С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы 1-бетте).
Халықтың намысты ұлы
Сертті сөздің сұлтаны Сафуанды,
Суреткер деп таныды ел аты мәңгі!
Ерте оянып, Есілге қайық салған,
Жолатпаған маңына жат ұранды!
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттен алған кеңес,
«Болашаққа жол» болып қалған белес…
Қара сөзді қасиет тұтқан шебер,
Айнытпаған мақсаттан жалған елес!
Жастық жыры жалаулы «Инеш еді,
Өмір шіркін өнермен үйлеседі.
«Мезгіл», «Қарғаш». «Мәжнүн тал» жұрт жадында.
Оқыған жан ғажайып күй кешеді.
«Дөкей келе жатыр!» деп дүрлігетін,
Көрермені бір жылап, бір күлетін!
Қоғамдағы қайшылық, қиғаштыққа.
Ол ойларын бүкпесіз білдіретін!
Ата-баба зар-мұңы арман қалған.
Үні шықпай қазақтың қорланғаннан…
Желтоқсанда қаймықпай баскесерден.
Жалындаған жастарға қорған болған!..
Сырлы сазды ерекше таныс үні.
Ұлт мүддесін қорғауда жан ұшырды!
Сафуан бұл – Алаштың ардақтысы,
Сафуан бұл – Қазақтың намысты ұлы!
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Аталған білім ордасының салынуына Сафуан Шәймерденов үлкен үлес қосқан екен. Кейіннен оған жазушының есімі берілген. Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері мерейтой иесінің азаматтық тұлғасына, шығармашылық жетістіктеріне тоқталып, өз естеліктерімен бөлісті.

Жиын барысында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы жастарға Сафуан Шәймерденов шығармашылығының жаңа қырлары, ерекшеліктері жайлы айта келіп, оқушыларды қаламгердің мұрасын ардақтауға, туындыларын ынта-ықыласпен оқуға шақырды. Бұдан кейін сөз алған Толымбек Әбдірайым, Жұмаш Кенебай, Әділғазы Қайырбеков сынды қаламгерлер жазушының асқақ тұлғасы жайлы әңгімелеп, әсерлі сөз сабақтады. Кейін жиналғандарға арнап мектеп оқушылары мен мұғалімдері жырдан шашу шашып, қадірлі қонақтар ескерткіш тақтаға гүлшоқтарын қойды. Меймандар гимназияның мұражайына да барып, білім ордасының жетістіктерімен танысты. Ақын-жазушылар мұндағы балалардың мәдениет пен әдебиеттен сусындап өсіп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді.
Мерейтойға орайластырылған іс-шаралар легі Оқушылар сарайында «Сөз зергері – Сафуан» атты шығармашылық кешпен жалғасты. Әдеттегідей емес, бұл жолғы жиынға келген халықтың қарасы қалың. Қызылжар елі көптен күткен кешті тік тұрып тамашалаған жастар да болды. Мұның өзі жерлестерінің айтулы тұлғаға деген ыстық ықыласын, әдебиетке деген махаббатын керсетеді.
Жиналғандарды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, жазушының асыл бейнесін мәңгі есте сақтау керек екенін айтты.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет те қызылжарлықтарды құттықтай отыра, жазушы жайлы жылы лебізін білдірді.
– Бұл топырақтан Мағжан, Сәбит, Ғабит сынды тұлғалар шыққан. Сол алыптардың жолын лайықты жалғастырған қазақ әдебиетінің саф алтыны Сафуан Шәймерденовтің мерейтойы құтты болсын! Біз қаламгердің кітаптарын жастанып оқып өстік. Оның жүріс-түрысында қазақ зиялысының көрінісі, ақсүйектік, бекзаттық, тектілік бар еді. Ағамыздың Желтоқсан оқиғасы кезінде көрсеткен ерлігін де ерекше атап өту керек. Ол Колбиннің сағын сындырып, бетін қайтарды. Сексенінші жылдары жастар арыстарымызды ақтау жөнінде жиналыс өткізгенде де Сафуан Шәймерденов қасымыздан табылды. Сонымен қатар мен осында отырған облыс басшыларына жазушының атына көше мен ескерткіш керек екенін де жеткізгім келеді. Бұдан да маңызды мәселе -Тимирязев ауданына Сәбит Мұқановтың атын беру.
Біз тұлғаларымыздың ұшан-теңіз еңбегін ұмытпай, бұл ұсыныстардың жүзеге асуын кешеуілдетпеуіміз керек. Бүгінгі конференцияға ірі қаламгерлер, ғалымдар келіп отыр. Бұл да олардың Сафуан ағамызға деген құрметінің көрінісі, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Сонымен қатар кеште мерейтой иесіне арналған «Сорайған солтүстіктің қарағайы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Бұл туынды Сайын Шәймерденнің құрастыруымен жарық көріп отыр. Онда жазушы жайлы естеліктер, эссе, өлендер жинақталған. Кітаптың тұсауын Бауыржан Омаров, Дәурен Жандарбек, Ұлықбек Есдәулет кесті.
Кешке арнайы қатысқан ақын Марфуға Айтқожина да жиналғандарға жүрекжарды сөзін жеткізді. Ақынның айтуынша, Қызылжардың тебірене тербелген қайындары, астарына жыр жасырған табиғаты Сафуан Шәймерденовтің ойлы, ел мен жердің қамын жеген азамат болып қалыптасуына әсер еткен. Марфуға Айтқожина жазушының жастарға да көп қамқорлық көрсетіп, үнемі жанашыр болып жүретінін тебірене жеткізді. Сөз соңында ол Сафуан Шәймерденовке арналған өлеңін оқып берді.
Кейін сөз алған ақын, Несіпбек Айтұлы осынау мерейтойға атсалысып отырған жазушының жерлестеріне алғысын білдірді. Ақынның Сафуанға арнаған өлеңі көптің көңілінен шықты.
Жиынға «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Диқан Қамзабекұлы да арнайы келіпті. Ол қаламгердің асқақ тұлғасы жайлы толғанысын білдірді.
– Сафуан Шәймерденов – көзі тірісінде ұлттың ұранына айналған тұлға. Біріншіден, мен Шәймерден әулетінің шаңырағы биік болсын деп тілеймін. Екіншіден, жазушы өзіне дейінгі ағаларының, Алаш қайраткерлерінің жолын жалғаушы болды. Мен құйқалы Қызылжар топырағына Әлихан бастаған Алаш зиялыларының келгеніне қуанамын. Сафуан Шәймерденов – солардың бел ортасындағы тұлға. Ендігі кезекте біз осы жерді баянды етуді ойлануымыз керек. Бүгінгі келген себебіміз де сол. Бұл – Қызылжардың ғана емес, бар қазақтың мәселесі, – деді Диқан Қамзабекұлы.
Ел алдына шыққан әнші, актер Нұрлан Өнербай да өрелі ойларымен жиналғандардың есінде қалды. Әнші Сафуанның бойындағы өр мінез, биік рух, қазақы қайсарлық жайлы әңгімеледі. Ол жазушыға ескерткіш пен көше беру туралы бастаманы бұдан 10 жыл бұрын көтерген екен. Нұрлан Өнербай бүгінгі шараның мерейтой иесіне емес, алдымен келешек ұрпаққа керек екенін жеткізіп, қызылжарлық қауымды әсем әнмен қуантты.
Жиынға қатысқан Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Сабыр Қасым, Ахметжан Әшири сынды қаламгерлер мен ғалымдар да Сафуанның ұлт руханиятында алатын орнына тоқталып, тағылымды ойлар айтты.
Шара соңында Сафуан Шәймерденовтің жерлестерінің атынан Жангелді Тәжин сөз сөйледі. Жазушының туысы Сайын Шәймерден де қаламгердің өмірі мен шығармашылығын насихаттау жолында кезек күттірмейтін мәселелер бар екенін айтып, осы жолда еңбегі сіңген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Шығармашылық кештен кейін жұртшылық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына барып, жазушының пьесасы негізінде қойылған «Дөкей келе жатыр» қойылымын тамашалады. Көрермендер жергілікті театр әртістерінің өнерін жоғары бағалап, қошемет көрсетті.
Мерейтой аясында жоспарланған шаралар легі мүнымен тоқтап қалмай, ертесіне жазушының туған жері Жамбыл ауданының Амангелді ауылында жалғасты. Өңір қонақтары жол бойы Қызылжардың табиғатына тамсанып, тербелген қайыңдар мен кең далаға сүйсінді.
Ауылға келген қонақтар алдымен зиратқа барып, Шәймерден әулетінің марқұмдарына Құран бағыштады. Бұл зиратта Шәймерден ақсақалдың өз қолымен жерлеген ашаршылық құрбандары да жатыр екен. Қаламгерлер ол қорымға да барып, аруақтарға дұға жасады. Кейін осы әулеттің қарашаңырағына барып, ескерткіш тақтаның ашылуына қатысты. Мұнда келгендерді мерейтоймен Президенттің кеңесшісі Бауыржан Омаров, аудан әкімі Марат Ескендіров пен Ұлықбек Есдаулет, Диқан Қамзабекұлы, Әділғазы Қайырбеков, Нұрдәулет Ақыш сынды қаламгерлер құттықтады.
Өкінішке қарай, қаламгердщ туған жерінің бүгінгі күйі көңіл көншітпейді. Бос көшелердегі қаңыраған үйлер мен қираған қора-қопсылар мерейтойға келген қауымның көңілін құлазытты.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан кейін жиналғандар ауыл маңындағы Отынағаш орманының маңында ұйымдастырылған шараға барды. Қонақжай ауыл тұрғындары мұнда киіз үй тігіп, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ауыл адамдарының айтуынша, жазушы осы Отынағаштың маңындағы қыстақта дүниеге келіпті. Жиналғандар тартысқа толы жас балуандардың күресін де тамашалады. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов атындағы мұражайлар да шараға құнды жәдігерлерін әкеліп, аудан орталығындағы Сафуан Шәймерденов атындағы кітапхана көрме ұсынды. Шара соңында ауыл тұрғындары қонақтарға дастарқан жайып, құрмет көрсетті.
Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдығы өңіріміздің мерейін өсірген рухани шара болды. Мұнда жиналғандар тек жазушы тұлғасын ғана сөз етпей теріскейдегі тіл, рух мәселелерін де көтерді. Алдағы күндері шара аясында қаламгерлер мен ғалымдар тарапынан айтылған мәселелер мен көтерілген бастамалар ескерусіз қалмай, өңір басшылығы тарапынан қолдау тауып, жүзеге асады деп күтеміз.
Диас АЯҒАН, « Солтүстік Қазақстан «.
______________________________________________________________________________________________________________________________
/ Диас Аяған. Сөз зергері – Сафуан. / Д. Аяған // Солтүстік Қазақстан. – № 108.- С.2 2022.