С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Аға буын өкілі даналықтың алтын кілті іспеттес. Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп жүргендердің бірі – Ақжар ауданының құрметті азаматы Ғазиз Сәдуов. Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етіп, аудан тұрғындарының құрметіне бөленіп жүрген ақсақалдың өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз.
Ол 1938 жылы қазан айының екінші жұлдызында Ақжар ауданындағы Кеңащы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Мындаған адамның жанын сыздатқан Екінші дүниежүзілік соғыс бес жасар Ғазиздің де жүрегін жаралайды. Кейіпкеріміз ағаларының соғысқа аттанып, әр отбасында жанарларын мұң торлаған сәби балалардың қалғандығын, тұрмыс-тіршіліктің қиын зардаптарын, бұғанасы бекімеген жас балалардың еңбек майданына ерте араласқанын тебірене еске алды. Қырманнан әкелінген бір уыс тарымен бір отбасындағы жандардың жүрек жалғаған кездері бес жастағы баланың санасында әбден жатталып қалған. Содан да болар Ғазиз Сәдуұлы қолда бар дүниесіне шүкірлік етуді әдетке айналдырған. «Жоқшылықты да, қиындықты да көрдік. Алла тағала біздің елімізге Тәуелсіздікті нәсіп етті. Бейбітшіліктен асқан байлық жок. Жас ұрпақ осыны ұғуы тиіс», -дейді көпті көрген ақсақал.
Соғыс аяқталған соң халықтың тұрмысы бірден жақсарып кеткен жоқ. Күйреген шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру үшін біраз жылдар керек еді. Бозбала өз қалауымен түскен педагогикалық институттағы оқуын тастап, ата-анасына қамқор болу үшін ауылға оралады. Осы тұста болашақ жары – Бағдатты кезіктіріп, екеуі шаңырақ көтереді. Бүгінгі таңда ерлі-зайыптылар ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере мен шөбере қызығына бөленіп отыр.
Қазақ қоғамының қай кезеңін алып қарамайық, қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Солардың жолын қуған Ғазиз ақсақал тек өзінің ұл-қызын тәрбиелеп қана қоймай, жастардың тәліміне де зор көңіл бөліп келеді. Елімізде жекешелендіру ісі белең алғанда қаңырап қалған дүкендерді сатып алып, оларды имандылық ордасына айналдырған. Сол ғибадат орындарына талай адам бас сұғып, діни сауат ашты. Ауылдағы екі жас баланы Астана медресесіне діни сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқуға жібереді. Көп жылдар бойы мешітте шәкірттер өз білімдерін шындаған. Қазіргі уақытта да мешіт ауылдың игілігіне айналып отыр. Оған бас сұққан тұрғындар Ғазиз ақсақалға алғыстарын жаудырмай кетпейді. Зейнетке шыққан соң кейіпкеріміз қажылық парызын өтеп келді.
Еңбегімен де, ақыл-парасатымен де өз мамандығының қырсырын қапысыз меңгергені үшін ақсақал Тұрар Рысқұлов атындағы қордың «Ауыл еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ауданымызда атқарылатын ауқымды шаралардың басы-қасында жүріп, жастарға насихатын жеткізіп, rayhap тасқа бергісіз ақыл-өсиеттерімен өскелең ұрпақтың өсіп-өркендеуінде зор үлесін тигізіп отырған Ғазиз Сәдуұлы 2018 жылы «Ақжар ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Көпшілікке ақылын айтып, жұртқа үлгі болып жүрген Ғазиз ақсақалдай дана қарттарымыз барда халқымыз өткеннің жолынан сабақ алып, ертеңгі күні жаңаша қырынан танылып, жарқырап жүре бермек.
Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ.
Ақжарауданы.
____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Алмагүл Манапқызы. Ауданға қадірлі ақсақал. / А. Манапқызы. // Солтүстік Қазақстан.- 13 қазан.- № 119.- 4 бет.-2022.