С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен сандарда).
Таңда Ақтоқты еліне жүрмек. Бүгін жөнелу жоралғысына Еркімбай семіз тай сойған. Көңіл жақын туыстарды шақырмақ. Жайрап жатқан етке шаң түспесін деп, шағын қос -ас үйде етті мүшелеп болған Ақбота Ақтоқтыны жетелеп әкеп, соңғы сабағын пысықтап отыр:
– Мынау қазы, қарта, жал, жая – бұларды білесің ғой. Жылқының ең қадірлі мүшелері. Он екі қазы ішекке салғанда алты қос қазы делінеді. Мынау – жығылар жағы. Мынау – белдеме – омыртқа мен жаяның арасы, бұл – алтыға бөлінеді. Мына жатқан екі талдан төрт кіші қабырға – тасты. Кейде бұл қазы орнына салынады. Міне – бұғана. Бұл да еті қаттылау болғанмен қадірлі мүше – құдаға салады. Ал мынау – омыртқа. Жылқыда он жеті омыртқа болады. Бұларды қашанда іркіп, сыйлы қонаққа бір-бірден салып отырады. Көптен дәм татпай екпелеген адамның «үйіңнен бір омыртқа жегем жоқ» дейтіні осыдан шықкан.Омыртқа таусылса, оны төспен алмастырады. Мына қабырғаның басы қазының, омыртқадан шығатын жағы, мұны «қатаған басы» дейді. Қатаған басын ішекке қазымен бірге салады. Ал жілік санда үшеу, қолда үшеу. Сандағы ортан жілік, асықты жілік, жамбас. Жамбасты да жілік деп санап, табаққа жеке салады. Қолдағы – тоқбас, кәрі жілік, жауырын. Жауырын да жілікке саналады. Бұл мүшеге жүреді, бірақ етті көбейту үшін салатын жанама мүше. Қазының шетін «телшік» дейді. Мұны жылқы сойған күні салады. Телшіктің ұшын кесіп алады. Оны мықын дейді. Мынау – төс қазы. Жас малда, арық малда етегі болмайды. Семіз жылқы болмаса бұған май ілікпейді. Сондықтан қонаққа жарамайды. Мынау қарын, мына жатқан бұдырмақсыз тәттісін қара қарын, бұдырмақтысын жай қарын дейді. Қартаға таяу қадірлі қарынды жіңішке қарын дейді. Ішек – жуан ішек, жіңішке ішек болып екіге бөлінеді. Жуан ішекке қазы айналдырады. Жіңішке ішектен шұжық істейді. Бауырға жабысып тұратын мына бір жұмсақ етті жетім бауыр дейді. Мынау қолқа. Сабағы барын тұздап, айналдырып, құдандалы адамға сақтайды. Ал сабағы жоқ жүрек қолқасы -бала мүшесі Айтқандай жамбас үшке бөлінед. Ортада шұқыршағы қалады. Екі жақ кемік басын қадірлі қонаққа береді. Кәрі жіліктің басын білесің бе? Мұны толарсақ басы дейді. Мұны «етігің қисаяды» деп балаларға, «толғағың қатты болады» деп әйелдерге бермейді. Мына жатқан өкпе. «Өкпе жетер көпке» дейтін осы. Бұл қуырдақтан басқаға жарамайды. Сондықтан сойған күні келген адамға мол ғып қуырады. Мүшелі тамақ емес. Мынау – жалбыршақ қарын. Мұны қазір итке тастаймын. Жалбыршақ, көкбауырдың бәрін «жау жұмыр» деген сөз содан шыққан, -деп келін боп түсер Ақтоқтыға ас-су ұстаудағы жөн-жосықты үйретіп жатқанда, тыстан күйеуі кірді.
Су Құсайынның осы үйге қонақ болғысы келетінін Еркімбай осы еттікте отырып, әйеліне жұмсарта жеткізген.
Ақбота Су Құсайынның атын естігенде ытырынып, көкке ұшып жерге түсті:
– Сағынып отыр ем жаманғатты. Ол суайтты енді төрім түгілі, осы үйдің маңына жолатармын ба? Кетсін әрі. Қарай гөр, ұялмай тағы келем деуін, – деп күйеуіне ұрсып тастады.
– Сен де желігесің де отырасың, бар, тыңдағың келсе. Өтірікке жаның құмарғой.
Араға Ақтоқты түсті. Су Құсайын Ақанмен бірге асқа барыпты дегенді естігенде, «апырмай, серім туралы бірдеме айтар ма екен», – деп елегізіп, апасына жалынды:
– Ақбота, Су Құсайын ел ақтап, тілімен күн көріп жүрген жетім адам ғой. Оның сөзін ауыр алып керегі не. Айтса ол, шындықты айтады. Аздап тұздықтайтын шығар, қайтсін байғұс. Осында келгелі әбден зерігіп өлетін болдым. Тым құрмаса, сөзін тыңдап көңіл көтерейінші. Келсін, ертең кететін адаммын ғой. Мені де ренжітпе, енді бір-бірімізді көріскенше кім бар, кім жоқ, – деп сөзінің аяғын ауыр бітірген соң:
– Тек олай деме. Жарайды, Еркімбай, шақыр. Бірақ ол суайтқа қалай қолымнан ас берем. Қап, сен болмағанда, – деп қынжылды.
Шам жаға үйге «Кеш жарық, қойың сарық, тоқтың арық, ассалаумағалейкүм» деп күлімдеп кірген Су Құсайын, көтеріп келген ер-тоқымын босағаға гүрс еткізіп тастап, төрге өтті.
– Қойың сарығы несі! – деп жақтырмай теріс бұрылды ыдыс-аяқ сүртіп отырған Ақбота.
– Бұл жаңа шыққан сөз. Сарық деген қойдың жаңа түрі бар, Атбасар базарына қазақ-орыстар әкеледі екен. Кейбір жұрт «сәрік» дейді. Итім білсін. Әйтеуір жаңа шыққан сөз. Өй, сен қайдан жүрсің, – деп қара көлеңкеде жаңа аңғарған Құлмаққа таңырқай қарады. Қасында үш-төрт жігіт бар Құлмақ Ақтоқтыны алып кетуге келген.
– Қарауылдың қарауылдары, -деп Ақтоқты кекете күліп еді, Су Құсайын түсінбей қалды.
– Қарауыл екенін білем ғой, бұл жақта не ғып жүр дегенім де.
– Сіз неғып жүрсіз, сіз жүрген жерде біз жүре алмаймыз ба? – деп бір жігіт жөнін айткысы келмей жалтарды.
– Е айналайын, жүре бер, жер де, ел де қөтереді. Мен болсам ел жаңалығын айта келген адаммын. Жұмыссыз құр селтендеулерің келіспейді дегенім де.
Су Құсайынның бұрынғысын ұмытып, тағы да еркінсіп сырған қышыма тіліне зығыры қайнаған Ақбота бір тұқыртпай көңілі көншімеді:
– Суеке, сізді осы үйге шақыртқан мына Ақтоқты, әйтпесе сыбағаңызды бір оңдап берем ғой деп жүр едім, – деп ызалана күлді. Су Құсайын да есесін жіберген жоқ.
– Білем ғой, күнім, сенің сыбағаны оңдап беретініңді. Әуелі, онда, Ақтоқтының сыбағасын жейік, асықпа, сосын сенің сыбағаңды жермін бұйыртса, – деп үйді бір күлдіріп желпінтіп алды…
Кешке тай сойған үйге көп адам жиналған. Шақырылмаған кейбір пысықша сұғанақтар да келіпті. Қазақ жұртында мұның айыбы жоқ.
– Арада үш-төрт қонып таулы тасты Жыланшыққа да жеттік. Өңшең көк қыл-қыбырдан шапан, құндыз бөрік киген, кілең ақ боз атқа мінген өрімдей сал жігіттер сырнай-кернейлетіп, шоқ қарағайдың бауырына қаз-қатар тіккен үйлердің ең ортасындағысына кілем үстімен өткенде, он екі дуанның азаматы тамсанып, ауыздарының суы құрыды, -деп масаттана сөйлеген Су Құсайын, Қарасал деген марқұмның қажылықка сегіз жыл қатарынан барғанын, артында тоғыз ұлы, жер қайысқан малы қалған байлығын, жүз он үш жасқа келген Хакім ақсақалдың асты басқарып, көрсеткен сый-сияпат тәрбиесін, Ақанға ерген Сұлтанмұрат, Бәтжан, Аяған, Жанділдә, Шәкей, Нұралылардың елді аузына қаратқан әншілігін ұзақ жыр ғып, күресті біраз баяндады:
– Бізден, барған жерін орып тастайтын малтабар Ожымбай, дөңгелек, көркем Көбей, Қойкүзет, ақ табан атанған балуан Ошандар ортаға шығып отырды. Бір кезде он жігіттің ортасында жұлынып, өкіріп, үсті-басы қап-қара жүн дәу шықты. Бұл – Қарабұқа деген қыпшақ елінің балуаны екен. Қарсы қарап Ожымбайды көргенде, бір кезде аю алған батыр атанған Қарабұқа маңындағыларға «апыр-ай, денем қалтырап бара жатқаны несі», – депті. Бас балуан да осы екеуі еді. Ол жақтың күресі де қызық екен. Кезекпен ұстасып, күш сынасады екен. Бірінші кезек Қарабұқаға тиді. Ожымбайды келе бүрген алпауыт олай лақтырды, бұлай лақтырды. Ожымбай дік-дік түсіп бой алдырмады. Кезек Ожымбайға тиді. Қарабұқа да сіресіп міз бағар емес. Екеуінің де мерзімді уақыты бітіп, енді бірдей қимылға көшті. Биенің екі сауымындай алысқан екеуі әбден титыққанда, Ожымбай «Малтабар» деп ақырып кеп, көтеріп әкеп иықтан асыра бергенде Қарабұқаның жамбасы сынды… Одан кейін шыққан Қойкүзетте, Ошан да жықты, – деп тағы да біраз сырлап, тойды мәнерлеген Су Құсайын келесі күнгі ат жарысты ұзақ жырлады…
– Сонымен не керек үш жүз аттың алды боп, Құлагер келді. Бірақ бір кеселі сол, жапа-тармағай ұмтылған қалың нөпірден үріккен ат, басына мінген алпамсадай Шәкейге бой бермей, қарақшыдан әрі бұрылып, тауға қарай ала қашты. Әлібектің ұшқыр қара бедеуіне мінген Ақан жанамалай салып, ысқырып шақырады. Құлагер үш келіп, үш кетті. Жұрт шулап тұр. Сол кезде ұран сап екінші ат, одан кейінде берген үйдің Қызбел деген аты, Қарабурыл қарашыдан өтті, қып-қызыл дау осыдан басталды. Жұрттың жарымы «бас бәйге кері аттыкі» десе, жарымы бой бермейді: «Жоқ, ол қарақшыдан өткен жоқ, қиыс лағып кетті» деп жосықсыз қиянат салып, дүрліге жөнелді. Қып-қызыл төбелес. Сарт-сұрт етіп, бірін-бірі сабаған ел шаңды аспанға көтерді. Бірді-бір айырып болар емес. Кімді-кім ұрып жатқанын да аңғару қиын. Қым-қуыт қызыл кеңірдекке салып, той ішіне мен де қойып кеткем. Қылыштары жалаңдатып стражник, өредниктер де шырылдап жүр. Байқаймын, бәрі де патша киімін киген Әлібекті жақтайтын сыңайлары бар. Әлібекте шыдай алмай, білегін түріп жіберіп, дырау қамшымен ат үстінде кез келгенін шықпыртып, ысқырып келеді. Ғұмырымда төбелесіп көрмеген мен де қиғылықты салып, Әлібекті арқаланып, алдыма түскенін тымақша лақтырып, баудай түсіре бердім. Әлден уақытта тура қара құсымнан диірменнің тасындай бірдеме сарт ете қалғанда,есімді жия келсем, киіз үйде айнала қоршаған өзіміздің жігіттер отыр. Көзімді ашып алғанда бәрі ду күлді. Сүйтсем, ет қызуымен кез келгенді басқа-көзге төбелеп келе жатқан Әлібек екен, мені бөтен біреу деп гүрзідей жұдырығымен ұрған. Есім кіре сұрағаным, «Құлагер бәйгені алды ма?» бопты ғой. Алды, алды» деп шу ете қалды. Тағы да талықсып, құлай бердім. Келесі күні жұрт Құлагердің атын «Үркеккер» қойып кетті. Қарақшыға таяна берген Шәкей қызбалықпен қамшы басқанда, байқамай қанды бұтқа ұрған екен. Жаңа кестірілген Құлагердің ала қашып, басына бой бермей тулағаны сол екен. Содан не керек, бар бас бәйге біздікі боп мерейіміз өсті. Батыр Әлібек болмағанда Құлагерге бас бәйгені беруі неғайбыл еді. Көріне көзге қиянат жасамақ. Сүйтіп, Ожымбай медал балуан атанды. Құлагердің кекіліне жарқыраған алтын медаль тағылып, үкіметтен атты күтіп баптау қазынадан болсын деген қағаз алып, екі-үш күн тағы да той-думандатқан соң, өлеңдетіп елге оралдық.
-Қазынадан деймісіз. Онысы кім?
– Қазына дегені қазіргі болыс, ояздар да.
– Әй, қойыңызшы. Құсеке, аздап қосып жібересіз-ау.
– Қосқаны несі! Айналайын, сенбесең мен сені сендірейін деп зорлап отырғаным жоқ. Тыңдамайды екенсің, жөніңмен жүре бер. Шырқымды бұзба, қарағым! – деп Су Құсайын шамданып қалған соң, жас жігіт кешірім сұрап, әлхалдап зорға құтылды.
Су Құсайынның түн ортасына дейін айтқан қызық, дәмді әңгімесін үнсіз тыңдап, бас шұлғысқандар енді жапа-тармағай сұрақ жаудырып жатыр:
– Әй, бәйгені қайттіңдер, кім алды!
– Бәйге бір үйірлі жылқы еді. Ақан мен Әлібек «асқа мал жия келгеміз жоқ», – деп, үш ту биені үш жүздің үш ақсақалына берді де, қалғанын Бәтжанның алдына салды. Бәтжан төрт жыл бойы сүйген қалыңын ала алмай, қайын жұрты қызын «басқа біреуге береміз» деп жүр екен. Ақан: «Қалың беріп қыз алғанды суханым сүймеуші еді, амал не, сүйгеніңнен айырылып, арманда қалма», -деді.
– Пау, шіркін, сері десең сері-ау!
– Бір үйірлі жылқыны жалынан ұстата берді ме, ай?
– Е, ұстатпағанда ше? Ол түгіл соңынан ерген сал жігіттер киімді қайдан киді дейсің. Қорамса сауда адамы. Үйінде Қызылжардан әкелген тай-тай мата көптен жатады екен. Ақан әкесіне қолқа салып, Шұңғыршаның тамам қызын отырғазып қойып, бір күн, бір түнде тіктірепті.
– Ал саған керек десең!
– Өзі дүниенің ажарына қарамайды екен-ау!
– Ондайы жомарт болмаса, сері бола ма ?
Ақтоқты осы тұста қызарақтап, саба түбіндегі апасының қасында ыңғайсызданып, ұялып отырған. Еркімбайдың туыстары Ақан аты естілгенде жөткірініп, қозғалақтап, әңгіме бетін басқаға бұрғысы келіп қибыжықтаған. Әлгі сұрақты беріп отырғандар, серіні мақтасқандар-төтеден қосылған келгінбайлар. Солардың бірі тағы да Су Құсайынды тақымдап, Ақтоқтыға көзінің астымен ұрлана қарап қойып:
-Ақан серінің көңілі көтеріңкі екен ғой. Елге шалқып, толқып келген екен сабазың сол. Қазір қалай, қуанышты ма ? – деа сөзді тірілте түсті.
Сәкен ЖҮНІСОВ.
(Жалғасы бар).
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Сәкен Жүнісов. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan. – 4 қараша. -№ 129. – 5 бет. – 2023 ж.