С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен сандарда).
Бұрын сүю-күю дегенге күле қарап, мысқыл, әжуәмен айтып, «шынымен ғашықтық деген бола ма екен? Әлде күйрек, осал жандардың бұл да бір бойына біткен айықпас дерті, ауруы ма екен» дейтін. Ел арасында айтылатын ертегі, қиссаларды естігенде ғашықтық жолында опат болған қыз бен жігіт жайындағы дастандардың әшейін қызықты оқиғасына елікпесе, олардың жастық сезіміне албырт кеңілі онша ұйи қоймайтын. Әшейін бір аусарлық, ессіз құмарлық деп қана ұғатын. Ал Ақтоқтыны бір-ақ рет, онда да алыс отырып көрген Жалмұқан сол қиссалардағы албырт жігіттердей өзгеріп, күннен күнге күлкі ететін дертке шалына бастағанын сезгендей. Бұрынғыдай алдың-дұлдың, бос селтекбай ойсыз кезбелік жоқ, жатса-тұрса бір көрген Ақтоқтыны ойлаумен әуре. Басында «қыз емес жын, пері шығар менің басыма пәле боп жабысқан» деп, ойламауға тырысса да, күн өткен сайын ол дертіне дауа таба алмайтын күйге ұшыраған. Жүзін қайда бұрса да, тек Ақтоқтының ауылы, Ақтоқты жүрген, Ақтоқты күлген жақ қана қызықты, ыстық көрініп сол жаққа барғысы келеді де тұрады. Бірақ өзі барып сөйлесудің қыбын таба алмай, ақыры ұятты қойып ағайындарына сөз салып еді, олар бірден мақұлдап, көп ұзамай құдалыққа барып, Бақтыбаймен оп-оңай келіскен. Олай болмас деп Жалмұқан да ойлаған жоқ. Бірақ тап мынадай сүрінермін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеп еді. Құдалық түскен соң көңілі жай тауып, атастырған қызды өзінің меншігіндей көрген жігіт, оң жақта отырып сайран салған қалыңдығының қылығына қара жердей боп өліп кете жаздады. Бұдан кейін елін көріп, әркімнің сырттан айтқан пыш-пыш өсегін тыңдап, өзі менсінбей жүрген қыздарының алдында масқара болғанша, қаңғырып өлгенді артық көрді.
Сүтемген болса баласынан әрі қан жұтып, төсек тартып жатып алған. Сарыарқаны жайлаған иісі қазаққа мәлім мыңғырған малында, сән-салтанатында қисап жоқ, тасы өрге домалаған атақты бай қартайғанда көрген баласының қызығы үстінде осындай қазаға ұшырармын деп ойлап па?! Оның үстін кім басынып отыр. Ел ішінде мазаққа айналып, топас, надан атанған, жаман Бақтыбай. Не деген масқара! Қазақта ең көп дау не – жесір дауы, жер дауы. Жер үшін неше бір қырғын қан төгісті басынан өткермеді. Сол қасиетті жерге де тарылмай, өзім дегенге кең қол Сүтемген жаман Бақтыбаймен құда болған соң, жатжұртқа қыр көрсеткендей інісінің жайлауын беріп, көрші қонып еді. Енді іргесіне келіп алып, қызын басқаның құшағына қосып, ойнақты өз жайлауында салып отыр. Екі аяғымен жер тіреп, төбесімен көк тіреп жүрген Сүтемгенге бұдан артық қорлық, бұдан асқан мазақ бар ма?!
Табиғатында мінезі сабырлы, әр нәрсенің қыбын ақылмен тауып, аптықпай пішетін саясатқа жүйрік бай осы тұста сең соққандай қатты алдырып қалды. Сөз көтере алмайтын кісі, қайғыны жеңе алмайтын күйрек боп, күннен-күнге төмендей берді. Үйінің маңынан бала сөйлеп өтсе де, алыста біреулер күлсе де, қабағын тыржитып, ашу шақырады. Тіпті босағасында тұрған сабаны да шығартып тастады. Көрші киіз үйден күмпілдеген піспек даусы шықса да, «тоқтатыңдар, миымды шағып бара жатыр», – деп кейиді.
Жақында байдың көңілін сұрап, сәлем бере келген Бекболат, Көбен билер Сүтемгеннің қайғы отына май құйғандай, бұрынғыдан бетер еселеп кетті.
Елдің игі жақсылары әдейі ат басын тіреген соң Сүтемген аса сыр білдірмей, жылы ұшырап қарсы алған.
Қылды қарауыл Көбен бас қосқан жерде көрінгенге тиісіп, аузымен орақ орып, ұрынып отыратын ұшқалақтау еді. Аурудың көңілін сұрап, ел арасының жайын біраз әңгімелеген соң, енді Сүтемгенді көңілдендірейін деді ме, әлде әшейіндегі алаңғасарлығы ұстады ма, ұрынарға қара таба алмай, бос сөзге көп үйірлігі жоқ байсалды Бекболат биге тиісе бастады. Ретті, ретсіз жерде сөзбен іліп-қағып сайқымазаққа салып, момын Бекболаттың әбден мойнына мініп алды.
Ел арасында түтін шықса елеңдеп, сылтау іздеп қымыз ішетін, тоқ жерді сағалайтын бір-екі қартаң адамдар Сүтемген ауырғалы жиі келуге бата алмай жүр еді. Қонақтарды сылтауратып, осы үйге бас сұғып, тамақ аңдып айналшықтап отырған. Көбейдің уытты сөздеріне мәз боп, көздері жыртия күліп, қолпаштап қояды.
Көбей бір кезде Бекболаттың өткен қыста іш тастап, жұтқа ұшыраған малына тиісті. Былтыр көк салпақта, қара жауын жауып, артынан біраз күн үскірік соғып, соқталанған қалың қар көк мұздаққа айналған. Тебінде жүрген үркердей аз жылқы шашасы қиылып, аузы жарып оттай алмай жүдеп, буаз биелер шетінен құлын тастаған. Шағын шаруалы Бекболат елден ала-бөтен жұтап, кедейлікке тап болды. Көбен осыны табалай сөйледі.
– Беке-ау, Беке, – деп ыржалақтай күлген Көбен соры қайнап Бекболатты ащы мысқылдады. – Биыл өзіңіз тым жақсысыз. Қыс ішінде қымыз ішіп шекеңіз қызарыпты. Биелеріңіз ерте құлындаған соң семірейін дегенсіз бе қалай?!
Бекболат та шыдай алмай мырс етіп күліп жіберді. Қанша ашуға мінсе де, биязы тілмен, жұмсақ сөйлей отырып, қанын шығармай бауыздайтын тапқыр шешен би басын оқыс көтеріп алып:
– Дұрыс айтасың, Көбен, – деп өткір көзін қадап, тақпақтай жөнелді. – Жер қарада даланың сызы болды, қар кетерде екі елі мұзы болды. Мұз болған соң биеде іш бола ма, ішті болған жалғыз-ақ Қылдының қызы болды.
Шалдар жымың етіп тыйылды. Көбен төбесінен жай түскендей көгеріп кетті: осы өткен қыста Күләйім деген қызы оң жақта отырып жүкті болып, өз үйінің шымылдығында босанған. Жұрт мұны түгел біледі. Бекболат тап осы масқараны айтар деп ойламап еді, Көбен би қара жердей боп түтігіп, басқа жауап қайтара алмай, асқа да қарамай, тез арада аттанып кетті. Тура сөзге дау айта алмай, іштей күйініп, кектеніп кетті.
Бекболаттың мысқылы Сүтемгенге де туралап атқан оқтай, жанды жеріне тиді… Болашақ келінін тұспалдап айтқандай көрініп, жүрегі өртеніп, бұл да сызданған қалпында қалды.
Қонақтар жөнелісімен Сүтемген екі-үш жігітті жан-жаққа аттандырып, баласына іздеу салған. Оның үстіне Қоскөл жақтан келген жансыз адам жеткізген суық хабарға мазасызданып, ұйқы-күлкіден қалған.
Бүгін орнынан ақ балақ кәрі бүркітше түрегеліп, түнеріп алыпты. Мүйізбен оюлаған ағаш төсекте, артына үш-төрт жастық тастап, шалқалай отыр. Ұшы қып-қызыл бетінің қаны сұйылған, жағы суалып, үлкен қой көзі шүңірейіп, ерте ағарған күмістей ақ сақалы сирей түскен сияқты. Ірі, сұлу денесі де кішірейіп, еті таралған. Көзінің қиығымен ғана қарап, босаға жақта малдас құрып жер шұқыған баласына зеки сөйлеп отыр.
– Міне табаны жалпақ үш ай болды, үйіңнің қарасын көрмей кеттің. Бүкіл елге бобылық жариялап, ат шаптырып, тінту салып зорға тауып алдық. Өзіңді ойламасаң да, жалғыз әкеңді, ата-бабаңды сыйласаң еді. Кім бар бұл Арқада менің аруағымды аттап, бетіме келген. Сен ғана ат атандырып, сүйек сындырып отырған, – дегенде төрдегі ағасы Шәлтік бай, оның үлкен баласы Сапа, ауылдың екі-үш ақсақалы Жалмұқанға көзінің астымен үнсіз түйілді. Әкесінен аумайтын ат жақты, қызыл шырайлы, шалғысы ұзын қияқ мұртты Жалмұқан басын көтермеді. Әшейінде әкесіне ерке сөйлеп, еркін жүрсе де, мұндай ашу үстінде қарсыласпауды жөн көрді.
– Жаман Бақтыбайдың қызын тапқан өзің. Мен зорлаппын ба сені. «Ақ тоқтыдан, ақ лақтан басқаны ал-маймын» деп құдайдың зарын қылып көкке ұшып, жерге түскен өзің емес пе едің. Әйтпесе ана Шыңғыс әулетінен Жүсіп төренің қызын да, болысыңның, оязыңның қызын да әпермес пе ем. Енді төрдегі басымды есікке сүйредің. Бақтыбай кім? Қашан оның терезесі менімен тең келіп еді. Қайбір ол кісі танып, қадір білетін адам. Қолындағы жалғыз қызына билігі жүрмеген сұмпайы сорлы менімен құда боп қалай теңеспек.
Жалмұқан қозғалақтап, қызарақтай бастады.
-Қыз құтырды екен деп, ауыл сыртынан қайтып тентіреп кеттің. Көтенге өкпелеген құл болармысың?!
– Сонда тартып әкел деп отырсыз ба, әке?
-Жоқ, тартып әкел, алып қаш деген кім бар. Сәмен тұқымына кезінде қыздарын жұрт өзі әкеп беретін. Ал сен болсаң, құса боп, ел кезіп кеттің. Ләйлі мен Мәжнүн болармысыңдар. Сені мен ынжық, жасық етіп өсірген жоқ ем. Қорамсаның ұлы қырындады екен деп құйрығын шабына тыққан үй күшікше ауылға зыттың. Жүйрік ат ерге салған сайын өршелене шабушы еді. Шын болат қайраған сайын өтеді. Пайғамбар жасына жеткенше сағым сынбап еді, енді Сүтемгеннің келіні оң жағында жүкті болыпты деген атаққа сен қалдырайын деп пе ең!
– Әке! – деп қалған баласының жүзіне де қарамаған Сүтемген үнінен булығып, өңі қуарып, қаһарлана түсті:
– Сендей қылшылдаған жігіт күнім болса, тізгінімнен тартқызып, кеудемді басқызбақ түгілі, ала шылбырымнан, атымның қыл құйрығынан ұстатпас ем тірі жанға. Енді қалыңдығыңа мен баруым керек пе? Ана, Ақан дей ме, көкіген екен. Ел әнін айтып, сөзін сейлегенге бойы жетпейтін жерге ауыз сала бастаған екен. Оның әні де, тұқым-жұрағаты да енді мен көз жұмғанша бұл ауылдың жауы. Қартайғанша көрем бе деген қызығымды ойрандамаққа қасақана килігіп отыр. Бұдан өткен дұшпандық бар ма? Қорамсаның ұлы басынатындай Жалмұқан шірік болса да, мен алдыма шығара алмадым. Басындырармын. Тірі болсам, есесін қайтармай қоймаспын. Ал сен, құдай қосқан қосағың, қырық жетіні қырқа матап берген қалыңдығыңды осы босағадан аттатпай көзіме көрінбе. Содан соң көк есекке көлденең салып, тор төбелге теріс қаратып төркін жұртына қайтарып жіберсең де өз еркің.
– Енді маған қайт дейсіз. Ертең әкелейін бе? – деп дүңк ете қалды өзі де намыстан жарылардай боп жүрген баласы.
– Маған ертеңің керегі жоқ. Күйеу боп барып, құдай жолымен күйеу боп әкел. Сүтемгеннің баласы далада қаңғырып жүрген біреуді көлденең басып, атқа өңгеріп әкелмейді. Әуелі мына жігітті тыңда. Сені таптырып алғаным да осы хабаршының сөзінен. – Әй, жігіт, мына ынжық күйеуге айтшы, не сұмдық естіп келдің?
Жалмұқан басын көтеріп алды. Ақтоқтыға бірдеме боп қалған жоқ па деп үрейленіп отыр.
Сопақ бет сары жігіт – осы ауылдың тыңшысы. Қорамсаның ауылына барып, жансыз жүріп, бүгін суық хабар әкеп отыр. Жігіт сайрай жөнелді.
– Ақтоқты көптен бері Еркімбай деген жездесінің үйінде, ту Ащылы, Жекебояқ жайлауында екен. Бақтыбай Ақандардан алыс болған соң, ешкімге сездірмей сол жаққа жіберіпті. Жанында аңдушылары да бар дейді. Соны Ақандар естіп, қазір жолын тосып жүрген көрінеді. Осы ертең, арғы күндер Ақтоқтылар елге қайтады деп естідім. Ақандар жолда алып қашпақшы көрінеді. Жігіттері онша көп емес, сосын…
-Жарайды, жетті. Бар енді, жүре бер.. Естідің бе? Егер қалыңдығыңды жолда алып кетсе – қолыңнан тартып әкеткенмен бірдей. Бақтыбай сен үшін қызын ұстап отыра алмайды, оған құдіреті де жоқ. Бүгін ел азаматтарын жиып, сайлап қойдық. Түнделетіп жетіңдер. Егер қыздан айрылсаңдар, бүкіл ауылын шабыңдар. Аузыңды ашып ай қарап отырғанда жұрт сені тірідей көміп, басыңа намаз оқудан таймайды. Намысыңды қорға. Әкеңді дұшпанның табанына салма. Бастаған екенсің бір ойынды, қызығын өзің көр, өзің аяқта. Қалғанын көре жатармыз. Бар, жолың болсын!
Жалмұқан бірдеңе дейін деп оқтала беріп еді, шал сіңірлі қолын бір сілтеп, теріс қарап жатып алды. Басқалары да сөз қосқан жоқ. «Байлау осы дегендей» үнсіз түнеріп шығып кетті.
Түні бойы суыт жүріп отырып, жопда үш-төрт жерге аялдап, қалың ағаш бауырында ат шалдырып, қоржындарындағы тоңжелін етпен тамақтанған жолаушылар еш ауылға бұрылмастан келесі түнде Жекебояқтағы Еркімбайдікіне жеткен.
Тастан, Бақтыбай, Дәмелілердің ақыл қосып, тапқан амалдары еді бұл: «Былтырғы Бірішек сияқты жалғыз шабатын қасқыр Ақан бір қапысын тауып, Ақтоқтыны алып қашудан таймайды», – деп үрейлері ұшқан олар құда жақтан хабар болмаған соң, «Ақтоқты да мүлдем қажып, жүдеп кетті. Бүйте берсе, ауруға шалдығар. Біраз уақыт көз көрмес, Еркімбай ауылына жасырын жібере тұрайық.
Сәкен ЖҮНІСОВ.
(Жалғасы бар).
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Сәкен Жүнісов. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan. – 31 қазан. -№ 127. – 6 бет. – 2023 ж.