Өмірде әртүрлі адамдар болады ғой. Солардың ішінде адамгершілігімен, ақыл-парасатымен, жібектей жұмсақ мінезімен ерекше есте қалатындары да бар. Міне, сондай жапдардың бірі осыдан екі жарым жылдай уақыт бұрын дүниеден өткеп Уәп Латанов ағамыз еді.
Meн Уәкеңді ең алғаш 1950 жылдардың басында сол кездегі Октябрь ауданының орталығы – Марьевка орта мектебінде оқып жүргенімде көрдім. Ол кезде шамасы 26-27 жастардағы Уәкең аудандық байланыс мекемесін басқаратын. Біз, мектеп оқушылары, оның аққуба, дөңгелек жүзді көркіне қызыға қарайтынбыз. Кездескенде сәлем беріп жүретінбіз, ал сөйлесуге батылымыз бармайтын. Ол сәлемімізді алып, біздің сабақ үлгерімімізді сұрап, жақсы оқитынымызға ризашылығын білдіретін.

Университетті бітіріп, Хрущев атындағы совхоздың орта мектебінде, кейін Городецкое селосының орта мектебінде қызметте жүргенде Уәкеңмен жиі кездесіп жүрдік. Мен Қызылжар қаласына қызметке ауысқанда да байланысымыз үзілген жоқ. Кездескен сайын сәлем бергенде жылы амандасып, жағдайды сұрап, шынайы көңілін білдіріп жататын. Өз басым ол кісімен қаншама жылдар бойы кездесіп, әңгімелесе жүріп, оның біреуге дауыс көтергенін көрмеппін Қашанда салмақты қалпын сақтап, аса бір байыппен сөйлейтін. Айтқан әңгімелері адамды қызықтырып, тыңдағың келе беретін.
Уәп 1925 жылдың 28 қаңтарында қазіргі Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылында Латып Дәулетбайұлының отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Латып сол кездегі сауатты адамдардың бірі екен. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында бірнеше үйдің басын біріктіріп, шағын кооператив құрады. Кейін Қаратал ауылында колхоз құрылғанда ауылдастары оны соның басқармасы етіп сайлайды, 1930-1932 жылдары көрші ауылдардың тұрғындары аштықтан өліп немесе басқа жаққа көші кетіп жатқанда Латыптың іскер басшылығының арқасында қараталдықтар егін егіп, мал өсіріп, аштықтың зардабын көрмепті. Әттең, өзі ұзақ аурудың салдарынан 1935 жылы дүние салыпты.
Ол кезде Уәп әлі он жеті жаста ғана екен. Әкеден жетім қалған жас бала тұрмыстың қиыншылығына қарамай оқуын үзбейді. Қайта орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнында білімін жалғастыруды армандайды. Алайда, 1941 жылы басталған алапат соғыстың кесірінен ол Ленин орта мектебінің 9-шы сыныбын бітіргеннен кейін туған ауылына келіп, есепшілік жұмысқа орналасады. Соғыстың екінші жылы аудандық оқу бөлімі оны мұғалімсіз қалған Алқағаш бастауыш мектебіне жібереді. Сөйтіп 9-шы сыныпты бітірген жас бозбала сол мектептің жұмысын басқарып әрі жас бүлдіршіндерге сабақ беріп, оның жұмысын дұрыс жолға қояды.
Келесі жылы 18 жасқа толған ауыл мұғалімі әскер қатарына шақырылып, Самарқант қаласында дайындықтан өтеді. Содан кейін Украинаны азат етуге қатысады. Днепр өзені үстіндегі кескілескен шайқаста ерлік көрсетеді. Корсунь-Шевченко ұрысында ауыр жараланып, алты ай госпитальда жатып емделеді. Одан кейін Пугачев қаласында жасақталған атты әскерлер артиллериясы полкінің құрамында шығыс Пруссияға дейін барады. 1945 жылдың ақпан айында Уәп Горький қаласына радистер дайындайтын курсқа оқуға жіберіледі. Жеңіс туралы қуанышты хабарды сонда естиді.
Сол жылы күзде елге оралған Уәп аудандық статистика басқармасына жұмысқа орналасады. Көп ұзамай Октябрь аудандық атқару комитеті оның әскер қатарында алған радистік мамандығын ескеріп, аудандық байланыс мекемесіне қызметке жібереді. Онда ол қатардағы байланысшыдан сол мекеменің бастығына дейін көтеріледі. Өзі қызмет атқарған он жыл ішінде аталған ауданның елді мекендеріндегі байланыс бөлімшелерінің жұмысын жақсартады. Уәкең аудандық мәдениет бөлімін басқарған кезде де осы саланың жұмысын көтеруге көп еңбек сіңіреді. Қай жерде болмасын іскерлік, ұйымдастырушылық таныта білген Уәп Латыпұлы одан әрі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына жоғарылатылады. Осы қызметті табан ауыстырмай 14 жыл атқарған Уәкең аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге қол ұшын беріп, көпшіліктің шынайы алғысына бөленеді. Бұдан кейін ол тоғыз жылдай Сергеевка су қоймасы басқармасын басқарады. Осы қызметтен зейнеткерлік демалысқа шығады.
Бір сөзбен айтқанда, Уәкең қандай қызметте болмасын өзінің еңбексүйгіштігімен, адалдығымен, кішіпейілділігімен, халыққа етене жақындығымен зор құрметке бөленді. Соғыста алған ордендері мен медальдарына қоса, елеулі еңбегі үшін екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сергеевка қаласының құрметті азаматы атағына ие болды.
Уәкең зейнеткерлікке шыққасын да қол қусырып қарап қалған жоқ. Аудан, қала өмірінің тұрмыс-тіршілігіне белсене араласты. Көп жылдар бойы аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі болды. Өзінің сүйікті жары Күлпәшпен 56 жыл бірге тату-тәтті өмір сүрді. Екеуі екі ұл бес қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де ер жетіп, жоғары білім алды, үйлі-баранды болды, әр салада қызмет атқаруда. Олардан көрген немерелері, жиендері бар.
Уәкең қызметте жүргенде де, зейнеткер жасында да ел қамын ойлап, әрдайым толғанып, проблемалық мәселелер көтеріп отырды. Солардың бірқатарын баспасөз басылымдарында жариялап тұрды. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 2002 жылғы 13 қыркүйектегі санында жарияланған «Білім беру жолындағы кейбір келеңсіздіктер» атты мақаласында Уәкең елімізде білім беру сапасы төмен жекеменшік университеттердің қаптап кеткеніне қынжылады. Оларды бітіріп, диплом алып шыққан жастардың көпшілігінің жұмыссыз жүргенін айта келіп, одан да болашақ жастарға білім беретін мектеп мұғалімдерін көбірек дайындау қажеттілігін ескертеді. «Солтүстік Қазақстанның» 1995 жылғы 25 қаңтарында жарияланған «Ел тағдыры, ер тағдыры» атты мақаласында ол жастардың бұрынғылар айтқандай жеті атасын білуінің қажеттілігі, әр ауылдың тарихын жазып, келешек ұрпаққа танымдық маңызы бар материал дайындап беру туралы пікірін білдіреді. Уәкең жас ұрпақтың өз ата-тегін білуі үшін бұған дейін атадан балаға ауызша таралып келген шежіресін жазып, сақтау қажеттігін айта отыра, өз бабаларының шежіресін сонау Дәуіттің 12 баласынан бастап бүгінге дейін тізіп, аудандық «Парыз» газетінің 2002 жылғы 27 қыркүйегіндегі санында жариялады. Бұл аса құнды дерек – осы күнгі жастарға таптырмайтын құжат.
Уәкең өзінің жетінші атасы Құлеке батырдың жатқан жерін анықтау үшін де біраз тер төкті. Ол Әзірет сұлтан (Қожа Ахмет Иассауи) мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қызметкерлеріне бірнеше рет хат жазып, ақырында 1999 жылдың 3 маусымында сол кесенеде өтетін бабалар сүйегін мемлекеттік деңгейде жерлеу рәсіміне шақырған жеделхат алады. Өкініштісі, ол хабар кеш келгендіктен бара алмады. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің сол 1999 жылғы 11 маусымындағы санында Иассауи кесенесінде сақталған 82 құлпытастың тізімі беріліп, онда 61-ші болып «Арғын Құлеке батыр Тәңірбердіұлы» деп берілген бабасының есімін көріп, Уәкең зор қуанышқа бөленеді. Оны жұртқа жеткізу үшін ол «Солтүстік Қазақстанның» шілде айындағы №53 санында «Бабамыздың рухы жаңғырды» деген мақаласын жариялады. Онда Уәкең Құлеке өз заманында жоңғарларға қарсы соғыста аты шығып, Абылай ханның белді батырларының бірі болғаны, патшалык, Ресей мен қазақ елі арасында елшілік қызмет атқарғаны, хан-сұлтандармен бірге антқа қол қойғаны туралы жазды.
Уәп Латыпұлы аталарының бірі – Шал ақын Құлекеұлы туралы да материалдар жинап, мақалалар жазды. Оның сол еңбегі ескеріліп, еліміздің көрнекті ғалымдары бас қосқан «Шал ақын Құлекеұлы және ақындық өнер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысуға Алматыға шақырылды. 1998 жылғы 25 қарашада өткен осы конференцияда Уәп Латыпұлы «Шал ақын өлеңдерінің ел арасында таралуы» деген тақырыпта сөз сөйледі. Кейін Алматының «Дайк-пресс» баспасынан шыққан «Шал ақын Құлекеұлы» (Шығармалары. Зерттеулер) атты кітапта басқа ғалымдар мен жазушылардың мақалаларымен қатар Уәкеңнің сөзі де басылды.
Сол кітаптың соңында халық жазушысы Әбділда Тәжібаев бастаған зиялы қауым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевқа, Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметовке жолдаған Шал ақын Құлекеұлының 250 жылдық мерейтойының құрметіне оның туған жеріндегі Сергеев ауданын Шал ақын деп атауға көмектесуін өтінген ашық хаты келтірілген. Құдайға шүкір, бұл өтініш 1993 жылы орындалды. Бұл шешім Елбасының арнайы Жарлығымен бекітіліп, ақынның туған ауданы «Шал ақын ауданы» деп аталды. Осы тарихи маңызды жұмыста Уәп Латыпұлының еңбегі зор екені бүгінде көпке мәлім.
Кейін Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы «Асыл мұра» орталығы Шал ақын өлеңдерінің толық жинағын шығарды. Сергеевка қаласында аудан әкімдігінің алдындағы алаңға Шал ақынның ескерткіші қойылып, салтанатты түрде ашылды. Осының бәрі Уәкең бастаған үлкен ізденістің жалғасы деуге толық негіз бар.
Жалпы алғанда, Уәкеңнің өмірі мен қызметі, адамгершілік қасиеттері жастарға үлгі, өнеге дер едім. Осының бәрі олардың бойына адамгершілік, еңбек-сүйгіштік, еліне, жеріне, халқына деген патриоттық сезім ұялатуға зор әсер етері сөзсіз, әрине!
Мұқанов Қ. Асылдың сынығы еді // Солтүстік Қазақстан.-2009.- 16 қыркүйек.- 5 б.