С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Қызылжардың жазық даласы, таза ауасы, ашық аспаны кімнің де болсын көңілін оятып, санасын сергітері анық. Содан болар бұл мекеннен жүрегі даладай кең, дәрежесі аспандай биік, рухы қарағайдай берік тұлғалар шыққан. Елге қамқор, жерге қорған болған ұлыларды тудырған осынау киелі топыраққа барша Алаш жұрты бас иеді. Бойына туған жердің қасиеті дарыған сондай атпал алыптардың бірі – Сафуан Шәймерденов еді. Заңғар жазушының халқымен бірге жасап, ойлы оқырманның жүрегінде өмір сүріп келе жатқанына биыл тура жүз жыл. Осыған орай қаламгердің ғасыр тойы туған жерінде кеңінен аталып өтілді.
Облысымызда жазушының мерейтойына арналған шаралар наурыз айында басталған еді Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Кәкімбек Салықовтың шығармашылығына арналып «Ұлтын сүйген ұлылар» деген атаумен ұйымдастырылған конференцияда есімдері елімізге белгілі ақын-жазушылар Сафуан Шәймерденовтің есімін жаңғыртып, шығармашыпығын насихаттау керектігін айтқан болатын. Енді міне, араға жарты жыл салып зиялы қауым өкілдері қаламгердің аруағына бас иіп, тағы да туған жерінде жинапып отыр.
Шығармашылық кешке Президенттің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Баршаңызды көрнекті қаламгер-драматург, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сафуан Шәймерденовтің туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралардың басталуымен құттықтаймын!
Бұл – бүкіл еліміз үшін айтулы мерейтой.
Сафуан Шәймерденов – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер. Қазақ әдебиеті классигінің прозалық еңбектері әлдеқашан қалың оқырманның жоғары бағасын алған. Ал драмалық туындылары еліміздің театрларында сахналанып, көрермен көзайымына айналған. Шын мәнінде, оның әрбір шығармасы – халқымыздың рухани мұрасына қосылған құнды қазына.
Сонымен бірге Сафуан Шәймерденов – ұлтжандылық пен отан-сүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, халқына адал қызмет еткен тұлға. Жазушының қайраткерлігі, әсіресе Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. Ол алаңға шыққан жастарды қорғап, тоталитарлық жүйеге қасқая қарсы тұрды. Ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білді.
Қазақтың біртуар перзентінің шығармашылық жолы мен азаматтық ұстанымы жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге бола береді деп сенемін», — делінген құттықтауда.
Жазушының мерейтойына орай ұйымдастырыпған іс-шарапар екі күнге созылды. Оның әлқиссасы С. Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиядан басталды. Мұнда жиналғандар жазушының ескерткіш тақтасына гүлішоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
(Соңы 2-бетте).
______________________________________________________________________________________________________________________________
/ Диас Аяған. Сөз зергері – Сафуан. / Д. Аяған. // Солтүстік Қазақстан. – № 108.- С.1 2022.