«КММ С. Мұқанов Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы»ММ Атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Биылғы жылдың 18-19 ақпанында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Журналистика» кафедрасының ұйымдастырумен «Soltustik Qazaqstan» – бір ғасырлық шежіре» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыстым. Осы басылымның кешегі репрессия жылдарындағы тарихын зерттеушілердің бірі болғандықтан, газеттің 1936-1937 жылдардағы бас редакторы Сейілбек Үсенов жөнінде көпшілікке белгісіз бірқатар жаңа мағлұматтар берген едім (бұл туралы «Soltustik Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 13 ақпан күнгі санында «Халық жауы атанған қаламгер» деген мақаламда жазылған). Шымкенттен Қызылжарға күнде келе бермейсің ғой, сондықтан конференция аяқталған соң осындағы мұрағатқа барып, тың деректер іздестірдім. Тапқандарымды оқырманмен бөліссем деймін.
С. Үсеновтің «Ленин туына» келуі солтүстік өңір баспасөзіне жаңа бір леп, тың серпін әкелген сияқты. Өйткені, газет кей сәттерде кеңестік цензураның қатаң сүзгісінен ебін тауып сытылып шығып, ұлт мүддесін көздейтін материалдар топтамасын үздіксіз беріп отыруды дәстүрге айналдырған. Ақиқатын айтқанда, сол кездегі басылымдардың көпшілігінің, әсіресе, облыстық деңгейдегі газеттердің негізінен жергілікті биліктің ресми мәліметтерімен-ақ бет толтыруға дағдыланғаны, өзекті мәселелерді көтере бермегені белгілі. Бұл қалыптасқан қағиданы ол шама-шарқынша бұзғанға ұқсайды.
Олай деуімізге басқасын айтпағанда, С. Үсенов редакторлық еткен тұста газетте бір ғана «Редакцияға хат» айдарымен жүздеген сыни мақаланың үзбей жариялануы себеп болып отыр. Мәселен, «Ленин туының» 1937 жылғы 21 октябрьдегі № 243 нөмірінде «Ескерусіз қалмасын», «Тауар оборотының планы неге орындалмайды?», «Тұтынушылардың талабы ескерілсін!», №244 санда «Қазақ колхоздарына қатынасты орыс тілінде жіберед», «Сот үкімі орындалса екен», «Маскүнемдікке тыйым салынсын!», «Тиісті шара қолдану керек», «Адам дәрігері қашан келеді?», №246 санда «Газет дабылы аяқсыз қалмасын», «Мал күтіміне жауапсыз қарайды», т.б. түйткілді тақырыптарды өзек еткен маңызды материалдар басылымның беталысын байқатып, бағытын айқындап берді деуге болады.
Сейілбек Үсенов «Ленин туына» басшылық етіп тұрған тұста газет бетінде бүркеншік аттармен сын мақалалар жиі жарияланып тұрды. Мысалы, «Жер жырту жұмысы жүрмей жатыр» атты мақалада «Сарман» атты автор: «Алдағы жылы шығымы мол егін алудың ең басты шарасының бірі — жер жырту болса да, бұл жұмысты Булаев ауданы өте мардымсыз жүргізіп келеді. Мұнда трактор, жұмыс көліктерінің күшін толық пайдалану ісі дұрыс ұйымдастырылмай отыр. Бұл жұмысты жақсартпай, МТС басшылары «самотектікке» салып отыр. Соның салдарынан 25 мың гектар жер жырту планы тек 10,3 процент қана орындалды», — десе, А. Маякенов Ленин ауданы «Ұясай» советіндегі «Жарқайың» колхозында 4-класты бітірген 10 баланың 5-6-класс ашылмаған соң оқи алмай отырғанын, басқа мектептерге барып оқуға жер шалғай болып тұрғанын жазып, аудандық оқу бөліміне оқушыларға жағдай жасау керектігін ескертеді.
Сондай-ақ, редактор газетінде «Оқырман хаты» айдарымен тұрғындардың «жанайқайына» да кеңінен орын беріп, әлеуметтік әділетсіздіктердің алдын алуға тырысып бағады. Осылайша, ол Ұ.Құлымбетовтың: «Алматы қаласындағы кітапхана қызметшілерін даярлайтын техникумды бітіріп келгеннен кейін мені облыстық оқу бөлімі Еңбекшілдер ауданына кітапхана қызметіне жіберді. Барғаннан кейін 10 күндей қызметсіз бос жүрдім, себебі, аудандық оқу бөлімі «документтерің толық емес» деді. 11-күні библиотека бастығы ғып жарлық берді. 5 күннен кейін мені библиотекадан тағы алып, мұғалімдікке тағайындады. Еңбекшілдер аудандық оқу бөлімі кадрды өз мамандығымен дұрыс пайдалана алмайды. Осындай жағдайлар жалғыз бұл ғана емес, әлденешелер бар. Бұған аудандық атқару комитеті не айтар екен?» деген хатын да еш өзгеріссіз беріп, тиісті орындардың назарына ұсынады.
Ғұмырының жарымын ағартушылық салаға арнаған, талай талантты шәкіртті тәрбиелеп шығарған С.Үсенов білім саласындағы былыққа да көз жұма қарамай, жүгенсіздікті жария етіп отыруды дәстүрге айналдырған. Айталық, «Қайыржан» атты автордың «Оқытушының жоқтығынан оқушылар босқа жүр» атты мақаласындағы «Преснов Жарқын ауыл» советіне қарайтын «Есперлі» колхозының қарауындағы бастауыш мектебінде оқу осы уақытқа дейін басқарушылықтың жоқтығынан дұрыс жүрмей келеді. 1-3-кластың оқушылары мұғалімнің жоқтығынан октябрьдің 9-нан бастап колхозда босқа жүр. Бұл кластың мұғалімі Бораншин Ғаппаз аурумын деп сылтауратып, мектепке келмейді. Ендігі жерде аудандық оқу бөлімі бұл мектептің оқуының дұрыс жүріп, тез арада жолға қойылуына көңіл бөлмесе, бұл қалыпта оқу программасы орындалатын емес», — деген жолдарды да сөзбе-сөз беріп, орнықты пікірге газет бетінен қашанда орын бере алатын шынайы журналист екендігін тағы да дәлелдейді.
Сөз жоқ, газеттің шектен тыс шындыққа құмарлығы, тіл мәселесіне немқұрайды қарамай, араша түсе беретіндігі, ақиқаттан аттауға жол бермейтіндігі жергілікті билікке, «халықтар достығын» қалқан еткен орыстандыру саясатын жүргізушілерге ұнаған жоқ. Бұл жағдайлар оның 1937 жылы 4 қарашада «халық жауы» деген айыппен тұтқындалуына ықпал етуі әбден мүмкін. Ал С. Үсенов тұтқындалысымен газеттің мұнан кейінгі нөмірлері жауапты редактордың орынбасары Ш. Молдабековтің басшылығымен шығып отырған. Газеттің бет-бейнесі бұрынғы қалпынан өзгеріп, өткірлігінен танып, азусыз, бейтарап басылымға айналып шыға келеді. Тағы бір айта кетерлігі, осы тұста газет «халық жауларын» әшкерелеу үдерісіне ілесіп, жөнді-жөнсіз жау іздеуге тікелей бет бұрғанына архив құжаттарын ақтара отырып көз жеткізгендей болдық.

Мысалы, «Халық жауларының сыбайластарын совет мектебінен аластау керек» мақаласында: «Степняк ауданындағы 10 жылдық қазақ мектебінің бұрынғы директоры Дәуітбаев «халық жауы» болып әшкереленгенде оның құйыршықтары әлі де болса мектепте бұқпайтайланып, бойын жасырып жүр. Дәулетбаев директор болып тұрған кезінде мектепке өзінің тамыр-таныстарын сыбайлас-достарын жинады. тарын жинады. Ендігі жерде екіжүзді сұрқия, ұлтшыл-фашист Даулетбаевтың құйыршығы Рамазанов пен Пазыловты мұғалімдік қызметтен тез аластау керек», — деп Т. Данияровтың, әсіресе, белсенділердің қолтығына су бүріккен мақаласы жарияланған.
Осы нөмірдегі «Халық жауымен ауыз жаласқан мұғалім» атты мақалада «Қалам» атты автордың қасиетті қаламды бетперде етіп, жар астынан жау іздеуі де бос байбаламға ұқсайды. Онда: «Зеренді ауданындағы Ленин атындағы колхоз бен «Кең өткел» колхозының жанындағы комсомол ұйымының секретары, сол колхоздағы бастауыш мектептің оқытушысы Мақышев — «халық жауларымен» ауыз жаласып, солардың сойылын соғып жүрген адам. Ол – Есіл ауданында «халық жауы» болып әшкереленген бұрынғы халық соты Нұрмағамбетовтың туысы. «Халық жауы Нұрмағамбетовтың әке-шешесі мал-мүліктерімен колхоздағы ағасы Нұрғазының қолында отыр. Нұрғазы колхоз шаруашылығына көп зиянкестік әрекетін тигізіп, колхозшыларды ру жігіне бөліп, қаскүнемдік әрекетін істегендігі үшін бұрын партиядан шығарылған болатын. Ал Нұрғазы қазіргі күнде айлакерлігімен ол қылмыстарын жасырып, колхоздың председателі болып отыр»,- деген жолдар бар.
Одан бөлек, «Халық жауларының қалдықтарын батыл әшкерелеп, тамырымен құртайық!», «Сәкеннің сыры ашылып, жазасы берілсін», «Колхозға ұялаған жаулардың зиянкестік әрекеті», «Омаров Сәду – колхозға жат адам», «Қасым колхозда болмасын!», «Бүркемеленген жау», «Қабдоштың қылмыстары тексерілсін!», «Колхоз мүлкін талан-таражға салды», т.б. мақалалардың денінің тапсырыспен жазылған дүниелер екені күмән тудырмайды.
Сейілбек Үсеновтің тағдыр-талайы да сол кезеңнің құрбаны болған барша зиялыларымыздың жазмышымен қат-қабат байланысып жатыр. «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалпыға белгілі айыппен тұтқандалған сеновтің атылғанға дейінгі бір жылдан аса уақытта тартқан азабы мен көрген қорлығын сөзбен жеткізудің өзі қиын. Кеңестік жүйенің қуғын-сүргін құрбаны болған С.Үсенов жайында мұрағат деректерінде де бір-қатар мәліметтер кездесіп отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан об-лыстық ішкі істер департаменті арнайы мемлекеттік мұрағатынан алынған №0976 мұрағаттық анықтамада тұтқындалушы С.Үсеновтен тінту барысында мынадай құжаттардың алынғандығы расталған: АЕ №644131 сериялы төлқұжат, С.Үсеновтің атына берілген №1563891 партиялық билет, 110 беттен тұратын айыпталушының жеке іспарағы, 14 дана қойын дәптер, 6 дана фотосурет, Қазақстанның 15 жылдығына арналған төсбелгі, №89221 «Браунинг» тапаншасы 7 патронымен, түрлі мазмұндағы 6 кітап, қолжазбалары сақталған 1 папка.
Бір өкініштісі, қаламгерден тәркіленген бұл жазбалардың көпшілігі мұрағат қорларынан табылмай отыр. Бір білетініміз — С.Үсеновтің «Әдебиет майданы» журналында да сын жанрына талмай қалам тербеп, бірталай қаламгердің жаңа жинақтарына өз көзқарасын білдіргендігі. Олардың қатарына С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы хақындағы «Сұлушашқа сын» атты сериялы мақалалары, «Қаскелең туралы», «Қуат туралы», т.б. еңбектерін жатқызуға болады. «Қуат» поэмасы — Днепр электр қуаты жөнінде жазылған Ілияс Жансүгірұлының шығармасы. Ол 1932 жылдың 7 ноябрінде «Социалды Қазақстанның» №257 санында басылған болатын. Жалпы, Сейілбек айына бір шығатын көркем әдебиеттегі жаңа сын журналы саналатын «Әдебиет майданы» журналымен қарым-қатынасын үзбеген. Ілияс Жансүгіров шығармасына сын жазса да, дауылпаз ақынның дара қолтаңбасын жазбай танып, сыншыға тән бейтараптық танытып, ұдайы әдеби орта арасында жылы пікір білдіріп отырған. Оның ұлт зиялыларына деген осындай ұстанымы жазықсыз жазаға ұшыраған кезінде өзіне қосымша айып ретінде тағылғанын да бүгінде мұрағат деректері растап отыр.
Дегенмен, бұл құжаттардың барлығы шындықты айғақтайтын құжаттар десек, артық айтқандық болады. Себебі, 1937 жылы 15 қарашада айыпталушы С.Үсеновтің қолымен мәжбүрлеп толтырылған жазбада ол өзінің антиреволюциялық ұйымның белсенді мүшесі болғанын, осы ұйымның басшысы Құрамысовпен байланысын үзбегенін, тіпті, оған өзі басшылық жасап отырған «Ленин туының» әр нөмірін салып жіберіп отырғанын мойындайды. Алайда, бұл құжатта С.Үсеновтің қолы қойылмаған. Әрі ол осынау жазбасында өзімен бірге қызмет атқарған әріптестерінің ешқайсысының атын атап, түсін түстемеген. Ешкімді айыптамаған. Керісінше, бір басылымда өңірдегі белді газеттің ауыр жүгін бірге көтерісіп, талай сында шыңдалған бәзбір әріптестері «халық жауы» ретінде С. Үсеновтің үстінен жалған куәлік етіп, пендешілік әрекеттерге барған. Мәселен, Үсенов тұтқындалғаннан кейін газеттің жауапты редакторы болған Ш. Молдабеков тергеушіге берген жауабында Үсеновтін «Ленин туы» газетін өз мақсатына пайдаланып, үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізгенін жазса, М.Ахметов басылымдағы антикеңестік ұйымның құрамында А. Айсариннің, А. Сәлімбаевтың, Ш. Молдабековтың, А. Жұмағұловтың болғандығын, жалпы басшылық міндетті С.Үсеновтің өз мойнына алғандығын айтады. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД басшысы П. С. Пановтың ұйғарымымен, Шаяхметов, Рафиковтардың келісімімен С.Үсенов Петропавлдың абақтысына жабылады. Алайда, қаламгерді және де басқа жазықсыз жандарды жазаға ұшыратқан сол Пановтың өзі де көп ұзамай қызметінен алынып, капитан шенінен айырылып, атылған екен. Демек, мұндай мұрағаттық құжаттармен жұмыс істегенде шындыққа көз жеткізудің оңай болмайтындығын қаперде ұстағанымыз жөн. Бір анығы сол – «Soltustik Qazaqstan» секілді тамыр-тарихы тереңде жатқан басылымның іргесін қаласып, өз заманында «Ленин туының» өрісін кеңейткен өзгеше редактор ретінде тарихта қалған С.Үсеновтің де қазақ журналистикасына сіңірген зор үлесін, сүбелі еңбегін кейінгі ұрпақтарға кеңінен насихаттау біздің бұлжымас борышымыз болып қала береді.
Секйдехан Әлібек,
тарих ғылымдарының
докторы, М. Әуезов атындағы
ОҚМУ профессоры.
Шымкент қаласы.
___________________________________________________________________________________________________________________________
Әлібек, С. Ақиқатты ту еткен /С. Әлібек //Солтүстік Қазақстан. – 2020. – 23 шілде. – 5б. (о главном редакторе г. «Ленин туы» (1936-1937гг.) Сейилбеке Усенове)