С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
«Туған жер» жобасы аясында Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылындағы бір көшеге өңіріміздің білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан белгілі педагог Нұрмақ Жүнісовтің есімі берілді. Сондай-ақ аудан орталығында ұстаздың құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Нұрмақ Жүнісұлы саналы ғұмырын ауданның дамуына арнады. Кішкенекөлден шалғайда орналасқан елді мекендерде мектептер салып, ағарту саласына өлшеусіз үлес қосты.
– Мемориалды тақтаның ашылуына ел ағалары, белгілі азаматтар жиналып отыр. Сіздер Нұрмақ ағамыздың көзі тірісінде атқарған еңбегінен хабардарсыздар. Ардақты ұстаздың болашақ ұрпақ үшін атқарған ісі – жас ұрпаққа үлгі, – деді Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев.
Нұрмақ Жүнісовке арналған мемориалдық тақтаны ашу құрметі аудан басшысы мен ұстаздың ұлы Орал Жүнісовке берілді. Қайрат Сәкенұлы тақтаның ашылу салтанатынан кейін ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
– Бүгінде ауданымызда жаңа орталық стадионның құрылысы жүргізілуде. Алдағы тамыз айында пайдалануға берілмек. Былтыр мұз айдынының құрылысы басталған болатын. Алдағы уақытта бір күнде 250 адамды қабылдайтын емхана салу жоспарлануда, -деді аудан әкімі.
Өткен жылы ұстаздың еңбегі елеусіз қалмасын деп бастамашыл топ оған мемориалдық тақтадан бөлек, көше атауын беру туралы ұсыныс жасаған еді. Нұрмақ Жүнісов атындағы көшеде «Гауһартас» мейрамханасы, «Күншуақ» балабақшасы сияқты әлеуметтік маңызы зор нысандар орналасқан. Аудандық орталық кітапханада «Ұстаз Нұрмақ Жүнісовті алтын діңгекке теңер едім…» атты конференция ұйымдастырылды.
Гүлнәр АПЛЕСАНОВА, Уәлиханов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Гүлнәр Аплесанова. Еңбегі ерен тұлға. / Г. Аплесанова. Солтүстік Қазақстан.-30 маусым.-2 бет.-2022 жыл.