С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен санда).
1980 жылы Ақселеу Сейдімбековтің «Күмбір-күмбір күмбездер» деген тамаша кітабы шықты. Сырт пішімі жұқалтаң ғана, бірінші бетінде «Жоғары класс оқушыларына арналған» деген нұсқамасы бар. «Мектеп» баспасынан шығарудың амалы екен ғой. Оқып шығып, қатты ырза болдым. Тұнып тұрған тарих. Және Ақселеудің күміс шапқан қақшасындай көрікті, тіл өрнегі де зередей жарқырайды. Тақырып өзіме жақын. Қазақ даласындағы көне тарихи, табиғи ескерткіштер жайында. Отыра қалып, пікір жазбақ болдым. «Дайын асқа сыншы көп», алаулатып-жалаулатып, мақтай бермей, «алайда…» деп алып, күмілжуім де керек қой. Кемшілігін теруім… Оным таза библиография қылмай, рецензияға ұқсатайын дегенім. Жан қиыспас достың аяғынан шалғандай болмайын дедім де, өзім байқадым деген артық-кемін торкөзді шәкірт дәптеріне, (орысша!) жеке жазып қойдым. (Кейін марқұмның қолына тигіздім, архивінде болуға тиіс). Ал мына жазғаным – жадағай мақтау көрінгенімен, еңбекті қызықтыра түспек деп ойладым.
Кітап туралы осы жария пікірімді «Күмбірлеген күй кітап» деп айдар қойып, «Орталығыма» бердім. Сөйтсек, Ақаңның осы еңбегі жөнінде өзінің туып-өскен газеті білдірген мақтау-мадақ, республикадағы бірінші сөз екен.
Осы мақаладан біраз үзінді берейін. Бұл да естелік. Біздің өміріміз. Жастығымыз. Жазу өнерінің «қансонарындағы» алғашқы іздеріміз. Немере-шөберелеріміз көп сөйлеп кетті деп, ұрыспасын. Мақала былай басталады:
«Алғысөзі аты мәлім ғұлама Әлкей Марғұландікі… «сан ғасырды көктей өтіп. сабақтасып жатқан осы байтақ мәдениет қалдығын, көркем мұраларды жүйрік біліп түсінуге, оларға тарихи, ғылыми мән беріп, зерттеуге көп шеберлік керек», – депті. Тарих атты тұнған тылсымның таңғажайып сырларын сырбаз кестелеп, шымыр деректермен ширақ баяндау – әркімнің қолынан келе бере ме? Және де өтті-кетті, көшті-қонды демей, құбыласына мәдени мұра, дәстүр сабақтастығы деген шоқ жұлдызды қойып алып, тәуекел деп тартқан екен автор. Берісі он, әрісі он мың жылдық адамзат сапарының іздерін оймен шолып, ғылыми деректерге шұқшиып, өзінше пікір топшыламақ. Бүгінгі ұрпаққа қызық-ау, деген көненің кілкіген қаймағын сүзіп алып, алдына қоймақ.
Осы бір ізгі ниетті мақсұт етіп, ақселеу мініп, ақ берен тағып, ақ тілеумен аттанған екен. Автор сол жолдан қоржыны тоқ, олжалы қайтыпты. Күмбездер күмбірінің сырын ұғып, көкейге түйгені мен көргенін сыпайы ғана кітап етіп бастырыпты.
Иә, ғылым жолы шырғалаң, күрделі де қиын соқпақ. Ол кейде даңғыл көрінгенімен, қиырға салып, адастырып та кетеді. Немесе, тамсану-таңдану үстінде қиялды қияға шарықтатып әкетеді. Бас айналдырып, құздан құлдырамаға құлатады. Әлібін дәл басып, байыпты байламға жеткізгенше, көз қарықтырып, бел талдырады. Осы үміт жолында, ұмтылыс үстінде ұшырасқан әр зерттеуге кіріскен бойда ат басындай алтын тап, десек қиянат болар. Сонда да өзіннен бұрынғы-соңғы жазған-сызғанды сынай қарап, солармен сырласа отырып, өзінше толғаса несі айып?
Ой-хой, Сарыарқа! Сан ғасыр сарытап болып сақталған сырына сан сарбаз ұлың үңілді ғой. Ай бетінің ақырларына ат қойып, жұлдыздарды жіліктеп жатқан көзіміз ашық кемел шағымызда да сен бір ашылмаған планета ма едің? Жоқ, Геродот сынды жиһанкезден бастап, бүгінге дейін менің туған жерім туралы жазылған, айтылған мағлұмат көп-ақ, көп. Құладын ұшпас құба түз болса да, ата-бабамызға ана болған алтын бесік мекеніміз ғой. Әр кезеңде дәуіріне сай адамы, сана-сына сай мәдениеті, жазылмаса да, әдебиеті болған…» деп әрі қарай кете береді.
Бәлкім Ақаңа арналған тағы бір жинақтан осы мақаланың толық нұсқасы көрініп қалар…
Мақаланың соңғы сөйлемдері былай сырғиды:
«Күңгір-күңгір күмбездердің» тұрмыс танутарауын оқып көріңізші. Немесе, аңыз-әңгімелердің халықтың дәстүр-салтын ашатыны тұсына тоқтаңыз. Бізге тосырқау көрінгенімен, көнерген салт пен ескірген ертегінің желісі көрсоқырлық, кері кеткендік куәсі емес, қайта ерге жүзген өршіл ойдың, өмір үшін күрестің жемісі екенін аңғарасыз. Табиғат және адам. Немесе керісінше, екеуінің арасындағы егіздікті ет жүректі пенде кейде біле бере ме? Ол үшін сол табиғаттың өзімен ғана тағдырлас болып көріңіз. Сонда, әлгі өзіміз күлетін «бар тәуіріңізді ұзын сарыға сақта»‘ дейтін мәтелдің шындығына жетесіз. Осы кітапта келтірілген «Кетпен шоңы сайлы болсын, кер өгізің майлы болсын, жер ананың тоң кеудесі жібитін, тас емшегі иійтін шақ келді» деген дана сөздерді теркіндетіп көріңіз.
Жазушы Сейдімбеков «Күмбез күңгірінен» ән тапса, шомбал тастан сән тапса – үлкен олжалы екен. Сонысына қарай, дәл осы кітап әсемдік туралы тұнып тұрған поэзия болған да шыққан… Тарих-абыздың қай тамырын басса да, омыраулап келіп, өнерге табынады. Марксистік ғылыми метедологияны шамшырақ етіп ұстанған автор өнер туындыларын таптық тұрғыдан таниды. Оның эстетикалық көзқарасының темірқазығы тиянақты. Көз жұмбай әсіре мадақтау жоқ, өз биігіне шығып алып, басқаның шыңын көрмеушіліктенде ада.
Ойымызша, оқушысын табатын, оқылатын, рухани нәр беретін кітаптардың бірі осы…
Сейдімбековтің сары атандай желісті, төрт құбыласы келісті әуезді әңгіме-хикаяларын бұрын да білетінбіз. Дәл осы жолы мынадай жауапты жұмыс үстінде сол сүмбідей түзу, сүйріктей сұлу сөз сипаты бұрынғысынша, сырнайдай сыңғырлап ашыла түскендей.
«Ордалы тарихтың ортасынан ойып алып, көне мәдениет жөнінде ойларымды ортаға салдым. Оқы. Сен де ойлан. Бұйдасын қолыңа бердім, жетеле де жүріп көр оқушы» деп жол сілтеген тілек таныдық осы кітаптан».
Тақырыбы тың, зерттеудің әдістәсілдері де қызық, танымдық құны қымбат еңбек ретінде «Күмбір-күмбір күмбездер» зиялы қауымның назарына бірден ілікті. Мақталды.
Келесі жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы осы кітапты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Протоколынан бастап, қағаздарын орысша-қазақша мен даярладым. Үкімет талабына сай рәсімдеп, Алматыға, Ақаңның үйіне апарып бердім. Ұмытпасам, қабылдау мерзіміне бір апта ғана қалған екен. Ақаңның үйіне бір күн қонып, ертеңіне қайттым. Кітап жаппай талқылауға ұсынылды.
Әлі есімде, Ақаң: «Бұл кітапқа сыйлық бермейді. Оны білемін. Бірақ, бәйгеге кейін тағы қосылсам, бұл керек болады», – деген еді. «Бермесе, неге арамтер болдық», -деп мен қалжыңдадым. «Жоқ, сендердің газеттеріңнің атына да жақсы болады. Мемлекеттік сыйлыққа шығарма ұсынып жатқан мұндай облыстық газеттің редакциясы жоқ», деді. Осы жайды Ақаңның өмірдеректерін түгендеу мақсатында еске алып отырмын. Яғни, Қазақстанның ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлығын профессор Ақселеу Сейдімбек екінші рет, басқа еңбегімен ұсынылып, алған болатын. Марқұмның көп адам біле бермейтін жағдайының бірі-осы.
Ақселеу Сейдімбектің кәсіпқой журналистік қызметтен 1987 жылы аяқ астынан қол үзуіне тура келеді. Қазақстандық жастар баспасөзінің тамаша үлгісі болып үлгерген «Білім және еңбек» журналының тектес басылымдар арасында Одақ бойынша бірінші орын алғанына қарамастан және бас редактор ретінде БЛКЖО-ның ең жоғары марапаты -Құрмет грамотасымен марапатталғанына қарамастан, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты «Қазақ ұлтшылдығын дайындаушылар» санатында комсомолдың Орталық комитетінің бюросында ол бас редакторлық қызметтен босатылды» дегеніміз екі ауыз ғана қарасөзге жүк болған өңсіз ақпарат қой. Сол ақпараттың алды мен соңында, басталуы мен нәтижесінде Ақселеу Сейдімбеков сынды Азаматтың қанша жүйке-сезімі, денсаулығы мен арман-тілегі, жоспар-мүраты кетті десеңізші! Ет-сүйектен жаратылған пендені тірідей көрге көмумен бірдей, сол бір күндер мен апталар, айлар өтіп, жылдарға созылған қиянатқа Ақаң душар болды.
1986 жылғы дүрбелең – қазақ тарихында бедері қалған тарихи оқиға ғана емес, сонысымен де, «қазақпын» деген әрбір саналы азаматқа сын болғанын замандастарым ғана біледі. Кімнің кім екені бір ғана сәтте ашылып қалды. Иә… Кейінгі ұрпаққа түсініксіз қалған, әрқайсысымыздың жүрек түкпірімізде, о дүниеге бірге кететін сыры бар, жақсы-жаманы аралас құбылыстың жұмбақ жағы көп болған. Шетін пікірге қимайтын, өзім қатты сыйлайтын талай азаматтың сол сәттерде сыр беріп қалғандығын көрдік, кейідік. Тіршілік үшін күресуге тиіс жәндіктің әрекетіндей, ғылымдағы «өзін-өзі сақтау инстинкті» деген мақұлық сезімге бой алдырған дос-туыстарымыз туралы Ақаң екеуміз кейін өкінішпен еске алатынбыз. Бірақ арым таза, шынымды айтайын, солардың әрқайсысын ақтайтын дәлел тауып, «енді қайтсын, байғұс. Онікі де дұрыс, әйтпесе…» деп кешірім бердік.
«Білім және еңбекке» сәтті тағайындалды-ау деп күткен Ақамыз сегіз қырынан бірдей жарқырап шыға келді. Мүмкіндігі газеттен де көп басылым бетінде құлаш сермеп көсілуге, тақырып таңдауға өзі де лайық редактор, әрине, бірінші кезекте, қазақ мүддесі, қазақ тарихы мен қазақы тәрбие дегенде еркінсіп бара жатқанын қырағы көздер қиырдан шалып, бақылауға алды. Енді қарап отырсам: «Ой, арманда кеткен Ақам-ау, қазақта нең бар еді! Сені жанып жатсаң да, оттан суырып алатын қай қазағың бар еді, өңшең құлқынның құлы, қарынға билеткен мансапқор емес пе еді айналаң!» деп күйзелемін қазір. Елде қаптап келе жатқан «аралас мектеп» дегендерге Ақаң согыс ашты. Жер бетіндегі қазақты түгендеген Мақаш Тәтімовтің зерттеу-саралау мақаласын 1986 жылдың соңғы номерлеріне екі бөліп басып жіберді. «…Осы бетімен өсе берсе, алдағы уақытта Қазақстан амандық болса. 40 миллион халқы бар, көпұлтты республикаға айналады. Қазақтың үлес салмағы алпыстан асып, жетпіс процентке жуықтайды…», – деп қуанды. Таралымы, сол кезде 73 мыңдай, журнал «Білім және еңбек» қазақ балаларының іздеп тауып, жастанып жатып оқитын білім кеніне, ұлттық намыс, жігер тәрбиесіне айналып еді.
Кейін естідік қой: «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ( КГБ) Чугаев деген бөлім бастыгы «Көшпелілер» («Кочевники») деген атпен Шона Смаханұлының, Ақселеу Сейдімбектің, Мұрат Әуезовтің, Олжас Сүлейменовтің сырттарынан іс жүргізіп, қылмысты деректер жинапты…» дегенді…
Ақселеу Сейдімбектің сағын сындырып, саяси айып тағып, қаңғытып жібермек болғандар, оның кім екенін әлі де білмеген екен. Өртеп жібергенде, өз күлінен қайта тіріліп шыға келген аңыздағы нағыз Феникс екенін Ақаң қазаққа танытып кетті. Бағына қарай, арайлап Тәуелсіздік таңы атты, сағынған Сарыарқасына Астанам келді, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді…
…Алматыдан поезбен келе жатырмыз. Купеде өнерпаз жастармен көрші болдық. Домбыра бар екен. Біздің Күлекеңці (менің жұбайым – Гүлнәр) танитын тағы біреу кездесті. «Өлең айтыңыз», – деп қинады. Дастарқан жайылды. Гүлекең «Арман-айды» бастап жіберді. Бұл әнді ол белгілі әншілерден бөлегірек орындайтын. Бір уақытта, купе есігінен күлімсіреп, Ақаң қарап тұр. «Әй, Шаншарларым-ай! Мәдидің тұқымдары қайда жүрсе, ән айтады». Сөйтсек, шеткі купеде демалып жатып, «Арман-айды» естіп келіп тұр екен. «Гүлнәрдің жаңағы «Арман-айы» – нағыз түпнұсқа деуге болады. Жасымда, өз шешемнен осылай естіп өскенмін. Бесік тербеткендей, бірқалыпты, баяу шайқап отыру керек.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.
(Жалғасы бар).
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Тайшыбай Зарқын. Ақселеу. / З. Тайшыбай // Солтүстік Қазақстан. – 17 қыркүйек.- 5 бет.- 2022.