С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Мен Аяған дейтін жігіт барын 1978 жылы білдім.
Сол жылдың жазы, арманшыл күндеріміз ең бір ғажап сәт сияқты қол бұлғайды… Болашақта әртіс болғысы келген арманы асқақ жастар әр жақтан жиналдық. Аяған солардың бірі болатын…

Өмірдің бәрі – алда. Қызық-қуаныш, бақытты болашақ қол бұлғайды, бізді асыға күтеді. Біз де оған асықпыз. Махаббатымыз, мөлдір сезімдеріміз жүрегімізде тулап, тыншу бермейді. Не керек, таңғажайып бір әлем…
Адам жас кезінде әдемі, сұлу, көркем көрінеді. Оның үстіне сезімшіл болса, Алла дарынды етіп жаратса, тіпті ғажап емес пе?! Міне, біз шетімізден сондай болатынбыз.
Әртіс болу деген – әдемі болу деген сөз. Олардың жүрген жерлері жыр-думан, шалқыған шаттық, құрмет-қошемет көрінетін бізге. Өйткені ауылымызға өнердің талай саңлақтары келген. Жұрттың жапырыла қарсы алып, ыстық құшаққа орағандарын, әуезді әндерін естіген үстіне ести түскісі келгендерін көріп өскен ұрпақпыз. Әрине, содан кейін әртіс болуға кім құмартпайды? Мен де солардың бірі едім. Бірақ бірден жолың бола бере ме? Мен де әуелгі талпыныста тауым шағылып үйге оралдым. Одан кейін бос жүре беремін бе деп, Талғар аудандық «Алатау» газетіне жұмысқа бардым. Газет болғанда, оның баспаханалық жұмысы. Терімші болып орналастым. Ол өзі қара жұмыс. Үйренісе келе, баспахананың, редакцияның тірлігіне төселе келе – сатылап өсіп, газеттің аппаратынан бір-ақ шықтым. Корректорлық қызмет. Редакторымыз – Асыл аға. Бүгінде талай уақыт өтті ғой, фамилиясын ұмыттым. Сол кісі тамаша адам болатын. Бөлмеде газеттің басылатын беттерін оқып отырып ән саламын. Оны Асыл аға бір емес, бірнеше рет тыңдап жүріпті. Жәй тыңдамай, есіктің сыртында түрып құлақ түреді екен. Бір күні кіріп келіп:
– Алма, әнің әдемі екен. Даусың да жақсы. Сен мына жұмысты қойып, әртіс болсайшы,-деді.
– Аға, өзімнің де арманым әртіс болу еді. Бірақ түсе алмадым ғой, -дедім. Сол-ақ екен Асыл аға жайнап, жайраңдап сала берді.
– Ой, Алмажан, енді ол жағынан қам жеме, Менің бір мықты досым бар. Оны сен білесің. Рахметолла Төлеубеков! Рахаң жақында осында келеді… Міне, как раз сені сонда оқуға түсетін етемін, – деді.
Сонымен уәделі сөз айтылды, уақыт білдіртпей өте берді. Күнделікті жұмыстың күйбеңімен оқуды да ұмытқандай едім. Цех бастығы келіп:
– Алма, тебя зовет Асыл аға, -деді. Не болып қалды екен деп жетіп бардым. Сөйтсем, айтып жүрген Рахметолла ағай келіпті. Жанында бір журналист кісі бар. Есіктен енгенім сол:
– Ей, достар, менің сендерге айтқаным мына қыз. Өзі бір танысымыздың қызы. Әкесі озат шопан. Оқуға түсірсеңдер, бір қойын жеп кетесіңдер ғой,-деп күлді.
– Қойын сойып, қуырдағын берсе болды емес пе! Оқуға түсіру деген не ол, өзі талантты болса, – деді Өкіреш ағай. Бүкіл ел ол кісіні атымен атамай, «Қымызханадағы» ойнайтын кейіпкерінің атымен атаушы еді.
Ағай шақырды, мен көріндім -осымен іс бітті. Ары қарай күнделікті жұмысымды атқаруға жөнеп бердім. Содан оқуға қабылдайтын уақыт келгенде Асыл ағай жұмыстан босатты. Өкіреш ағай көмектесті. Сөйтіп, бағым жанды.

Ал енді, сырттан келетіндерге оралайық. Олар облыс-облыс бойынша жиналып, бір-ақ келеді екен. Ол уақытта біз қабылданып қойғанбыз. Дүниеміз түгел. Алайда қабылдау біткенге дейін сонда жүруіміз керек болды.
– Алма, облыстан келетін талапкер қыз-жігіттерді қабылдайтын комиссияның алдына қоятын сусын керек, соны өзің ұйымдастыршы, – деді Райымбек Сейітметов ағай. Ол кісі айтты, ендеше айтқанын жасау керек. Дереу талапкерлердің санын біліп алып, қажетті ақшаны жинай бастадым. Аяғанның көзіне сонда түсіппін. Кейін:
– Даусың шіңк-шіңк етіп жаныма келдің. «Ағай-ағай, елу тиын беріңіз, су аламыз», – дедің. Сондағы даусың-ай! Әлі күнге дейін құлағымда тұр, -деп еске ала беретін еді.
Біз оқуға түсіп қойған мыклылармыз. Көпірден өтіп кеткенбіз. Енді не істейміз, қабылданатын болашақ курстастарымыздың өнерін тамашалап отырмыз. Міне, сонда Аяған «Бесқарынның монологын» оқыды. Залда отырған үш-төрт қыз күлкіден мырс-мырс етеміз. Аяған содан «Бесқарын» болып кетті. Оны көрсек, «анау Бесқарын» дейміз, «Бесқарын келе жатыр» дейміз жымыңдасып. Қысқасы, айналдырған айға жетер-жетпес уақытта жақсы таныс болып қалдық.
Осылай оқуға түстік. Үш-төрт күнгі сабақтан кейін Райымбек ағай: «Сендерге бүгін тапсырма беремін. Этюд жасауларың керек. Ішінде сөзі жоқ, алайда қимыл, әрекеттеріңнен көрермен әңгіме не туралы екенін ұғатындай болсын», – деді. Айтып тұрған кезде ойымызда болды, әркім өзінше толғанған шығар. Шыны керек, біз, жанымдағы бірге жататын қыздар сыртқа шыға оны ұмытып кеттік. Мәдина, Ира, Гүлжамал және мен төртеуміз бір бөлмеде тұратынбыз.
Бір күні есік қағылды. Іште ашық-шашық жүргенбіз. Бәріміз «ашпа, ашпа!» деп шулай жөнелдік. Қасымдағы қыздардың темекі шегетіні болушы еді, қырсық қылғанда бөлменің іші көлбеңдеген көк түтін… Дереу терезені ашып тастадық. Аяған ішке кірді де, екі қолымен түтінді екі жаққа сейілтіп, жан-жағына сүзіле қарады. «Әй, қыздар», – деді. «Иә, не болды?
Не айтасыз?» – деп жатырмыз. «Сендерге этюд керек пе?» – деді. Әрине, керек. Ол туралы әлі ешқайсысымыз ойлаған жоқ едік. Бәріміз бірауыздан «керек, керек», – деп шуладық. Аяған керек деген қыздардың ешқайсысына қарамай, менің қолымды ұстап, «жүр, кеттік», – деді. Сол қол ұстасқан күйі бөлмесіне ендік. Барған бетте ол этюдтің мазмұнын айта бастады. «Сөзі ең соңында ғана айтылады», -деді. Бөлмелес жігіттермен әңгімелесіп біраз отырып, қайтып оралдым. Қыздарым асыға күтіп отыр екен:
– Иә, қандай этюд? – деп бәрі маған сыр тарта қарады. Мен күлдім де:
– Оны кейін бір-ақ көресіңдер. Қызық этюд,-дедім.
Сол күннен бастап Аяған екеуміз жиі жүздесетін болдық.
Класқа елден бұрын барамыз. Дайындаламыз. Кешкілік уақытта мүмкіндік болса, және қайталаймыз. Осылай жүргенде оның білімі терең екенін аңғардым. Көп оқыған. Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жатқа айтатын сияқты. Кейін қаншалықты білімдар екенін сабақ үстінде де көрсетті. Мұғалімдөрмен жағаласып отырады. Олардың айта бастаған кітабын әлдеқашан оқып тастаған. Енді орыс тіліне келгенде оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Анна Гайфуровна деген ұстазымыз болды. Өзі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Аяған бәріміздің соңымызда отырады. Анна апайымыз мысал келтіре бастаса, жағаласып сөйлеген даусы естіледі. Оған ана кісі мәз. Арасында екеуі ұзақ-ұзақ сөйлесіп кетеді. Тіпті Аяған өзін еркін ұстап тақтаға барып қалатын.
Өкіреш ағай да сабақ берді. Ол кісінің де оқымайтыны жоқ екен. Әсіресе қазақ әдебиетіне келгенде Аяған екеуі бәрімізді ұмытып, әңгімені қыздыратын.
Енді театр тарихы сабағына келгенде Аяған тағы да көзге түседі. Ахметжан Насырұлы Қадыров дейтін ағайымыз қазір де бар, сол кісі оны өте жақсы көретін. «Аяған, сенен көп үміт күтемін», – дейтін. Олай дейтіні, ол орыс әдебиетіне де, шетел әдебиетіне де өте жүйрік. Сонысы арқылы әуелгі күннен-ақ ұстаздардың көзіне түсті, көңіліне жол тапты.
Қойшы, мұның бәрі оның артықшылығы дейік. Дәл қазіргі айтайын дегенім алатын актерлік шеберлігімізге байланысты сабақ жайында. Соның бірі өзіміздің ойластырған этюдтік көрінісіміз. Райымбек ағайдың айтқан күні жақындаған сайын бәрімізден дегбір қашты. Әркім өзінше әлектенуде. Бірақ ешкім құпиясын ашқысы келмейді. Ең ақырғы сәтте бірақ тамсандырайық дейміз ғой. Не керек, өнерімізді көрсететін, өзіміз отырып тамашалайтын үлкен залға жиналдық. Алдыңғы қатарда Райымбек ағамыз бастаған қауым. Концертмейстр де сонда. Курстастарымыз өздері дайындаған этюдтерін қойып жатыр. Біреуі маймылды жасайды, екіншісі қасқыр болады дегендей… Кезек бізге де келді. Екеуміз сахна сыртына шығып кеттік. Аяған анадай жерде тұрған ұзынша орындықты әкеліп ортаға қойып, қайтадан қасыма келді. Енді этюдіміз басталу керек. Бәрінің назары бізде. Екеуміз айналаны қызықтаған, табиғатты тамашалаған болып келеміз. «Аспан да әдемі. Қандай ғажап», – деп қоямыз. «Күннің нұрын-ай!» – дейді ол. Мен залға қарауға ұяламын. Әйткенмен біреулердің қыстығып күлген үні естіледі. Мейлі, күлсе күле берсін! Оны ойласаң, рөліңнен жаңыласың. Менің ойым солай. Сөйтсем, оларды күлдіретін Аяған екен. Оның қалай қимыл-дайтыны, не істеп жүргені мен үшін жұмбақ. Өйткені өзіммен-өзіммін. Этюд бойынша мен орындыққа келіп отырамын. Аяған арт жағымнан келу керек. Бір мезет курстастарыма көзімнің қиығы түсіп кетті. Бәрінің езулерінде күлкі, тіпті дауыстарын шығармау үшін бұғынып алғандары да бар. Райымбек ағайға қарасам, бұл енді қайтер екен деп үн-түнсіз бағып отыр. Кейін білдім ғой, елдің неге күлетінін. Оны Аяғанның өзі де айтты. Артымда тұрып маған жақсы көретінін білдіру үшін қайта-қайта ұмтылады екен.

Әртүрлі қимылдар жасайды. Бірақ ойын айтуға батылы жетпейді. Солай қашанғы қорқақтап тұрсын, бір уақытта бүкіл күш-қуатын жинап алып, орағытып алдыма жетіп келді де:
- Мен сені сүйемін, Алма! – деп тұрып қалды.
- Шын ба?-деп мен де қуанып кетіппін. Сол сол-ақ екен, бүкіл қызылым бетіме шауып, ыстығым басыма теуіп сахнаның сыртына қарай зыттым. Зал іші қыран-топан күлкіге көмілді. Аяған менің артымнан жүгіріп кележатыр.
– Алма, тоқта! Тоқташы, Алма, -дейді.
Этюдіміз осылай аяқталды. Залға оралдық.
- Иә, ғашықтар, этюдтарыңның аты не? – деп сұрады жылы жымиған ағайымыз.
- Әзірге аты жоқ, – деді Аяған.
– Дегенмен жақсы. Мынаған тағы да сөз қосыңдар. Сөз қосылған сайын оқиғасы дамиды. Соңында курстық жұмысқа айналады бұларың. Бірақ ат қойыңдар. Қане, өздерің не деп қояр едіңдер?
– Білмеймін, ағай. Бірақ… әйтеуір айттым-ау!- деді Аяған.
– Аяған-ау, тақырыбын қойып қойыпсың ғой, «Әйтеуір айттым-ау!» деп. Солай болсын, – деп күлді Райымбек ағай.
Біздің сол этюдіміз барған сайын сөзбен де, қимылмен де байыды. Ағайымыз айтқандай, Аяған Шәжімбаев пен Алма Құлжабаеваның курстық жұмысына айналды.
Алма ҚҰЛЖАБАЕВА,
зайыбы.
___________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Алма Құлжабаева. «Бесқөарыннан» басталған болашақ. / А. Құлжабаева. // Солтүстік Қазақстан.-24 қараша.-№ 137.- Б 4-5 2022.