С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Өнердің алтын сандығы іспеттес қазақтың кино өнері өз жеңісін Қазан төңкерісінен кейін бастады. Алғаш рет 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген «Амангелді» фильмі көгілдір экранға жол тартты. Осылайша қазақ киносының керегесі кеңейе түсті. Солардың бірегейі, біртуар азамат, актер, сценарийші, кинорежиссер Аяған Шәжімбаевтың төл туындысы – »Жансебіл» көркем фильмі.
Биылғы жылы өңіріміз қазақ кино өнерінің аспанында аққан жұлдыздай жарқ етіп, отызында орда бұзып, қамал алар қырық екі жасқа қадам басқан сәтте қыршынынан қиылған белгілі кинорежиссер, ардақты жерлесіміз Аяған Қуандықұлы Шәжімбаевтың 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Есімі ел ішінде режиссер атымен танылған жерлесіміз өмірінің соңғы сәттерін де түсірілім алаңында өткізген. Мәдениет саласының майталманы өнер жолының ауырлығына қарамастан көп еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүрді, нәтижесіне дербес туындыларын халық назарына ұсынып, кейінгі ұрпақтың санасын ғана емес, жүрегін жаулайтын асыл мұра қалдырды.
Аяған Шәжімбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 2005 жылы наурыз айының З-ші жұлдызында Қазақстан Үкіметінің №200 қаулысымен Есіл ауданының орталығы Явленка ауылындағы қарашаңырағымыз №3 қазақ орта мектебіне режиссердің есімі берілді. Аталмыш білім ордасының оқушылары мен ұстаздар қауымы дара тұлғаның есімін мақтан тұтады. Мектебіміздің төрінен арнайы орын алған мұражай режиссердің ескірмеген естеліктері мен еңбек жолын еріксіз еске түсіреді.
Арқаның ақ қайындары тербелген алқабында аунап өскен ағамыздың арман-мақсаты көп еді. Аяған Қуандықұлы – нағыз ұлт жанашыры, нар тұлға, өнер саласына ғана емес, қоғамдық мәселелерге білек сыбана араласып, ұлттық құндылықтарымыздың маңыздылығын дәріптеп, тарихымыздың тыныс-тіршілігін зерделеген сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Оның басты арманы мен мақсаты келешектегі кемеңгер ұрпаққа тарих беттерінің тылсым күшін көрсету болатын.
Өз тарихын, өткен-кеткен өмірін, тегін, ата-бабаның көзіндей болған жердің қандай зұлматпен келгенін білу – әр қазақ баласының парызы. Сондықтан тарих пен кино тамырласып, астасып жатуы тиіс. «Кино – ең жария өнер түрі. Оны бір сәтте мындаған, миллиондаған адам көре алады. Кітапты біреу оқыр, біреу оқымас. Театрға біреу барар, біреу бармас. Сәулет шығармасы жұртқа жария боп жүзеге асар немесе шеберханадан шықпай шаңға көмілер… Сурет өнерінің еншісіне де күнде көрме төрі тие бермес, тигеннің өзінде көрме залының табалдырығын қанша жан аттай қояр екен?.. Қалай десек те, кино өнерінің осындай өзіндік артықшылығы, ерекшелігі бар. Ол – басы ашық нәрсе. Бұған бұл өнер түрінің шежірелік мәнін қосыңыз. Бейнетаспаға түсірілген замана келбеті бір ғасырдан астам уақыт сақталады. Осыларға қоса кино өнерінің елдікті, ұлт танытудағы шапшаңдық, уақыт ұтқырлық маңызын естен шығармайық…» – деп баға береді. Міне, осыдан-ақ кино өнерінің мәдениет саласындағы ең биік шыңы екеніне көз жеткізуге болады.
Ерке Есілдің толқынында тербелген Аяған Қуандықұлы – тума талант, қазақ киносының шынайы жанашыры. Түсінген адамға өнер жолы -әсте жеңіл емес, керісінше, маңдай тер мен шығармашылық ізденісті қатан талап ететін шытырман оқиғаларға толы ауыр жол. Осы жолда тек кино түсіріп қана қоймай, қазақ фильмінің алдағы уақыттағы даму жолын да тілге тиек етеді. Солардың ең маңыздысы – таза кино өнерінің сан-саласымен тікелей айналысатын мемлекеттік ұйым – Қазақстан Республикасы Ұлттық кинокомпаниясын құру. Бұл дегеніміз-қазақ киносының өрісі қазақ тілінде қанат қағып, сапалы дүниелер арқылы өркениетке бет бұру. Бүгінгі күні ағамыздың осы бір асқақ арманы орындалып, қазақ киносы қанатын кеңге жайып, әлемдік деңгейге көтеріліп келеді.
XXI ғасыр – ғаламды ақпараттық технологиялар жаулаған кезең, сондықтан адамдар көгілдір қораптың төрінен орын бермей, төрткүл дүниенің тамаша туындыларын көретіні рас. Қазақ халқының өткен өмірі, ата-бабаларымыздың сара жолы, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттің түп тамыры тарих екені сөзсіз, ал оны көгілдір экран арқылы дәріптеу саналы ұрпақтың санын көбейтуге септігін тигізеді.
Аққу ҚОЙШЫБАЕВА, «Кинорежиссер Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
___________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/Аққу Қойшыбаева. Есімі ұмытылмайды. / А. Қойшыбаева. // Солтүстік Қазақстан.-24 қараша.-№ 137.- Б 5 2022.