Атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана «КММ С. Мұқанов Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы»ММ
«Сен барда босағам төр менің,
Қос анам, бірі сен — Өрнегім.
Өзіңмен биікке өрледім,
Өзіңдей басқа жер көрмедім», – деп ақын Есләм Зікібаев жырға арқау өткен Есіл ауданының Өрнек ауылында небір алып тұлғалардық дүниеге келгені тарихтан белгілі. Солардың бірі — жоңғар шапқыншылығы тұсында қайтпас қайсарлығымен, қажыр-қайратымен, өшпес ерлігімен танылған Жанатай Жәнкеұлы.
Сылдмрап аққан ерке Есілді жағалай қонған алтын бесік ауылымыздың тұрғындары Жанатай батырдың тікелей ұрпағы екенін мақтан тұтады. Сондықтан өрнектік өлкетанушылар елім деп еңіреген бабаларының ерлікке толы жолы туралы көп ізденіп, оның есімін бүгінгі ұрпақтың жанында қалдыру мақсатында түрлі шараларды қолға алып келеді. Жанатай атамыз туралы зерттеу еңбектерін жүйелі түрде жүргізген жер-лестеріміздің бірі марқұм Құрманғали Баязиев 1991 жылы облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Soltustik Qazaqstan») газетінің 26 қазандағы санында: «Жанатай батыр — менің алтыншы атам, ұрпағы ретінде ел қорғаған бабамыздың атаусыз қалып келе жатқаны мені де қатты қынжылтады. Атамыадың рухын көтеріп, ол туралы сөз қозғау әрқайсымызға міндет екенін ұмытпағанымыз жөн». — деп жазыпты.
Жанатай Жәнкеұлы өз заманының жүрек жұтқан батырларының бірі болғанын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Ол атақты Бөгенбай батыр жасақтарының құрамында түрлі шайқастарға қатысып, ержүректілігімен, қайсарлығымен көзге түскен. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде Абылай ханның сенімді батырларының біріне айналып,500 адамдық әскерді басқарған. Ең қиын тапсырмаларды орындап отырған. Батырдың ерлігін, қадірқасиетін ел есінде қалдырған ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында бабамыз жайлы былайша толғанады:
«Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,
Ту бастап Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай.
Ашуы жауған қардай, шөккен нардай.
Қарт қыран қанжығалы қарт Бөгенбай.
Бекеннің жас жолбарыс жеткіншегі
Аузынан жалын шыққан жас Жанатай».
Тарихшы Балтабай Адымбаевтың «Жұлдыз» журналында (1979 жыл No4 . 170-бет) жариялаған мақаласында мынадай дерек келтіріледі: «Ел басына күн түскен қатерлі заманда Жәнібек, Бөгенбай, Жанатай, Барақ және тағы басқа батырлар да асқан ерлік көрсетеді. Қазақ қолдары қалмақтың қамалын қоршап, іштегісін сыртқа шығармай жеңеді». Ал «Олжабай батыр» дастамында «Шебi қалды тозған тордай қиылып, Өлік қалды жержаһанды ап үйіліп», — деп жырлаған Бұқар жырау үлкен шайқаста Бөгенбайдың есімімен бірге Жанатай Жәнкеұлын атап, оның өзге батырлармен Торғауыт хандығына соққы бергені туралы айтады.
Тарих ғылымдарының докторы Елтоқ Ділмұхамедов те «Қандыжан бітімі» атты мақаласында Жанатай батыр туралы ой қозғаған: «Бір күні елу жастың шамасындағы, нарқызыл атымен дулыға, сауыт киінген, найза, қылыш асынған Бөгенбай батыр көп қолымен Жанатай батыр екеуі Төле бидің ауылына келіп, бұрынғы соғыстарда қалмақтар қолына түскен сансыз көп ұл-қыздарын тұтқыннан босатып алу үшін жорыққа аттанып бара жатқанын айтады. Сонда тілге шешен, елге көсем әділ би: «Жәнібектей жол баста, Жанатайдай қол баста», — деп айтқан екен. Тағы бір тарихи деректерде атағы жер жарған ақын Сегіз сері Есіл бойындағы ауылдарды аралап жүргенінде өзінен кішілерге былайша бата берген көрінеді:
«Үш жүздің Абылайдай тілегі бол.
Марабайдай ақыны — жүрегі бол.
Еліңе Жанатайдай айтулы бол,
Қобыланды батырдай білегі бол».
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 12 шілдедегі №28 санында жарияланған Қаракерей Кабанбай туралы мақалада Жанатай бабамыздың ерлігі кеңінен суреттелген»… Қалмақтардың Аманалы деген батыры қазақ жауынгерлерін ілгері бастырмай, иіріп тастап, жекпе-жек сұрап тұрып алады. Қара нардай Аманалы батырға қазақтан ешкім шыға қоймайды. Бір сәтте екі көзі шоқтай жанып, аруағы ұстаған бақсыдай «Абылай!» деп жалын шашқан жас Жанатай ақ найзасын күнге шағылыстырып шыға келеді. Аманалы да қарсы ұмтылады. Көз ілеспес шапшаңдықпен жау батырын ақ найзамен жүрек тұсынан түйреп жіберіпті».
Ұлы Отан соғысы басталған тұста майданға аттанған ауыл азаматтарының Жанатаи батырға деген сый-құрметі ерекше болғанын біздің ата-әжлеріміз аңыз-әңгіме етіп айтып отыратын. Ауылдың тепсе темір үзетін жігіттері аудандық әскери комиссариаттан шақырту алып, бірінен-соң бірі соғысқа аттанып жатқан кез. Ауыл ақсақалдарының ақылымен алыс жолға жүргелі тұрған азаматтар зират басына барып, Жанатай батырдың бейітіне тәуап өтуді дәстүрге айналдырған. Батырға Құран бағыштап, бейіт басынан бір шөкім топырақты орамалдың шетіне түйіп алып, майданға аттанған. Сонда
көнекөз қарттар: «Атамыз Жанатай батырдың аруағы қолдасын, жауды жеңіп қайтыңдар», — деп ақ батасын беріп, ұлдарын жолға шығарып салған деседі жұрт.
Ауыл ішінде батырдың бейітінің басына орнатылған тас туралы да аңыз-әңгіме көп. Алып тастың өзінан-ақ бабамыздың зор тұлғалы батыр адам болғаны көрініп-ақ тұратындай. Бүгінде оны бес-алты жігіт зорға көтеретіндей. Білуімізше, бұрынырақта зәулім тасты ауыл іргесіндегі Қойтастан алып тұлғалы Қарынбай деген кісі қыл арқанмен жалғыз өзі сүйреп әкелген. Бүгінде бұл жеpге мінәжат етіп келушілер өте көп.
Өшпес ерлігімен көзге түсіп, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Жанатай өмір сүрген тұстан бері оның әлденеше ұрпағы өсіп-өніп, өркен жайған. Оның жеті баласы болған. Олар: Тастемір, Таңат, Болат, Кешубай, Онжеті, Бошан мен Кенжеқозы. Бүгінде батырдан тараған ұрпақ Өрнек ауылында ғана емес, еліміздік түкпір-түкпірінде тұрып жатыр. Қасық қаны қалғанша жаумен соғысып, замандастарының алды бола білген бабамыздың жолын қуып, түрлі қызметте жетістікке жеткен ауылдастарымыз да аз емес. Артына үлкен із қалдырған ауылдастарымыз еңбек және соғыс ардагері Кенжеболат Шалабаев, ұстаз Ғабдолла Шоқаев, ақын Есләм Зікібаев, сәулетші Хамза Зікібаев, профессор Тоқтарбай Омаров, «Ленин» орденінің иегері механизатор Хамит Есқақов және тағы басқа ел ардақтыларын мақтанышпен ауызға аламыз. Кеңес өкіметі тұсында ауылымыздың тұрмысын түлетуде, шаруашылығын жандандыруда аянбай тер төккен Жаманшал Қыдыбеков, Қабдеш Қуандықов, Құдайберген Қуандықов, Есқожа Жұмағазиң Есей Әбішев, Бекжан Нұрмағамбетов сынды азаматтарымыз да өз заманында үлкен құрметке лайық жандар еді. Батыр бабамыздың атына кір келтірмей, мерейлі отбасылар қатарынан көріне білген Мәжит Бекмағамбетов пен Азкен Бекенованың шаңырағында жеті ұл-қыз дүниеге колді. Өрнек ауылында осындай мақтауға тұрарлық шаңырақтар өте көп.
Жан-жаққа түлеп ұшқан ауыл азаматтары өз ата-бабаларының рухына Құран бағыштап, ас беру мақсатында ауылымызға ат басын жиі бұрып тұрады. Алайда, өкінішке қарай, талайлардың жыр-дастандарында өсімі аталған, өз еліне қамқор болған Жанатай батырға ескерткіш қою мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген асыл сөз бар. Осы бастамамызды қолдап, бір жеңнен қол бір жағадан бас: шығаруға дайын ауыл азаматтарын қаржылай қолдау көрсетуге шақырамыз.
«Бұл жалған еш пендеге тұрақтамас.
Әйтеуір кім де болса өлмей қалмас.
Есімі еш адамның өшпейді екен,
Артында ұрпақ жүрсе ұмыттырмас», — дамекші туған елден шыққан батырымыздың есімін мәңгілік ету баршамызға ортақ міндет деп білемін.
Гүлназ ЖҰМАБЕКОВА, бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы. Есіл ауданы.
__________________________________________________________________________________________________________________________
Жұмабекова, Г. «Аузынан жалын шыққан жас Жанатай» /Г. Жұмабекова //Солтүстік Қазақстан. – 2020. – 18 шілде. – 5б.