С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Ақселеу екеуміз әрі жерлес, әрі құрдас, әрі әріптес-журналист ретінде ғана емес, біздің әуелден жан сала кіріскен екінші кәсібіміз, ақысыз-пұлсыз арқалаған бейнетіміз – Қазақ тарихының мәселелері болғандықтан, қан жақындығынан гөрі де, рухани туыстығымыз қымбат болатын. Біз, әділін айтқанда, қазақ тәуелсіздігін аңсаған аздардың қатарынан болатынбыз. Кезінде «ұлтшыл» деп қара таңба басатынын, басқандығын, кезегіңді шегеріп, өрісіңді тарылтатынын білсек те, түкпірдегі бір құпия күш, жасырын сезім, бойды еріксіз билеп, сыртқа шығуға тебінетін, кейде сыртқа шығыпта кететін.
Бұл енді, асыл азамат туралы естелігімнің әлқисса, толғауы болсын. Толғауы ғана емес, ұстанатын құбылам, есіме алып, қағазға түсіретіндерімнің мазмұны да осы ретте. Алайда сауатымыз бар, бір кісідей біліміміз, қазақы һәм советтік тәрбиеміз бар ғой, ашық ұлтшылдыққа барып, басын жарып, көзін шығарғанымыз және жоқ. Бұл жағынан Ақаң менен де сақ еді, білмеймін неге екенін, тоқсаныншы жылдары жазап тартты. Тұла бойы таланттың қайнары, қай жағынан қарасаң да, өнердің кені болған азаматты көре алмаушылар жала жапты. Және сол жала іске асып, оның тағдырын өзгертіп жіберді. Бір есептен, орыстар айтпақшы, «нет добра без худа», деген сияқты, Ақаңды шар болаттай ширатты. Ғылымның әліппесінен қайта бастап, құзар басына дейін өрмелетті, табысты етті, талай пенделерге өзінің кім екенін көрсете білді. Қазіргі жұрт білетін Ақселеу Сыланұлы Сейдімбеков етіп қалыптастырды.
Кезінде «Жалын» журналының 1987 жылы 7,8-сандарында шыққан Темірболат Ахметов деген автордың жазғандары туралы өзінен сұрағанымда, Ақаң: «Ондайларға назар аудара берсең, кәртайып қаласың», -деп әзілдей салып еді. Қажырлы, қайратты адамның сөзі.
Тіпті газет бетінде Ақселеуді көпепөрнеу қаралап, шындықты бұра жазған жазбалар да бір кезде өршіп берген. Сондай шақтың бірінде, мен өзім төсек тартып жатсам да, Қызылжардан телефон соғып, «Ақа, мен сені қорғап, жақтап материал жазайын», -деп ынта да білдірдім. «Жоқ», – деді ол.
– Саспа, мен таза болмаған соң, ұйымдастырып жатыр деп ойлайды. Жаза берсін. Менің қандай кінәм бары-жоғы әлі-ақ дәлелденеді», – деп маған тыйым салды. Бір-екі рет оқталып, жазбай қалдым.
Ақаң Қарағандыдан өсіп, Алматыға барған бетте-ақ, оңтүстіктікі емес болғандықтан, оның «Социалистік Қазақстан» сияқты журналист біткеннің арманы болған газеттің әдебиет бөлімі сияқты үлкен қызметке келуін қызғанып, бірден тітіркенгендер тіс қайрады. Сол кезде Алматыда, тағылыққа бергісіз осындай бір өте жайсыз жағдай орын алған. «Биографияң келсе де, географияң келмейді» деген жетесіз сөздің таралуы тегін емес. Оны да білемін. Бірақ Ақаң тіс жарып айтқан емес, ондайдан биік еді ғой. Мейлінше таза жүріп-тұруға ұмтылды, сақтанды. Тіпті жылы жақтың мінез-ғұрпына еріксіз бейімделіп, Арқадан дарыған арынын тежеп ұстады. Әлгі, «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» дейтін әзілдің шындығы да болғанын айта кетейін. Бірде, сол музыкалық телехабар Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналды. Жәнібек «Көкшолақты» айтқаннан кейін, Ақаң қостап: «Қандай ғажап, болмысы бөлек ән! Тұнып тұрған сезім, әсер… Енді Кенекең де тумайды, мұндай ән де тумайды», – десін. Шынында, «Көкшолақ» жақсы ән болса, болған шығар. Бірақ «Енді мұндай ән тумайды» деп, күйзеле күңіренуді артық көріп, Ақаңа телефон соқтым. Әзіл-шыны аралас: «Ей, Ақам-ау, мен сені бірдеңе біледі деп жүруші едім, мынауың не? Енді «Кенен тумайды» деп көз жасыңды төгіп жібергенің. Кенен тумаса, бүкіл қазақ өнері құрып қала ма?»- деп зекідім. «Ұрпаққа осылай тәрбие бересіңдер, ақиқаттан аттап», – деп қосып қойдым. Ертеңіне Ақаң маған қайта телефон соғып, «Қарағандыда жатырсың. Бұл – Алматы. Сен біле бермейсің ғой», – дегенін неге ұмытайын. Міне, біздің ұрпақ осындай баспақ тірлік, көріксіз кезеңді де бастан кешкен.
Ақаңның «Лениншіл жас» сияқты шығармашылық мектептен тәлім алып, өртеңдегі көктей, қаптай өсіп келе жатқан, құрдас, замандас, біріне бірі жедеғабыл, үзеңгі қағысып өрлеген өңшең талапты жастың бәсекесі ортасында пісіп-жетілуі үлкен бақыт еді. Осы бақыт өзімізге бұйырмағанына іштей өкінетінбіз.
Әр санын асыға күтіп, Сейдімбеков, Сегізбаев, Бодаубаев, Нұрғалиев, Құрманғалиев, Сарбалаев. т.б. өзімізге көзтаныс әріптестеріміздің жазғандарын Лениншіл жастан» оқып, қуанып отыратынбыз, Әлі есімде, Оралхан Бөкеевтің, ұмытпасам, «Жұлдыз жауған түндер-ай» деген тақырыппен басылған ақ өлең сипатты толғауын екі-үш қайталап оқығанбыз. «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі ретінде Ақаң Қарағандыдан, Ақмола, Қостанай өңірінен көп материал жазды. Бір ғажабы, сол көптің екеуінің бірі – очерк. Тіпті ұмытқам жоқ, Қостанайдың бір механизаторы, аты Баязит Жақсылық-ау деймін, сол туралы тізбекті үш очерк жазды. Үшеуі де әдемі.
Сұңғыла жаратылған азамат көп жер аралап, көп адамдармен кездесіп, көп оқып, өзін-өзі қайрап, ой-өрісті салқар жазушы Сейдімбеков болып қалыптасты.
Ақселеу, әсіресе Теміртау сияқты өндіріс ошағындағы қазақ жігіттері мен қыздарын іздеп тауып, соларды дәріптеді. Мысалы, домна пешінің горновойы Нұрсұлтан Назарбаев, мартен пешінің конвертері Арғын Жүнісов, Алтынбек Дәрібаев, Төлеген Адам-Юсупов сияқты болашақ қайраткерлерді ашқан журналист Ақселеу Сейдімбеков деуге құқым бар-ау деймін.
Мен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне 1973 жылы келгеннен кейін, екі жылдан соң газет редакциясының жауапты хатшылығына «Лениншіл жастан» Ақселеу келді. Аз уақыт бір ұжымда болдық. Ақселеу марқұмның кісілік қасиетін ашады-ау деп, бір жағдайға тоқталмақпын.
Қарағандының газетінде Ақаңмен бірге ҚазГУ-де оқыған Шайхан Жандаев деген азамат болды. Бізден үш жастай кіші, бәкене бойлы, қолтоқпақтай ғана, мінезі жуас жігіт болатын. Нағашы атасының қолында тәрбиеленген, шалдың баласы екені көрініп тұратын. Ақкөңіл, аңқау, оңысолына сақ қарауға дағдыланбаған, баламінезді еді. Жап-жақсы ақындығы да бар. Ол кезде редакция аппаратындағылар – кілең 50 мен 60-тың арасындағы «қу мүйіздер», тіс қаққан, 20-30 жылдан істейтіндер. Кемшілік болмаса да, табады, мақалаңды ебін тауып, түкке алғысыз етіп тастайды. Жастарға жол бере қоймайды. Сол жастардың қатарында 25-тегі Шайхан мен 31-дегі мен бармын. Маған құрдас керек, Шайхан досымды айналдырамын. Албырттық па, кейде батырыңқырап жіберсем керек. Сонда, Ақаң: «Менің Шайханыма тиме, ол асыл жігіт», деп қоятын. Бір емес, бірнеше мәрте солай дегені бар. Қазір ойлап отырсам, жасыңнан бірге өскендерге сыйластық қана керек екен ғой. Тіпті кейін Ақаң өзі Алматыға, «Социалистік Қазақстанға» қызметке кетіп бара жатып, әдейі бұрылып: «Зақа, Шайханымды саған тапсырдым», -деп қиыла сұрағаны әлі есімде.
Ақаңның сырт тұлғасы «Қазақ болса, осындай-ақ болсын» дейтіндей қалай көркем болса, мінезге де бай еді. Анық келіспей, айқаса кеткелі тұрған бізге: «Сабыр. Сабыр. Кішкене күт, уақыт өтсін, содан соң қайта бастайық», – деп жаңағы шиеленіскелі тұрған түйінді тарқатып, әдемі әзілмен әдіптеп жіберетін.
Ақаңның Жайық аға Бектұровпен достығы, Евіней Бөкетовпен шығармашылық ынтымағы туралы бірталай куә болдым. Мысалы, Бөкетовтің «Человек, родившийся на верблюде» деп қойған тақырыбын қазақшалаған Ақселеу еді. «Атан қомында туған адам». Сол кітаптың қолжазбасы түгелдей Ақаңның қолынан өтті. Қазақ тарихы мен этнографиясына жасынан қанық болып, оларды кейін ғылыми біліммен байытқан Ақамыз, алпысқа жетпей-ақ қазақтың абыз ақсақалындай толысты. Әлдеқалай, қазақ тұрмысына қатысты материалды , өзі айтқандай «сақал-мұртын басып», «пернетиегін түзеп», «ішектерін күйіне келтіріп», сыңғырлатып жөндеп отырғанын көргенмін. Өзі авторы болмаса да, үстінен қарағанның өзінде, қолжазбаны құлпырта өңдейтін адалдығына куәмін. Ақселеудің қолтаңбасы танылып тұрған эссе сипатты әсем ширатылған мақала ма, очерк пе, басқа біреудің қолымен жарыққа шыға беретін. Оның мұндай редакторлығын байқаған жалғыз мен ғана емес шығармын. Осымен тоқтайын,
Біз ұсақ-түйек көретін болмашының өзін шежірелетіп бастап, шешен тарататын. Сонысымен-ақ замандастарынан оқ бойы озып отыратын.
Жақсының атына өзін қосақтамаса, қазақтың аузының дәмі кіре ме, әуелде айтқанымдай, мен де қазақтың өткеніне, ескі тұрмысына, хандары мен би шешендеріне ыкыласты болдым. Осыны білетін Ақаң «Сен архивті көп қарайсың ғой, қазақтың ұлттық спортын байқай жүрші», – деді бірде. «Қазақ» әндері мен күйлерінің тарихы – тұнып тұрған тағдырлы тарих», деді бірде. «Абылай хан мен батырларының арасы қандай болды екен?» деді бірде. Әркайсысы бір-бір кесек тақырып. Сонда, ғалым Ақаңның сергек жүреп осындай қазақ мәселелері теңірегінде толқиды екен ғой.
Тағы бір ұмытылып бара жатқан тамаша үрдіс – қазақ тілді баспасөздің тілі мен стилі «Лениншіл жастың» ықпалымен еркін көсіліп, көркемдікке қарай құлаш ұрған кез болған. Осыны байқадық, ептеп еліктедік. Бұл- 1963 жылдардан бастап, 1975 жылдардың ортасына қарай өрістеген үрдіс. Өзіміз де солайлап, «партиялық» сірескен тіркестер мен, саясат үйірінен шыға алмай кісінеген тай-құлындай, әрілі-берілі ойнақтап, көбіне сызылып қалып жүретін сөйлемдерге жуық болдық. Сонда, шығармашылық жиындардың өзінде. «көкмүйіз» ағаларымыз облыстағы бізге: «бұл саған «Лениншіл жас емес», оған да тоқтау болар. Бетіңмен лақпа. Партияның, оның насихатының өз тілі бар» деп тізгін тартқызатын. Мұны менің замандастарым, кейбір ізбасар інілеріміз ұмытқан жоқ шығар. Сол мектептен келген Ақселеуді қорған тұтып, кейде көсіліңкіреп, шешіліңкіреп кеткен кез де болған. Мен кірме сөздерді қазақы киіндіріп, құлаққа жағымды болсын деп, «станцияны» -станса, «поезды»-пойыз, «ведроны»-бедіре деп жаза бастадым. Бірақ газетке шыққанда, орысшасы өзгөрмей қалады. Сөйтсем, редактор түзейді екен, байқамаған болар деп, маған ескертпейді екен. Бір күні Ақаң, кабинетке келіп, есікті жауып, жанжағына қарап, «редактор сенің стансаң мен пойызыңды түзетем деп қажыдым дейді. Сенікі теріс емес, бірақ соны қайтесің, бұрынғысынша бола берсін», – деп қарап тұр. «Редактор өзіме неге айтпаған?» – десем, нредактор сенікі қате емес екенін білмейді дейсің бе, ана жақтағылардан қорқады ғой», – деді. Шынында менің «нағыз қазақшам» «Ақ үйдегі білгіштерге» ұнамаған болса керек. Қазақ тілінің тағдыры туралы сол жерде біраз сыр шерттік…
Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.
(Жалғасы бар).
____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Зарқын Тайшыбай. Ақселеу / З. Тайшыбай. // Солтүстік Қазақстан. – № 106.- С.5 2022.