Біз-соғысты көрмеген, бірақ та оның ызғары мен зардабын сезініп өскен ұрпақпыз. Адамзат тарихына қатысты шежіренің ең шерлі беттерінің бірі – екінші дүниежүзілік соғыс зұлматы артта қалса да, ақтаңдақтар әлі де жетерлік, Адамзат тарихында іріліуақты он бес мыңға жуық соғыс өткен екен. Бірақ солардың ішінде құрбандары мен алапат ауқымы жөнінен ең жантүр-шігерлігі – екінші дүниежүзілік соғыс. Біздің жадымыздан ешқашан да өшпейтін, алайда әлі күнге дейін ашық айтылмай жүрген қасіретке толы ақтаңдақ беттер әлі де болса жеткілікті.
Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысса да, абыройынан гөрі зардабы мен азабын көп көргендердің бірі – әкеміздің немере ағасы Керей (азан айтып қойған аты – Ғалымкерей). Керей атамыз 1922 жылдың 7 қыркүйегінде бұрынғы Чистополь, қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Қалмақкөл ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың желтоқсан айында әскерге шақырылады. Алдымен Көкшетауда әскери дайындықта болып, кейіннен өзі сияқты қазақ жігіттерімен бірге Ақмолада жаңадан жасақталып жатқан 106-шы атты әскер дивизиясының қүрамына алынады.
Харьков маңындағы шешуші шайқастардың алдыңғы шебінде ерліктерімен аты шығып, жауға жалаң қолмен шапқан 106-шы атты әскер дивизиясы есепсіз қырғынға ұшырап, қоршауда қалады. Кейіннен Сталиннің жарлығы бойынша мұндай әскери құрылымның болғандығы туралы деректердің бәрі жойылады. Дивизиядан тірі қалған жауынгерлер маршал Семен Тимошенко басқарған 6-шы атты әскер корпусына қосылып, Житомир қаласы түбінде болған кескілескен ұрыстарға қатысқан еді. Өкінішке қарай, 1942 жылы қоршауда қалып, еріксіз тұтқынға түсуге мәжбүр болады. Осылайша фашистік Лейпциг концлагерінің тұтқынына айналады. Бұл концлагерьден тірі шығудың өзі ерлік екендігіне тек қана Керей атамыз болған аз уақыт аралыында 500 мыңнан астам тұтқының өлім құшқаны айғақ бола алады.
Қалайда аман қалуды ойлаған қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік т.б түбі түркі халықтарынан тараған тұтқындар сол кездегі вермахтың бір бөлімшесі саналған, кейіннен Алаштың арда ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай есімімен байланысты құрылған Түркістан легионының қатарына кіреді. Бұл – мына тозақ отынан құтылып, фашистермен қайтадан соғысудың айласы еді. Ақыры бір топ жолдастарымен қашып шыққан Керей атамыз орман ішін паналап, жергілікті халықтың жәрдемімен бірнеше күннен соң Югославия партизандарымен қосылады. Югославия, Италия партизандарының құрамында жаудан кегін алып, фашистерді толықтай талқандайды. Сталиннің бұйрығымен фашистік концлагерден аман қалып, партизандар құрамында болған соғыс тұтқындарының айыбы кешіріледі. Сондықтан Италияның Пизе қаласынан тезірек елге қайтсын деген хабарды естіп, бір топ бұрынғы тұтқын үш ай жаяулап жүріп, Украина жеріне жетеді. Сол жерде бұларды жапондармен соғысуға дайындай бастайды. Алайда шуғыл түрде Сталинград қаласындағы танк құрастыруға мамандандырылған «Красный Октябрь» заводына қара жұмысқа жегіліп, сонда талай азапты бастарынан еткереді.
1946 жылы елге оралып, астық қабылдау пунктінде бейбіт өмірге енді араласа бастаған Керейдің үстінен көре алмаған біреулер концлагерь тұтқыны болған деген желеумен «домалақ арыз» жазып жібереді. Содан тұтқындалып, Көкшетау түрмесінде үш ай қорлықтың сан түрін көреді. Күні-түні бітпейтін төргеулер, санаға қонбас сансыз сұрақтар. Содан не керек, Кащеев деген тергеуші бастаған «үштік» атамызды ату жазасына кеседі. Көрер жарығы таусылмаған екен, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, халық аузында «Бүкілодақтық староста» аталып кеткен Михаил Калининнің жарлығынан соң ғана ату жазасы 25 жыл түрмеге алмастырылады. Осылайша жазықсыздан жазықсыз алдымен Башқұртстанның түрмелерінде, кейіннен Сібірдегі Прийск қаласы маңындағы шахталарда азабы мол жұмыстарға жегіледі. Ондағы көрген қорлықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жер астындағы шахтада қолына тек қайла мен күрек алып, алтын қазғанда беретіні -150 грамм нан. Қолы епті атамыз келе токарьлық мамандықты үйреніп алады. «Қазақ жігіттері арасынан шыққан тұңғыш токарь мен болдым», – деп еске алатын еді. Себебі токарь мамандығын игергендерге нан да көбірек беріледі екен. Қасында Қарақалпақстанның Нөкіс қаласынан Әбдіхалық Наурызов деген жігіт болады. Ол еті тірі, пысықтау екен. 1953 жылы Сталин өлген соң келген жылымықты пайдаланып, жоғары жаққа өтініш жасаған жазықсыз жандар біртіндеп бостандық ала бастайды. Осылайша 1956 жылдың бас кезінде Әбдіхалық бостандыққа шыққан екен. Тар қапаста бір үзім нанды бөліп жеген жан досы бірден еліне тартпай, алдымен Қазақстанға, атамыздың ауылына келіп, туысқандарын тауып алып, елдегі ағасына Ворошиловтың атына хат жаздырады. Осылайша Керей атамыз 1956 жылдың қыркүйек айында «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді»-дегендей елге оралады.
Кезінде құпия сақталынған осы 106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы туралы деректер енді ғана тарих бетіне шығып жатыр. Адамның құны көк тиын болған кеңес заманы келмеске кетсе де, сол жылдар зобалаңының ақ-қарасы ажыратылып, көрген қиянаттың тарихи және саяси бағалары әлі кұнге дейін толыққанды берілмей келе жатқаны өкінішті
Әкеміздің туған ағасы Кожахметов Кабаның (шын аты Мырзахмет) соғыстағы тағдыры да осыған ұқсас. 1941 жылы бұрынғы Рузаев ауданынына (қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) қарасты Шағалалы ауылындағы 10 жылдық мектепті бітіре сала комсомол қатарына қабылданып, енді еңбекке араласуды ойлап жүргенде соғыс басталып кетеді. Тағдырдың жазуымен 1942 жылы Володар ауданы, «Новый Быть» колхозынан (қазіргі Айыртау ауданы, Орловка ауылы) аудандық әскери комиссариаттың шақыруымен әскер қатарына алынған. Бар-жоғы 18 жасқа енді ғана толған жасөспірім қызыл армияның сарбазына айналып, алдымен №106 атты әскер дивизиясына қарасты №307 атты әскер полкы құрамында соғысқа кіріседі. Бастан-аяқ қаруланған неміс әскерлеріне жалаң қылышпен қарсы шыққан атты әскерлер қарша бораған оқтан баудай түседі. Аман қалғандары екінші Украин майданы құрамында соғыса жүріп, 1942 жылдың 25 мамырында Харьков қаласы түбінде неміс әскерлерінің қоршауында қалып, еріксіз тұтқынға түседі. 1943 жылдан бастап Польша жерінде Түркістан легионында тұтқында болған Каба ағамыз ақыры 1944 жылы бір топ жолдастарымен қашып шығып, партизан отрядына қосылады.
Біздің немерелес ағайынымыз Аяпберген (Сергей атымен танымал) ағамыздың да тағдыры ерекше. Өз өмірі туралы Аяпберген ағамыз естелігінде былай деп жазған екен: «Әкем Кәрім -1896 жылы туған, колхозға кіріп, сонда ұзақ жылдар жұмыс істеді. Әкемді 1942 жылы апрель айының соңында соғысқа шақырып, Орловка селосынан алып кетеді. Оларды атқыштар полкіне бөліп, Көкшетау қаласында 3-4 ай соғысқа дайындайды. Сол жылы июль айында біздің үйге арнайы халімізді білу үшін Қожахмет атамыз келеді. Сонда жылап отырған анамызды сабырға шақырып, Көкшетаудағы әскери дайындықта жүрген күйеуіне апарып, жолықтырмақ болып шешеді. Көкшетауға келіп, онда соғысқа дайындалып жатқан сарбаздар командирімен келісіп, әкем Кәрімді тек кешке әскери ойындардан кейін қоналқаға бірнеше күнге сұрап алып шығады. Әкемді жанұясымен табыстырып, сол жерден пәтер жалдап бір-екі күн бірге болған. Сол уақиға қасында бірге болған 6 жасар әпкемнің әлі есінде, әкем оған аяққа орайтын обмоткасын береді. Үйге оралғасын одан анам көйлек тігіп береді. Сол сапардан менің анам аяғы ауыр болып қайтады. Қожахмет атамызға менің әжем көзін жұмғанша ризашылығын білдіріп, аузынан тастамайтын еді. Содан соң 1943 жылы 9 айдан кейін наурыз айында мен тудым. Мені нағашы атамның атымен Аяпберген деп қойды. Колхоз председателі әкемнің досы Захаренко Сергей дейтін кісі еді, әжем тіл-көз тимесін деп қазақтың ат адастыру ғұрыптық дәстүрімен мені «Сергей» деп атап кеткен».
Енді туысқандарына қамқор бола білген атамыз Қожахмет Тайжанұлы туралы да тоқтала кетейік. 1942 жылы жасы келіп қалғандықтан «еңбек армиясы» қатарына алынып, уран өндірісі шахтасында жұмыс істеген атамыз 1945 жылы елге әбден әлсіреп, қу сүйегі оралады. Арада бір жыл өтпей қайтыс болған. Міне, талайлардың тағдырын талқан қылған сұм соғыстың шыңғырған шындығы осындай. Ең болмаса отбасылық мұрағат үшін бір дерегі болар деген үмітпен ресми органдарға сұрау салғанымызда алған жауаптарымыз мынадай болды: «…Термин «трудовая армия» возник в годы гражданской войны и обозначал реально существующие «революционные армии труда». В годы Великой Отечественной войны «трудармейцами» стали называть себя те, кто выполнял принудительную трудовую повинность. Вместе с тем, ни в одном официальном документе военных лет, служебной переписке, отчетах государственных и хозяйственных органов термин «трудовая армия» не встречается. Временные трудовые коллективы были созданы в годы Великой Отчественной войны в виде рабочих батальонов, включенных в систему НКВД СССР, а затем, МВД СССР», -деп жазған екен. Осы қысқа ғана сырғытпа жауаптың өзінен-ақ «адамның құны көк тиын болған» кеңес дәуірінде атауын сан құбылтқан «трудармияның» не екені тусінікті болар. Ал соғыс аяқталғаннан бері 80, тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан аса уақыт өтсе де «трудармия» тақырыбы сол бұрынғы «жабулы қазан» қалпында, «ақтаңдақ» күйінде қалып келеді.
Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ,
тарих ғылымдарының
кандидаты, «Зейнеп» жоғары
көпсалалы колледжінің
ғылыми қызметкері.
Айыртау ауданы.
СУРЕТТЕ: Керей Мұсаұлы ұрпағының ортасында.
Ескекбаев Д. Сұрапыл соғыс қасіреті // Солтүстік Қазақстан.-2024.-9 сәуір.- 4 б.