XX ғасырдың ұлы дүбірлі шағында Алаш туы астында бас қосқан ардақты тұлғалар ұлт тағдырына бейжай қарамай, бар болмысын азаттық жолындағы күреске арнады. Азат ойдың алдаспанына айналғандардың бірі -жүрегі қазақ деп соққан, өмірін ұлтына арнаған Біләл Малдыбайұлы болатын. Ол – «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп, мәңгілік мұрат жолында алаңсыз алға басқан рух иесі.
Біләл — атына заты сай, ел жадында өшпестей із қалдырған ғұлама. Оның бойындағы білім мен жігер, ұлттық рух пен қайрат ұлттың ар-намысын жоқтауға бағытталған. Алаштың асыл арманына айналған еркіндік пен тендік жолында ол бір сәт те аянып қалмады. Ағартушы ретінде қараңғылық түнегіне шырақ жақты, мектеп салдырды. Аудармашы ретінде әлем әдебиетінің інжу-маржанын қазақтың кәдесіне жаратты. Публицист ретінде сөздің қуатын қару етіп, ел санасын сілкіндірді. Ал фельдшерлік қызметімен елдің денсаулығын, халқының амандығын күзетті. Қай істе болмасын ұлттық рухы басым тұратын азамат заманында осылайша есімі елге кең тараған ағартушы, аудармашы, әдебиетші, дәрігер болған.

Біләл Малдыбайұлы 1890 жылы бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданына қарасты Қаратал атты қоңыржай ауылда өмірге келді. Атақты Құсайын Темірбековтің шәкірті болған. Жұмағали Тілеуліұлы екеуі Кұсайын ашқан орыс-қазақ мектебін үздік бағамен тамамдаған.
Біләл Малдыбайұлының ұлттық қызметке араласуы тікелей Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбайұлы және Мұстафа Шокай сынды алыптардың ықпалымен бастау алғаны – тарихи шындық. Ақпан төңкерісінен кейін ұлт тағдыры таразыға түскен тарихи сәттерде ұлт көшбасшылары ел ішіндегі оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды мемлекеттік кұрылымдарға тартуға кіріседі. Академик Кеңес Нұрпейісов өз еңбегінде бұл туралы: «…Олар басқару жүйесіндегі кадр мәселесін шешуге, яғни жаңа билікке лайықты қазақ азаматтарын ұсынуға бар күш-жігерін салды. Нәтижесінде уақытша үкіметтің жергілікті органдарында Ахмет Бірімжанов, Ғалиасқар Қуанышев, Балға Құрметов, Біләл Малдыбаев сынды тұлғалар маңызды қызметтерге тартылды», — деп атап көрсетеді.
Біләл Малдыбайұлы саяси күрес пен ағартушылык саланың алғы шебінде жүріп, Көкшетаудағы халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесін басқарып, ел ертеңі – жастардың білім алуы жолында талмай еңбек етті. Еңбек жолында уездік қазақ-татар мектептерінің нұсқаушысы болды. 1924 жылдан бастап Айыртау ауданының халық ағарту бөлімінде инспектор, артынан сол бөлімнің басшысы болып, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады.
1929 жылы күзде Қазақстан Халық ағарту комиссариатының арнайы шақыртуымен еліміздің сол кездегі астанасы — Қызылордаға келіп, мектеп ісін басқару міндетін мойнына алады. Бұл — білім майданының белортасына еркін енген Біләл үшін үлкен жауапкершілік пен сенім еді. Сол жылдары Ақмола губерниялық кеңестер съезіне, Қызылжар мен Алматы қалаларында өткен білім беру ісіне қатысты алқалы жиындарға қатысып, елдің оқу-ағарту саласын жетілдіруге өзіндік үлес қосады. Сонымен қатар облыстық, республикалық баспасөз беттерінде білім мен тәрбие тақырыбында өткір ойларын ортаға салып, ағартушылық жолындағы күресін тоқтатпаған.
Көкшетау қалалық кеңесінің мүшесі болып сайланған Біләлдің бастамасымен қалада балалар үйі мен Луначарский атындағы қазақ-татар клубы ашылып, жас ұрпақтың рухани дамуына жағдай жасалды.
Ұлтқа қызмет ету — тек саяси мінберде сөйлеп, ұран тастау емес, нақты іспен көріну. Бұл ұстаным Біләл Малдыбайұлының бар болмысына айналды. Қызылжар қаласындағы «Талап» қазақ ұлттық комитетінің мүшесі, кейін төрағасы ретінде өңірдегі қоғамдық-саяси өмірдің қайнаған ортасында жүрді. Ол ел болашағына алаңдаған арда азаматтар: Әлихан Бөкейхан, Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабай, Қошке Кемеңгер, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Смағұл Сәдуақасовтармен үзеңгілес болды.
Өлкетанушы Ерсін Ерғалиевтің дерегі бойынша, Біләл мен Мағжан Жұмабай Степняк қаласында соңғы рет кездескен көрінеді. Бұл сәт — қасіретті тағдырдың ащы дауысы. Мағжан тұтқындалғаннан кейін, артынан Біләлдің де үстінен жалған айып тағылып, 1937 жылдың зұлматы оны да жалмады. «Халық жауы» деген қара таңба басылып, азаптың темір тырнағына ілікті.
Біләл Малдыбайұлы – тек ағартушы ғана емес, халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға атсалысқан дәрігер әрі аудармашы. Ол аса қажетті, ғылыми тұрғыдан терең мазмұнды еңбектерді халқымызға түсінікті тілде жеткізуді парыз санады. Мәскеуде жарық көрген доктор С.Е.Незлиннің «Құрт ауруы» (1927), доктор Горбовтың «Денсаулық негізі — тазалық» (1926), доктор Шанстың «Безгек» (1927), доктор Б.Проннердің «Жегі ауырулар» (1927) сынды еңбектерін ана тілімізге аударып, оқырманға жолдады.
Біләлдің аудармалары — тек қана сөзбе-сөз көшіру емес, ол әрбір терминді, әрбір күрделі медициналық ұғымды қарапайым, жеңіл әрі ұғынықты тілмен жеткізіп, халыққа қажетті мағлұматтарды өмірмен ұштастырды. Әрбір бетінде мысалдар мен нақты жағдайлар келтіріліп, оқырманға ой салып, денсаулықты сақтаудың маңызын терең ұғынуға септігін тигізді. Сол себепті де оның аударған кітаптары бір емес, бірнеше рет басылып, мындаған көшірме халық арасында кең тарады.
Ардақты тұлға Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» атты романын Олег Фрелихпен бірігіп орыс тіліне аударған. 1935 жылы Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасынан «Сын бая» деген атпен жарық көрген.
Біләл Малдыбайұлы — қазақ журналистикасының алтын қорына өзіндік ерекше ізін салған қайраткер. Біләлдің жазбалары «Айқап», «Сарыарқа», «Жаңа әдебиет» сынды басылымдарда жарық көріп, қазақ зиялыларының рухани өркендеуіне тың серпін берген. Оның туындылары оқырманның санасын оятып, елдің келешегіне деген үміт отын жаға білді. Ең ерекше, елеулі еңбектерінің бірі – 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының №9 санында жарияланған «Кенесары хан» атты мақаласы.
Біләлдің қаламы — елінің арманы мен үмітін ту еткен, тарих пен бүгінді сабақтастыра түскен жарқын шамшырақ болды. Оның журналистік еңбектері қазақ баспасөзінің алтын парақтары қатарынан орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа рухани азық болып қала береді.
Біләл Малдыбайұлы – қазақтың ұлттық рухы мен әділеттің айнасы, әрбір жүректің терең түкпірінде тұратын тұнық тұлға еді. Ол қазақ пен өзге ұлттың тендігі мен бірлігін жан-тәнімен аңсаған азамат болатын. Бірақ сол асқар таудың биігіндей тұлғаның тағдыры 1937 жылы қанды құпиялар орнатқан қараңғы түнде бір оқпен үзіледі. 5 мамыр күні тұтқындалған кінәсіз ерге жазықсыз жала жабылып, тырнағына да татымайтын жалаға ілініп, саналы ғұмырын әлі атар таңға жетпей тұрып аяқтады.
Жылдар жылжып, 1958 жылдың 27 желтоқсанында әділеттің ақ желкені өркен жая бастағанда ғана, оның тұңғиық бейнесі ақталып, халық алдында акиқаттың шырағданы болып жанды. Десе де тағдырдың тұтқынына түскен дара тұлғаның есімі мен еңбегі ел есінде жарқырап көрінбеуде, қара үңгірдегі жасырын гүлдей еленбей қалғандай.
Міне, осындай ұлы перзентті тек тарихшылар, әдебиетшілер мен өлкетанушылар ғана емес, әрбір қазақтың баласы білуі қажет. Өйткені Біләл – халқымыздың жүрегінде мәңгілік жалын тұратын рухани шамшырақ, халықтың ең асыл мақтанышы, ұлттық рухтың асқар шыңы. Ол ешқашан «халық жауы» болған емес, керісінше – қазақ елінің ұлы мәртебесі мен асыл мұрасы, ата-баба арманының жаңғырығы еді.
Ерден Нұрахмет. Азат ойдың алдаспаны // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 25 шілде.- 8 б.