Ақын, журналист, аудармашы, жерлесіміз Зейнолла Әкімжановтың «Замана шамшырағы» aтты кітабы жарыққа шықты.
Бұл кітапқа талант иесінің әр жылдары жазған шығармалары енгізілген. «Ленин туы» қазіргі «Soltustik Qazaqstan» газетінде ұзақ жыл табанды еңбек еткен әріптесіміздің артында қалған бай мұрасын зерттеп, көзіқарақты оқырманға ұсынуды мақсат еткен жас журналист Самрат Құскенов марқұмның жас кезінде жазған шығармаларын да кітапқа енгізуді жөн көрген. Жинақта ақынның өлеңдері мен «Өлі дүние», «Шебер», «Ана махаббаты», «Темір кереует», «Өмір нұры» сынды әңгімелері, «Домбыра», «Адам бақыты», «Соңғы майдангер», «Жолдарың болғай, жас ғұмыр!», «Достық дәнекері» сынды новеллалары, сықақтары, баллада, драмалық шығармалары бар.
Кез келген жанрда еркін қалам тербеген Зейнолла Әкімжановтың бай мұрасы – әлі бірнеше жинаққа арқау болатын құнды дүниелер. Алматыдағы «Үш қиян» баспасында басылған кітаптың жарыққа шығуына демеушілік көмек көрсеткен елге танымал кәсіпкер, меценат Біржан Шаймерденов. Әзірге 500 данамен жарық көрген бұл еңбекті оқырмандардың сүйіп оқитыны сөзсіз.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
«Soltustik Qazaqstan».
Құрманайқызы А. Оқырманға олжа // Солтүстік Қазақстан.2024.-20 шілде.-8 б.