгер» тағы басқа көптеген әндері бар. Ерекше туындыларының бірі – «Перуайым». Жалпы Ақан парсы-шағатай, орыс тілдерін жетік меңгерген. Сондықтан көптеген әндерінде осы сынды аралас сөздер қолданылады. «Перуайым» – орыстың «первая» деген сөзі болар. Ақан атамыз алғашқы махаббатын есіне алып, есіл әнге салса керек. Қазақ музыка тарихындағы «алтын ғасырдан» бері қарай Ақан әндері өрісін кеңейтіп, атадан балаға мирас болып, бүгінге дейін айна қатесіз, ең бастысы, бұрмалаусыз орындалып келеді. Жас буынның репертуарынан салсерілердің әндерін кездестіргенде көңіліңнің түкпіріне мақтаныш сезімі ұялайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық филармонияға Ақан сері атамыздың есімі берілді. Біз бұл жағымды жаңалыққа қатты қуандық. Бұл жұмыстың алғы шебінде есімі өңірімізге белгілі дәстүрлі әнші Біржан Есжановтың тұрғанын айтып өткен жөн. Биыл оның ұйымдастыруымен филармонияда Алаш ардақтысының туғанына 180 жыл толуына орай «Арқаның ардагері -Ақан сері» атты концерт өтті. Дәл осындай әуезді кеш жылдың басында Саумалкөлде де ұйымдастырылды. Алдағы күзде республикалық дәстүрлі әншілердің конкурсы өтеді деп жоспарлануда. Осынау мерейлі датаға орай филармония жанынан Ақан серінің ескерткіші ашылса деген тілегіміз бар. Өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерінің бұл ұсынысы қолдау тапса, Алаштың ардагері, қазақтың классикалық музыкасының негізін салушылардың бірі, алтын ғасырдың ән діңгегі, ұлы композитор һәм асқақ әнші Ақан сері Қорамсаұлының аруағы бір аунап түсер еді.
Еркебұлан ҚАРЫПОВ,
дәстүрлі әнші.
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Еркебұлан Қадыров. Алтын ғасырдың ән діңгегі. / Е. Қадыров. // Солтүстік Қазақстан. – 20 маусым. -№ 69. – 4 б. – 2023 ж.