«Ұлтшыл» деп халқына құбыжық етілген Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы 60 жылдан аса ұрпақ назарынан тасаланды. Шығармалары ақталған 1988 жылдан бергі аралықта да оның поэзиясына деген қорқыныш бірден сейіліп кеткен жоқ. Аты аталса аттары үркетіндер арамызда әлі де бар екенін жасыруға болмайды. Содан болар әртүрлі себептермен басылымға кетіп бара жатқан мақалалар мен кітаптарды кідірту сирек болса да сезіліп қалғанда, Мағжанның елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі, халқына деген шексіз махаббаты, ұлтжандылығы соншалықты қатерлі болған ба деген ойға жетелейді. Ақынның «ұлтшыл» атанып, қуғынға түсуіне себепкер болған не деген сұрақтың төңірегінде ойландырып, ұзақ жылдар бойы өзіне жауап іздетті. Нәтижесінде ол социалистік реализм дәстүрімен тікелей байланысты болғандығын дәлелдеді. Енді социалистік құрылымның соңғы сағатына дейін партияға адал қызмет еткен осы дәстүрдің бастапқыда қалай пайда болғандығына тоқталайын.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін мемлекеттік билікке келген коммунистік партияға тек өз саясатын насихаттайтын, талаптарына бағынып, қаулы-қарарларын жүзеге асыратын өз баспасөзі мен әдебиеті керек болды. Сондықтан «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген Лениннің мақаласын басшылыққа ала отырып, кеңес үкіметін нығайтып, бір орталыққа бағындыратын қуатты баспасөздің керегі жайлы, ұсыныс-пікірлер газеттерде жариялана бастады. Оның ұстанған платформасы қандай болуы керек деген сұрақтың төнірегінде тартыстар өрбіді. Сондықтан да әртүрлі әдеби бағыттарда қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың басын біріктіріп, партия ісіне тарту қолға алынды. Оған орыс әдебиетінің ірі өкілдерімен катар жас ақын жазушылар да араласып, ұсыныстарын білдіре бастады. Бұл қозғалыс 1918 жылдан жаңа бетбұрыс алып, 1920 жылдың екінші жартысында социалистік реализм дәстүрін дайындау қарқын алды. Ол үшін алдымен автономиялық республикаларда жұмысшы шаруа әдеби орталығын құру қажет болды. Сөйтіп, алда құрылар социалистік реализм дәстүрі арқылы кеңестік кеңістікті құраған халықтардың әдебиеті мен өнерін, мәдениетін бір жұдырыққа астына жұмылдыру ойластырылады. Оны іске асыруда шет аймақтардағы ұлттар әдебиетін социалистік бағытқа бұрып, жаңа әдебиеттің жас кадрларын тәрбиелеу жеделдейді.
Социалистік реализм дәстүрі әдебиет пен өнердің барлық салаларының тақырыптары мен идеялық мазмұнын қамтып қана қоймай, советтік салт-дәстүр мен киім кию үлгілерін және өздерін ұстау мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын да бір арнаға бұруға кіріседі. Мәдениет пен өнер иелерінің айтар ойы мен қояр талаптарын біріктіру де кажет болады. Сондай-ақ халықтар мәдениетін бір арнаға тоғыстырып, ұлттарды бір-бірімен рухани байланыстыру да қолға алынады. Малшылар мен жалшылардың ойын зиялылардың ой санасымен бірдей етіп тәрбиелеу, қалың бұқараны бір идеяның төңірегіне топтастырып, ойын бақылап ұстауда керек болады. Бағдарламаның осы жобасымен танысқан Мағжан Жұмабаев бұл әдебиет пен өнер өкілдерін ой еркіндігінен айырып, партия не бұйырса соны ғана орындайтын, өз ой-пікірін ашып айтып, жаза алмайтын «сана құлдығына» ұрындырып, коммунистік партияның тапсырмасымен ғана жұмыс істейтін, әкімшілік, әміршілдік жүйе орнап, әдебиетке қатал террор жүргізетін қуатты қаруға айналады деп дәл болжайды. Сондықтан оны біле отырып пікір білдірмей үнсіз қалуды жөн көрмейді. Міне, осы дүрбелең тұсында қазақ баспасөзі қандай бағыт ұстануы керек деген өзекті мәселелер де туындайды. Осыған орай қазақ автономиялық орталық комитеті 1922 жылы қазақ тілінде шығарылатын шығармаларды көбейту туралы қаулы қабылдайды. Онда барлық қазақ ақындары мен әдебиетшілері, баспасөз ісін жандандыруға белсене араласуы керек деген талап қойылады. Қазақ баспасөзі мен көркем әдебиеттің бағыт-бағдары, алдына ұстар темірқазығы қалай болуы керек деген сұрақтар туындап, қазақ баспасөзінің орталығын құру күн талабына қойылады. Сондықтан да жоғары және орта оқу орындары мен партия, баспасөз ұйымдарынан, мәдениет мекемелерінен ұсыныс-пікірлер сұралады.
Қазақ-совет әдебиетінің тарихын жазған ғалымдардың пікіріне сүйенсек, осы кезеңде, ҚазАПП (қазақ пролетариат жазушыларының ұйымы) құрылғанға дейін-ақ, ресми болмаса да баспасөз органдары төңірегінде қазақ ақын-жазушылары топтаса бастайды. Осыған байланысты 1923 жылы Ташкент қаласында Қазақ-қырғыз институтының қасынан қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талаптың жолы» деген ұйым құрып, оның бағдарламасы «Сана» журналының №1 санында жарияланады. Оған доктор Х.Досмұхамбетов, профессор А.Шмидт, Ә.Диваев, К.Жәленов, Н.Архангельский, М.Жұмабаев мүше болады.
Онда мынадай тақырыптар қамтылады: бірінші, қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларының терминология емлесін қалпына келтіру; екінші, ұлт өнерін тәптіштеу; үшінші, қазақ-қырғыз халқының тарихын тексеріп қарастыру; төртінші, қазақ-қырғыз мектептеріндегі оқу мәселесін реттеп жөнге келтіру; бесінші, қазақ-қырғыз білім қызметкерлеріне, өнер қайраткерлеріне жәрдемдесу. Сондай-ақ ұлттық қолөнер түрлерін, ел аузындағы әндер мен күйлерді, аңыз ертегілері мен мифтерді жинап, екі халықтың ортақ тарихын зерттеп-зерделеу, оны әдебиетке түсіріп, тарихын жазу туралы мәселелер қозғалады. Бұл талаптар социалистік реализм дәстүрін қалыптастыруда ескерілуі керектігі сөз етіліп, қазақ-қырғыз ғылыми комиссиясы, Мәскеу қаласындағы әдебиет және көркем өнер институтының ректоры Валерий Брюсовтың атына хат жазып, осы институттың қазақ және орыс бөлімдерінде сабақ беріп жүрген М.Жұмабаевты ғылыми кеңестің ұсынысымен Мәскеуге оқуға жіберу туралы шешім қабылдайды.
Аталған хатта Х.Досмұхамбетов «Мағжан — қазақтың Пушкині» деген әйгілі сөзді алғаш қолданып, Мағжанның ақындық талантына жоғары баға беріп, В.Брюсовке таныстырады. Ташкент қаласынан табылған архивтік деректерге сүйенсек, Мағжан Мәскеуге 1923 жылдың қазан айының аяғы, қарашаның басында барып орналасқан. Бұл мезгіл — социалистік реализм дәстүрінің іргетасын қалау үшін болып жатқан тартыстың қызған шағы екен. Ал қазақ ақыны осы даулы таластың үстіне келіп, өзінің әйгілі «Табалдырық» манифесін жазуды жедел қолға алады.
Оған тағы бір дәлел, 1929 жылы «Табалдырық» бағдарламасына байланысты Мағжан тұтқындалғанда Петропавл қаласынан шығып тұрған «Бостандық туы» газетінің жауапты секретары Абдулла Байтасов 1929 жылы 14 шілдеде НКВД-ның тергеушісіне берген жауабында 1925 жылы Мәскеуде оқуда жүрген Мағжан Жұмабаев «Алқа» бағдарламасының қолжазбасын пошта арқылы редакцияға жібергенін, оны редакцияда оқып, талқылап пікірлерін білдіруді сұрағанын растайды.
Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы шығарған Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық. Манифест» кітабында келтірілген ғылыми дәйектемелерге сүйенсек, бағдарлама 1924 жылдың соны мен 1925 жылдың алғашқы күндерінде жазылған. Мағжан осы бағдарлама арқылы тоталитарлық билік жүйесін орнату жолына түскен большевиктік идеологияға қарсы алаштық саяси топтың көзқарасын білдірген.
Ендеше бұл бағдарламаны Мәскеуге келген күннен қолға алып әзірлегені анық. Ондағы мақсаты — социалистік реализм дәстүрін жасаушылардың алдын орап, оған өз ұсыныс-пікірін өткізу. Ендеше бағдарлама 1924 жыл мен 1925 жылдың аралығында жедел дайындалып, қазақ зиялыларының арасына таратылып, талқылана бастаған. Оған Қазақстан билігі де қарап отырмай, жедел іске кірісіп, әр жерде шашырап жүрген қазақ ақын-жазушыларының басын біріктіру мақсатында ҚазАПП-ны құруды жеделдетіп, 1925 жылдың 13 маусымында «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» деген қаулысын шығарған. Онда Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшыл жазушылардың керітартпа идеяларына тойтарыс беріп, пролетариат әдебиетін дамытып, шаруа жазушыларының коммунистік платформаға тезірек ойысуы талап етілген. Осы қаулының негізінде 1925 жылы шілде айында билік шешім шығарып, баспасөзде ҚазАПП-ның құрылғандығын жариялайды. Бірақ ол 1926 жылдың қазанында ғана іске асады. Оның платформасын өлкелік партия комитетінің тапсыруымен Сәбит Мұқанов дайындап, алғашқы құрылған Қазақстан Жазушылар ұйымының басшысы болып тағайындалады.
Ал осы бір айтулы датаның Мағжанның тағдырына қандай ауыр із қалдырғанын көпшілік біле бермейді. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ ақын-жазушыларының алдына қойылған бағыт-бағдардың қандай болуы керек екендігі жайлы бағдарламаны алғаш жазып ұсынған Мағжан еді. Оны соцреализм дәстүрімен қалай байланыстыру керектігі жайлы ұсынысты енгізген де Мағжан. Өкінішке қарай, ол Мағжанның басына кайғының қара бұлты болып төнеді де, ҚазАПП құрылған күннен бастап оның мүшелері Мағжанға ұйымдасқан түрде шабуыл жасайды.
Автор туралы: Бақыткамал Қанарбаева 1952 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы, Қамысты ауылында өмірге келген. 1994 жылы «Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы фольклорлық дәстүр» деген тақырыпта диссертация қорғаған. «Мағжан поэзиясының фольклорлық қырлары» (1995), «Жырымен жұртын оятқан» (1998), «Мағжан символист» (2007), «Мағжан поэзиясындағы заман шындығы» (2014) еңбектерінің авторы, Мағжан Жұмабаевтың 1929 жылы соңғы рет жарық көрген «Сауатты бол» кітабын 2013 жылғы қайта бастырып шығарған.
Бақытқамал Қанарбаева. Мағжан – «тіленші» ақын // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 6 маусым.- 8 б.