С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Биыл Алаштың ардақтысы, қамшының сабындай қысқа ғумырын халқының азаттығы жолына арнаған ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Ұлтымыздың асыл перзентінің ғұмыр жолы, тағдыр-талайы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өлеңі туралы жарты ғасырдан астам уақыт бойы айтылмады, насихатталмады. Ақынның кітаптары тыйым салу кесірінен сарғайып, тозып, жоғалып жатты. Бірақ айды алақанмен жабу мүмкін емес еді, ақиық ақынның таңғы шықтай мөлдір туындылары халқымен қайта қауышты. Ұлт мақтанышының өмірін терең зерттеген қаламгерлердің бірі- Шериаздан Елеукенов. Оның 1995 жылы жарық көрген «Сағындырған жыр» зерттеуі өте құнды деректерге толы. Сол шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Әдебиетіміздің үлкен тұлғасы, Абай шыңына иықтаса орналасқан сеңгірі, сыршыл өлең сөздің зергері – Мағжан Жұмабаев ұзақ жылдардан соң, мынау алды кең, тынысы еркін, адамгершілігі мол бетбұрыс заманның есігін айқара ашып, ортамызға қайта оралды.
Өзін қатты сағынған елі аяулы перзентін жатырқамай қарсы алады. Қазақ әдебиетінің боз үйіне ол сәлем беріп кіріп келгенде, ондағылар да қуанатыны сөзсіз. Мүмкін, әлдебір жекенің қайғыратыны да, селк ете түсетіні де болар. Бірақ қайткенде де ығысып, төргі орындардың бірін босатуға тура келеді. Өйткені Мағжанмен бірге поэзиямыздың тұтас бір өлкесі көшіп келіп отырған жоқпа?
Мағжан Абайға арнаған бір өлеңінде ұлы ақын туралы «сендей жанды дүние қолын жайып енді күтпес» деп жазған. Өйткені бір сөзі «мың жыл жүрсе дәмі кетпес» ақын кемдекем. М. Жұмабаев туралы осы Абай жөнінде айтылған пікірді жаңғыртса артық емес.
Мағжан Жұмабаевқа қарсы талай ғайбат сөздер айтылды. Талай әділ сын да болды. Соның бәрі де оның елім, жұртым деген үлкен жүрегіне, халқының жігер-қайратын шыңдаймын, ішін жаңалаймын деп арпалысқан арманына шіркеу бола алмайды.
М. Жұмабаев қырықтың қырқасында қаза тапты. Советтік заманның бірсыпыра уақытын айдауда, қуғын-сүргінде өткізді. Жәбір-жапаны көп шекті. Әсіресе социалистік реализм бақшасын баптасуға мүмкіндігін сарқа алмай арманда кетті. Оған енді амал жоқ. Осы күйінде де алтын қазынамызбен жылап көріскендейміз. Мағжан өлмес жиһаз жасады, әдебиетіміздің көркіне көрік қосып, эстетикалық дәулетімізді молайтты. Мағжан Жұмабаев есімі совет әдебиеті тарихында сөнбейтін нұрлы жұлдыздай мәңгі жарқырап тұрады.
* * *
Мағжан Жұмабаев 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазакстан облысы, Булаев ауданы, Молодежный совхозында туған.
Мағжанның әкесі Бекен, атасы Жұмабай әлуетті кісілер болған. Жұмабай сауда-саттық істеп байыған, қажыға барған. Жас кезінде өлең шығаруға әуестеніп, серілеу ескен Бекен бертін келе тұйықталады. Ел билеуге араласқанда бозбала кезіндегі Бекенді ел-жұрты «танымай» қалады. Ол томырық мінез, бір бет, көңілі қалғанға қайтып иілмейтін, қара тастай қатып қалатын қаталдығымен атын шығарған. Мағжаны біраз оқыған соң, осы баласының зеректігіне, сөзге алымды, айтқыштығына қызығып, молда қылуды ойлайды. Бірақ оқудың дәмін татып қалған әрі ақындық шабыт баурай бастаған Мағжан әкесінің дегеніне көнбейді. Бұл 1910 жылдар шамасы. Мағжанның басына түскен ауыртпалық сол кезден басталады. Қатыгез болыс әке морт сынады, «теріс бата» береді, Мағжанды шөміштен қаққандай, көк тиынсыз қалдырады.
Кейін 1920 жылы жазылған «Жан сөзі» деген өлеңінде Мағжанның өз жүрегімен сырласқанда:
«Ата-анаңнан без!» – дедің, безбедім бе?
Қайғырып талай жалғыз кезбедім бе?-дейтіні, немесе:
«Дәулеттен қаш!» – дедің сен, қашпадым ба?
Қойнымды жоқшылыққа ашпадым ба? – дейтіні сондықтан, анасымен емес, әкесімен өзінің былайғы тағдыры жөнінде келіспей ұстасқан шындығын айтқаны.
Бекен бірінші әйелі, өзбек қызы Гүлсімнен жеті ұл, екі қыз көрген. Сол балаларына: Абамүсілім, Қаһарман, Мағжан, Мұхаметжан, Сәлтай, Ғалижан, Сабыржан, Гүләндән, Гүлбарам – бәріне түгел хат танытқан. Абамүсілімнің бертінірек қайтыс болған Ғабдылкәрім деген баласынан туған Ұлжан – бүгіндері Алматы телефильм студиясында қызмет істейді, сценарий жазатын редактор. Мағжанның жұбайы қазір тоқсан бесте, осы Ұлжанның қолында. Оның да сыры бар. Ұлжан – Зылиха апайдың тумаса да, туғандай қызы. Аузынан ана сүті кеппей жатып бауырына салып алған.
Зылиха апайдың тәрбиесінде өскен Ұлжанның ес біле көп еститіні Мағжан есімі болған. Кішкентайынан ақынның бесік жыры өлеңдерін көп тыңдайды, ертегілерін естиді. Бертін келе бүкіл поэзиясын біліп алады. Осы Ұлжанның Зылиха әжесінен естуінде Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнат, пысық өссе керек. Қасында қалатын кісі табылмаса, Мағжанды шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Ал естияр шағында ол көп ойға кетіп, тұнжырап отыратынды шығарған. Адамға қайырымдылығы, қалтқысыздығы, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі жағынан анасы Гүлсімге тартқан деседі.
Оқу-білім жағынан келгенде Мағжан өз тұсындағы орыс, шығыс мәдениетінен тел емген көп қазақ интеллигенттерінің жолын қайталайды: әуелі ауылдың дүмше молдасынан қара таниды. 1908 жылға дейін мұғалімнен сабақ алады. Арабша тіл үйренеді. Қазақ оқығанының біреуінен орысша жетігеді.
Кейінгі жылдары М. Жұмабаев Уфадағы медресе Ғалияда оқиды, бірақ оны бітірмей кетіп қалады. Орысша білім алуға аңсары ауады. Аз-маз даярлықтан соң, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер әзірлейтін орысша семинарияға түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады. Үздік оқығандарға атаған бір байшікештің стипендиясымен күн етеді. Әрі тілмәш, басқа қызмет істей жүре нан табады.
Кейінірек бір жылдай политехникалық институтта «жабайы» тыңдаушы болады. 1923 жылы М. Жұмабаев Москваға барып, сонда Кеңес одағындағы елдердің орталық баспасында істейді, Горький «орыстың ең мәдениетті ақыны», – деп сипаттама берген В. Брюсов басқаратын әдеби-көркем институтта оқиды. Осы институт қабырғасында ол неміс тіліне үйренеді. Гете, Гейнелерді тікелей өз тілінен аударады. Әсіресе орыс тіліне жетік болған. Өзі ерекше қадір тұтқан Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың поэмаларын жатқа айтқан. Түрік, өзбек, татар, башқұрт тілдеріне судай ағып тұрған.
Сөйтіп, Мағжан өз заманының білімді адамдарының санатына қосылған. Дүниетаным жағынан ол -негізінен материалистік көзқарасты ұстанған ағартушы, демократ. Рас, Мағжан өлендерінде Алла, Тәңірі деген сөздер көп кездеседі. Поэзия мифке, аңыздарға бір табан жақын тұратынын ескерсек, оның сөкеттігі жоқ. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ақынның 1916 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Дін үйреткенге» деген өлеңін алайық. Бұл өлеңінде Мағжан бәрі тағдыр тақтайында жазулы деген діни ұғымға қарсы тұрады, қарманбай қарап жатып бақ күтушілікті әжуа етеді, дін уағыздаушы молла, ишандарға:
Жоқ енді,жату болмас бос еңбексіз,
Жалбарып: «Жасаған!»…-деп, жас төкпеспіз.
Өзіңде, сөзің де кет бізден аулақ,
Жасы үлкен жүрегі өлген, мұндар кексіз, – дейді.
Немесе Құдай тағаладан жәрдем күткен діни өлең деп кезінде сыналған «Тәңірі» өлеңін алып көрейік. Мұнда расында да «ауыздан, Алла, атыңды тастамаймыз» деп жалынған, жалбарынған сөздер жетерлік, бірақ мағынасына тереңдей келе, мұның өзі шартты түрде алынған әдеби тәсіл екендігін мойындамасқа болмайды. Ақын қазақтың артта қалуын құдайдан көргендей, соншама игіліктен құр тастайтындай «біз не қылдық?», өгей балаң біз бе едік деп күпір мінез көрсетеді, яғни діннен шыққан адамның ісін істейді. Бұлай етуі түсінікті де. Ол кездегі қараңғы халықтың ұғымына сәйкестендірген. Шынында ақын қойған мақсат тереңіректе жатыр. Ол мешеу елін ашу-қайратқа мінгізуді көздейді, тұщы етіне ащы таяқ тиіп отырғанда намысың қайда деп шыңдағысы келеді.
Мағжанның дінге көзқарасын «Жазылатын оқу кұралдары һәм мектебіміз» атты мақаласынан аңғарамыз. Ол ислам діні негізіне құрылған ескі мектепті былайша сынайды:
«10-15 жыл бұрын мектебіміз сиыркөзді, сәлделі молдасы, балдырған балаларды шыңғыртқан көк шыбықтары, басында, басынби, битүрбүлері, уал, қадір, кире, үшіремін, Алла тағалалары, тағы толып жатқан бірдеңелерімен тұп-тура өлімнің ұясы еді. Жан, денені бірдей улайтын схоластиканың сасық зандемі еді. Тұрмыс, жаратылысы туралы балаға ешбір білім бермейтіні былай тұрсын, оқу, жазуды білдіре алмайтын еді». –
Немесе Мағжанның 1922 жылы «Жаңа мектеп» журналының 3-4 санында жарияланған «Наурыз» атты мақаласын алайық. «…Қазақтың наурызы, – деп жазады М. Жұмабаев, -дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып пайдалы игі жасайтын, ауыл адамдарын тапжігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек… Жастар ұйымдары, партия ұйымдары наурыздан басқа ел танитын молдалар, елді адастыратын дін мейрамдарына қарсы қойып, халықтың басын, денесін дін дуасынан құтқаратын, сақтайтын үгіт-насихат жүргізу керек».
Ал Мағжанның саяси көзқарасына келсек, ол көп жылдар бойы, тіпті Ұлы Октябрь жеңісінен кейін де алты-жеті жылдай еңбекші бұқараның таптық мүдделерін жеріне жете түсіне алмай жүрді, осының кеселінен тарихи бетбұрыс, революциялық аударыс-төңкеріс кездерінде аяғын шалыс басты, жаңалықты жатсынды. Осы жайт оның біраз өлеңдеріне салқынын тигізді.
Әрине, шын талант иесі өспей, өзгермей тұрмайды. Мағжан да сөйтті. Алашордадағы қызметіне байланысты көп дерттерінен ол бірте-бірте арылды да. Советтік шындық – социализмнің ұлттық проблемаларды әділетті шешуі, 1920 жылы Қазақстанның Автономиясы құрылып, отау тігуі, жер мәселесінде қазақ бұқарасының ежелгі арманының жүзеге асуы, отаршылдық қалдықтардың жойылуы М. Жұмабаевқа, оның поэзиясына, жаңа типтегі суреткер боп қалыптаса бастауына неге әсер етпесін, қатты әсер етті.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
(Жалғасы бар).
______________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Шериаздан Елеукенов. Сағындырған жыр. / Ш. Елеукенов. // Солтүстік Қазақстан. – 8 маусым. -№ 64. –5 б. – 2023 ж.