С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Биыл ежелден құт қонып, ырыс дарыған өңіріміздің сал-серілік дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жеткізген сегіз қырлы өнер иесі әнші, ақын Игібай Әлібаевтың туғанына 120 жыл толады.
Игібай Әлібаев 1903 жылы 5 мамырда қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Айтуар ауылында дүниеге келген.
Игібай Әлібайұлының өмірі жайлы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» трилогиясында былайша баяндайды
«… Ендігі аз сөз Әлібаев Игібай туралы. Біздің Қызылжар уезіндегі бес болыс Керейде ән мен күй екі руға ерекше қонған деседі: бірі -Шағалақ, екіншісі – Таз. Бес жүз үйлі Тазда домбыра шертпейтіні, ән салмайтыны жоқ дейді, қалжыңдайтын адамдар – «Таздың иті де ән салып үреді», – дейді. Игібайдың руы – Таз. Оның туған әкесі -Тәжібай да, асырап алған әкесі – Әлібай да (Тәжібайдың туған ағасы) ірі әнші болған адамдар. Тәжібай баласы – Рамазан (Игібайдан екі жас үлкен) бармақ біткеннің домбырашысы болды. Тәжібай да, Әлібай да кедей шаруалы адамдар екен. Бірақ жалшылыққа тұрмай, күндерін сауықсайранға араласып ән айтумен өткізген.
Игібай жасынан домбырашы, әнші болған. Талдырмаштау орта бойлы, аққұба кескінді, қыр мұрынды, томпақ қара көзді, қалың бұйра шашты бұл сұлу жігіт, жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысында Қызылжардың педагогикалық техникумын бітірген. Бірақ оқып жүргенде де, одан кейін біраз жыл мұғалім болғанда да, сабақпен я оқытқан баламен шұғылдануынан ойынтойда өлең айтқан уақыты көп болған.
Отызыншы жылдардың ішінде ол Алматының, Қызылжардың театрларында артист болып (ол жағы күшті емес еді), филармонияларында әнші болып жүрді де, Отан сотысында азаматтық борышын өтеп, аятынан мүгедек боп келе мұғалімдікке қайта орналасты.
Көп жыл бойына жүрген маңының әнмен құлақ құрышын қандыртан, кейінгі жастардан талай әншілер бұны еліктей, шәкірт бола шыққан, қыз мінезді Игібайды халық мұғалімдігінен гөрі «әншіміз» деп, шын көңілден қадір-құрмет тұтады. (Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі», Алматы, 1977ж. 239-240-66.).
Игібай Әлібаевтың өмірі жайлы әдебиетіміздің аса көрнекті тұлғаларының бірі Сәбит Мұқановтың жылы лебізін мысалға келтіруіміздегі негізгі мақсат – туған өңірімізден шыққан Игібай сияқты өнерпаз тұлғаны бүгінгі жастар тереңірек тани, біле түссе екен деген игі тілек.
Игібай туған Айтуар ауылы біздің Амангелді ауылымен көршілес қонған (екі ауылдың арасы сегіз-ақ шақырым) ежелден ән мен күйдің ордасы болған сауықшыл елді мекен еді.
Айтуар ауылынан кезінде Әлібай, Тәжібай, Тәжібайдың Рамазаны, Қырғыздың Жәукесі, Сарының Құсайыны, Ақпанның Сексенбайы, Құсайынның Көкені, айтыскер ақын, әнші Игібай Әлібаев, Ахметтің Сауытбайы, Қозыбайдың Қожахметі сияқты шебер домбыра жасаушылар шыққан.
Сөз орайы келгенде Игібайдың әншілік өнерін жастайынан бойына сіңірген, есімі бүгіндері елеусіз қалған қазақтың аса дарынды әншілерінің бірі Ілияс Шаймерденов ойға оралады.
«Ақмола төңірегінің әндерін Алматыға бірінші алып келген адамның бірі Ілияс Шаймерденов болды. «Қаракесек», «Қарғаш», «Алқоңыр», «Сентябрь», «Сарыарқа» сияқты әндерді жеткізді. Филармонияда әнші болды», – деп жазған еді Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» атты халық ақын-әншілері жайындағы зерттеу еңбегінде. Ілиястың әншілігі жайында Ұлы Отан сотысының ардагері Қайырбек Сыздықов (екеуі де қазіргі Жамбыл ауданы Айтуар ауылының тумалары – Қ. Ш.):
«…Ілиястың бұдан өзге де «Қарғам-ау», «Назқоңыр», «Ғайни», Бурылтай», «Жанбота», «Сырымбет», «Айнамкөз», «Қалдырған» сияқты Сегіз сері, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Мұхит әндерін сүйсіне айтқанын талай естіген едім. Ілияс 1941-1945 жылдары Қазақтың Мемлекеттік филармониясын, Қазақтың академиялық драма театрын басқарып тұрды. Ол уақытта Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Елубай Өмірзақов, Роза Бағланова, Әнуарбек Үмбетбаев, Үрия Тұрдықұлова сияқты саңлақтарымызбен қатар еңбек етіп, өнердің өрлеуіне елеулі үлес қосқан адам еді.
Бір өкініштісі, Ілияс ұзақ жасамады. Онымен бірге бойындағы дарыны да көз жұмды. Саңлақ әншінің бергенінен берері көп еді. Әттең, аяусыз ажал шеңгелін ерте салып, 1959 жылдың 24 қыркүйегінде 43 жасында өмірден озды.
Игібайдың өнер жолындағы шәкірті Қайырбек Сыздықов «Көк домбыра» атты естелігінде ұстазы Игібайдың жастайынан әнге, домбыраға әуес болғанын айта келе: «Атадан келе жатқан асыл мұра -домбыра сырын жете түсініп, өзінің жүрегін жарып шыққан әсерлі әсем сөздерін өлең қылып, асқақ үнін ән етіп домбыраға қосқан дүлдүл замандастарымыздың бірі – Иекең еді. Мен бала кезімде мектепте Иекеңнің алдында отырып сабақ оқып, ержеткенде еріп жүріп, өнерін көріп, әнін естідім.
Иекеңнің алпыс жылдан астам ұзақ өнер жолында қолына неше түрлі, қанша домбыра ұстағанын асыл жары Гауһар апамыз да ұмытып қалған көрінеді. Әрине, осы ұзақ өнер жылдарында талай-талай шеберлердің қолдан жасалған, ие болмаса фабрикада жасалған домбыралардың әлденеше түрлері Иекеңнің қолынан өткеніне күмән жоқ. Сол көп домбыраның ішінде менің есімде қалғаны – әкесінің жасап берген көк домбырасы мен өзінің замандас сырласы академик жазушы Сәбит Мұқановтың сыйлаған домбырасы», – деп еске алады ұстазын.
Әнші Игібай домбыраны сегіз жасынан үйреніп, домбыра үніне өз үнін қосып өлең жазып, ән шығарған. Игібай әнші «Домбыра» атты өлеңінде:
«… Серігім сегіз жастан сен домбырам,
Құйылған, қолыма алсам, сөз-домбырам
Тал тиек, қысқа мойын, сегіз перне,
Бұлбұлым сан сайыста жыр оздырған.
Небәрі сегіз-ақ қой пернелерің,
Сонда да күй боп жанды кернеп едің.
Жүйткітіп он саусақты қаққанымда,
Өзіңнен төгілген күй сел ме, дедім, – деп талай жылдар өнер серігі болған домбырасын тебірене еске алады.
Игібай Әлібайұлының әншілік жолындағы ұстазы атақты Үкілі Ыбырай еді. Игібай Әлібайұлы Қызылжар педтехникумында Үкілі Ыбырайдың Өстемір деген ұлымен бірге оқиды. Бұл жөнінде Игібай ақынның «Әнші даусы» деген өлеңінде:
«Өлеңнің қырын сындырмай,
Елімнің көңілін тындырмай,
Жүрген кезде әуре боп,
Кез келді ақын ЬІбырай.
Естігенім болмаса,
Ақынды бұрын көрмеп ем,
Көргендер дейтін «тамаша».
Әнге біткен көмейі,
Кең сабадай күмпілдеп.
Кете берер кеңейіп,
Көріктей кеуде дүңкілдеп.
Жарасымды үкісі,
Отырушы еді, бұлғаңдап,
Құйқылжытса ырғаңдап.
Ыбырай өрлеп айғайға,
Салтанда күштеп ағаш үй,
Ұқсайтын толқып қалғанға,
«Шалқыма», «Гакку» жалғас үн.
Әнші еді баласы Өстемір,
Оқудан бос мезгілде,
Үйретуші еді өлең-жыр, – деп ұстазы Ыбырайдың ғажайып әншілік болмысын сүйсіне суреттейді.
Мен Игібай Әлібаевты алғаш рет 1967 жылдың жазында Жамбыл кеңшарының орталығында бір мәжілісте көрдім. Сол мәжілісте Игібай Үкілі Ыбырайдың «Шалқыма», «Қызыл асық», «Ақан серінің «Жастық», Біржанның «Он екі взвод» әндерін орындады. Игібай әндерін тыңдап отырып Сәбит Мұқановтың Игібайдың әншілігі жайындағы мына сөздері есіме оралды:»… жүйріктің шабысы қалса да қырыны қалмайды, «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей, топ көрінсе желпініп қалу салты Игібайдың бойында әлі бар екен. Онысын өткен жылы Шытысты аралағанда көрдік. Біз онда көп жиындарда кездестік. Солардан бір мысал: Алтай тауындағы бір «Шұбар ағаш» дейтін жайлауда ауданның малдары жатады екен. Сол араға мыңдаған адамдар жиналды. Сол арада екі күн, екі түнге созылған мәжілісте әндерін халық сүйсіне тыңдаған Игібайдың аузы жабылмады, даусы сөмбеді десек, асыра айтқан болмаймыз. Шын халықшыл өнерпаз неше жасқа келсе де, білген өнерімен халқына қызмет етуге жалықпайды. Игібай да – сондай өнерпадың бірі».
Жасы егде тартқан кезде Жамбыл ауылында жүздескен әнші Игібайдың Сәбең сипаттаған өнеріне көзім жетті.
1960-65 жылдары Алматыда оқыған жылдарымда талай әншілерді, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің небір майталмандарын көріп, туындыларын тыңдадым. Солардың ішінде Арқа мен Батыс ән мектебінің ірі өкілдері Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің орны, жөні ерекше еді.
Ұлы Мұхтар Әуезов: «Біздің заманымыздың Біржаны да, Ақаны да Жүсіпбек қой! – деп әніне ерекше сүйсіне баға берген дүлдүл әнші Жүсіпбек Елебеков арқаның ерке назды, сұлу әндерін бірде шырқай шалқып, бірде үзілдіріп, мың сан иірім, толқындата орындаушы еді-ау!
Жүсіпбек әндерін тыңдағанда бойың балқып, сүлулық әлемінде саяхаттағандай әсер аласың.
Ал Ғарифолла әндерін тыңцағанда желпінесің, рухтанасың. Ғарифолла арқалы әнші еді ғой. Ән айтқанда делебесі қозып, екі көзі жалт-жұлт етіп, ойнақшып, Қобыландының Тайбурылындай «ылдидан салса төске озып, ертеңнен шапса кешке озған» шаршау, қалжырауды білмейтін, бір әннен екінші әнде даусы үдей түсетін хас жүйрік екеніне қазақ филармониясында өткен жеке концертінде көзіміз жеткен.
Кезінде осы екі дүлдүл әншілермен қатар жүріп ән салған Игібайдың бұл әншілерден үйренгендері де аз болмаса керек.
Игібай Әлібаев айтыскер ақын ретінде де облыс жұртшылығына кеңінен танылды.
Игібай ақынмен екінші рет 1971 жылы Жамбыл ауданының Жамбыл кеңшарының орталығында жыр жүйрігі Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толу құрметіне орай өткізілген облыстық ақындар айтысында жүздестім.
Ол кез сонау Сүйінбай, Жамбылдардан бастау алған айтыстың суырыпсалма қасиетінің бәсеңсіп қалған кезі болатын. Әсіресе біздің өңірімізде.
Кеңестік кезеңде ақындар аитысы көбінесе аудан мен аудан айтысы үрдісінде өтетін. Айтысқа түсетін ақындар алдын ала өзінің қарсылас ақынының ауданының ауылдарын, шаруашылықтарын аралап, кемшіліктерін сын тезіне салатын. Айтыстың өлеңі, мәтіні алдын ала жазылып дайындалатын. Мен Солтүстік Қазақстан облысы ақындары жайында айтып отырмын. Қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ шоғырланған Сыр бойы, оңтүстік өңірлерінде суырып салу дәстүрі сақталған еді.
Айтысты синкреттік өнер дейміз ғой. Айтысқа түсетін ақында біршама әншілік, әртістік қабілет болуы керек.
Жамбылдың 125 жылдығына арналған айтыста Игібай Әлібаев сол кездегі Октябрь ауданы атынан, қарсыласы Темірғали ақын Преснов ауданыатынан түсті.
Игібай әнші, әртістік өнерден құралақан емес.
Айтысты Игібай:
-Менің атым Игібай,
Жырға терең, тілге бай.
Taп осылай деп еді,
Ақын ағам Молдабай.
Молдабайдың әніндей,
Әнім асқақ аңқыған.
Үлгі алдым Абайдан,
Жырдан сірә, тарылман.
Суалса да кейде өзен,
Артылмаса сарқылман.
Жаңылмайтын қарқыннан,
Пресновтың ақыны,
Темірғали сенбісің.
Айтысам деп келдің бе?
Сөйлер сөзге кенбісің.
Танысайық жөніңді айт,
Шалшықпысың, селмісің?
Келістіріп айтып бер,
Байлығы қалай еліңнің,
Құнары қалай жеріңнің
Көк теңіздей толқыған.
Өнімі қалай егіннің? – деп «Молдабай» әнінің әуенімен екпіндете бастап, атақты Иса ақынның «Желдірмесінің» әуенімен:
– Ал, халқым, келді кезің сөз тыңдайтын,
Ән-жырдың күні туды толқындайтын.
Бәсеке, күрес, тартыс менің жаным,
Көзі мол, жырым мұхит сарқылмайтын, – деп сөз нөсерін төгілтіп, екпіндетіп, айтыстың ажарын ашты, тыңдаушыны Игібай ақын әншілігімен, әртістік орындаушылық қабілетімен баурады, айтыс өнеріне халықтың ынтасын, сүйіспеншілігін оятты, біздің өңірімізде аяқсырап қалған қазақтың айтыс өнерінің қайта жанданып, жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан Игібай ақынның өнеріне риза болдық.
Сегіз сері, Нияз сері, Біржан салдардың сал-серілік дәстүрін жалғастырған әнші, ақын, сазгер, сегіз қырлы өнер тарланы Игібай Әлібаев 1978 жылы 75 жасында дүниеден озды.
Туғанына биыл 120 жыл толатын қазақтың дәстүрлі ән өнерін, айтысын биік бір белеске көтерген айтулы өнерпаз Игібай Әлібаевтың есімі жерлестерінің жадында.
Қарақат ШАЛАБАЕВ, еңбек ардагері.
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Қарақат Шалабаева. Өнердің өршіл тарланы еді. / Қ. Шалабаева // Солтүстік Қазақстан. – 14 ақпан.- Б. 54 2023.