С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Қоғам қайраткері, талантты басшы Ніл Болатбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада тұлғаны еске алуға арналған жиын ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен мерейтой иесінің балалары, немерелері, әріптестері қатысып, есімі елімізге белгілі тұлғаның қызметімен өмір жолынан сыр шертетін естен кетпес естеліктер айтты.

Жиылғандардың назарына Ніл Адғамұлы жайлы бейнематериал ұсынылды. Ол Қарағанды облысының тумасы болғанымен, өмірінің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан өңірінде өтті. Азаматтың өлкеміздің дамуына қосқан үлесі өте зор. Облысымыздағы көптеген әлеуметтік және мәдени нысандар қоғам қайраткерінің ұйытқы болуымен бой көтерген. Елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге көп көңіл белген.
– Ніл Адғамұлының еңбек жолы Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз байланысты. Облыстың экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына шексіз үлес қосып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі, әр жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болған. Зейнеткерлікке шыққан соң облыстық ардагерлер кеңесін, ақсақалдар ұйымын, Д.Қонаев атындағы қорды басқарды. Іскерлігімен кеңшарлар мен кәсіпорындар басшыларына үлгі болды, – деді Марат Иманбайұлы.
1950 жылдан бастап Ніл Адғамұлы Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы, Приишим аудандық атқару комитетінің төрағасы, Октябрь (қазіргі Шал ақын ауданы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.
Облысты өркендетуді алдына мақсат еткен қайраткер Октябрь революциясы, 1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Ол кісінің көмегіне әрдайым жүгініп, кеңесін алғандардың бірі – қоғам қайраткері, облыстың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов.
– Тағдырдың жазуымен мен Нікеңмен өмір бойы қатар, қоянқолтық қызмет істедім. Ніл Адғамұлы «Адамның туғанынан бастап көз жұмғанға дейінгі өмірі сіздердің, кеңес қызметкерлерінің мойнында. Сондықтан оларға қамқор болыңдар», – деп ақыл айтатын. Ол кісінің осы кеңесін бүгінге дейін естен шығармай, орындап келемін, -деді Жақсылық Ғабдоллаұлы.
«Ер есімі – ел есінде» демекші, 2001 жылы қоғам қайраткеріне арнап мемориалдық тақта орнатылды. Облыс орталығындағы көшелердің бірі Ніл Болатбаевтың есімімен аталады.
Рабиға ЕРАЛЫ, « Солтүстік Қазақстан «.
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Рабиға Ералы. Есімі елдің есінде. / Р. Ералы. // Солтүстік Қазақстан. – № 108.- 2 бет.- 2022.