С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен сандарда).
Ақботаны сыйлаушы еді. Апасы бізден гөрі сыр айтысып, қоян-қолтық сөйлесе алады. Мүмкін, райынан қайтарып, ақыл салып балалықпен желіккен жел көңілін тияр. Ақтоқты да бөтен елде сергіп, біраз желпінсін», – деп ұйғарған.
Ақтоқтыға желпіну қайда… Көресіні осы ауылдан керді. Жалмұқанның ұрын келіп, масқара боп кеткенін түгел естіген Ақшасордан мойны алыс ел Бақтыбайдың қызы келісімен пыш-пыш әңгімені гулетіп жіберді. «Ойбай-ау, әлгі Ақтоқты келіпті», «Өңі жудеу көрінеді, мурнының үстіне ноқта түсіпті», «Өзінің іші көрінбейді, бәтір-ау», «Бірінші балада көбінше солай болады. Әлі тар құрсақ емес пе», «Мүмкін түсік тастаған шығар», «Мұнда неге келді екен, тегі, Сүтемгеннің баласы алмайтын болған ғой», «Әй, өзі де Ақтоқты десең дегендей-ақ, Есілдің талындай таралып, сұлу боп өскен екен», «Сорлы баланы Ақан да мазақтап, тастап кеткен екен-ау, шіркін, серінің серігі боларақ адам» дескен жұрт, күні-түні жоқты сылтауратып Еркімбайдың үйіне ағылды. Өзіне сынай қараған, тұла бойын тіміскіп тінте қараған неше бір сұм көздерден қорланған Ақтоқты ел ішіндегі бозбалалардан да көрді көресіні. Бұрын қос тұлымы желкілдеген титімдей күнінде талай рет жездесінің үйіне келген қызға ауыл балалары қонақдеп қадірлеп қараушы еді, енді бір-екі рет бастаңғы, алтыбақанға барғанында ел ішіндегі өсекке қанған кез келген қылжақбас жігіт орынды, орынсыз қалжыңдасып, ақмаралдай сұлу қыздың бойынан бір жеңілтектік іздейді. Бәрі де өздерінше үміткер, дәмелі. Отыра қалған жерде алаңғасар бозбалалар тарқылдап күліп, жөн-жосықсыз тисіп, тіпті кейде қолын жүгіртіп ойнағысы да келеді.
Ақтоқты өткір тілімен беттерін қайырып тастайын десе де, сөзді қор қылып, ушықтырғысы келмей, көп бөрінің ортасына түскен тоқтыдай көзі жаудырап іштен тынады. Ақыры көп тәлкекке түсіп, мазаққа шыдамаған абұйырлы, намысқор қыз бұл ауыл көшесіне де қайтып шықпай қойды.
Келген бетте өзінің бойынан бәлендей өзгеріс таппай көңілі орныққан апасына жеке отырып бар сырын жасырмай түгел ақтарған.
– Өңің жүдеу ғой, бір жерің ауыра ма? – деп алыстан орағытқаи Ақботаға:
– Өңім жүдеу болмай қайтейін. Өңшең балық кез надандардың ортасына қамалған соң, амалым не? Бірақ өңім жүдеу болғанмен, жүрегімде тұтанған үміт оты сөнген жоқ, Ақбота, – деп сөз сыңайын түсінген Ақтоқты да тура жауап берді.
– Тоқтым менің, қайтейін, әлі баласың ғой, сендей кезімде мен де біраз әуреге түсіп, ғашықтық жолында өзімше өлердей болғамын, әлі бәрі ұмыт болады, – деп әке-шешесінің тапсырмасын ә дегеннен орындауға көшкен Ақбота, ақын, серілерше айшықтап сейлеген сіңлісінің сөзіне онша мән бермегенсіді.
– Жоқ, Ақбота, мен өле-өлгенше ұмытармын деп ойламаймын. Тіпті одан басқаға барармын деген ой да жоқ менде. Өзің есіңе түсірші, ғашықтық деген қандай болады. Мен бұрын түк түсінбеуші едім. Әлі де сөзбен айтып жеткізер мұрша жоқ. Неге екенін өзім де білмеймін, Ақанның қасына ерсем, бар дүниені ұмытып, жұрттың өсегін де елемей, бірге жүре бергім келеді. Қайта ел көрсе екен деп көңіліме бір мақтаныш, қуаныш оралады. Ол көзіме түспегелі бір күннен бір күн ұзақ көрініп, бүгінгі сағынышым кешегіден басым тартып, бірде оның көзі, бірде қасы, кірпігі, мұрты, күлгенде көрінер тісі көз алдыма елестеп, соны ойлаумен жақсы күнді өткізем. Ер адамға мұнша қызығармын, сүйермін деп ойлаппын ба? – деп екі көзі мөлдіреп, аппақ жүзіне қан жүгіріп, Ақанның бұрама сақинасын сипап отырып қалды.
– Түсінемін, жаным, сенің жаныңды мен түсінбегенде кім түсінеді, Тоқтым, – деп бірден шошытпай, сіңлісінің көңілін жықпаған ақылды, әдісқой келіншек Ақтоқтыны қушақтап мандайынан сипады. – Бірақ сен мынаны ойлап кердің бе? Сол Ақанды не үшін осынша сүйдің, несімен қадірлі ол саған. Рас, Ақан серідей көрікті, сөзге де, әнге де ұста, сегіз қырлы жігіт ілуде біреу болмас, жиі кездесе бермейді.
– Мен тіпті соның көркін де, өнерін де басқамен салыстырып көрген емен. Оның бойындағы бар қасиеті әйтеуір, маған жұғымды, ұнамды Бәрі-бәрі өзімді шын баурап алған жұмбақ сыр. Кейін бір жайлауда жеке кездескенімізде Ақан: «Есіңде ме, жаным, сен екеуміз Тастан үйіндегі шілдеханада қатар отырғанда қалың қарағай ішінде бір-біріне сүйене өскен қос қайындай едік. Тек сенімен отырғанда ғана өзімді бұрын болмаған бір сиқырлы күйге, жайсаң күйге еніп, көңілім Көкшенің күніндей өсіп отырады», – дейді. Менің көңілімде де тілмен жеткізгісіз осы ой бар еді, соның дәл үстінен түсті. Ендігі жерде қатар бүршік жарар егіз қайың сол Ақандай ғана көрінеді.
Бұдан әрі Ақбота талай қиқалаққа салып, көңілін суытатын талай әдісті сөздерге ауысты.
«Егер сен ұзатылып қоймасаң, жағдай басқа. Сүтемген елі, қала берді қазақ ғұрпы мұныңды дұрыс дей ме»,-деп бір көрді де:
– Ақан сері сенімен ғұмырлық жар да болмайды, кейін жел көңіл ақын басқа сұлуға ауысып, саған салқын тартары хақ. Оған жазғыруға болмайды. Әйтпесе әнші, сері де болмас еді.
Басқасын былай қойғанда, әйелі өліп, екі баламен қалған адам қалай, Сүтемгендей шалқып отырған байдың ұлына барып, дүниені сапырып отырған қалай, ғашықтық та жақсы, бірақ түбін де ойлаған теріс емес. Бұл жерде ешкім жоқ, ана шешеміз бен әкеміз тең бе? Бірақ одан анамыз не қысастық көрді. өмір бойы ішкені алдында, ішпегені артында, Құдайға шүкір, біздей ұрпақ өсіріп, өрісін кеңжайып отыр.
Егер олай-бұлай болып кетіп, Жалмұқан сені алмаса, әкеңнің қалған ғұмыры итшілікпен өтеді. Сүтемген жұрты кек алмай тұрмақ емес. Тым құрмаса, сорлы әкенді аясаң етті.
Сосын, Жалмұқан кімнен кем… Жігіттің төресі. Түр десең түр, ақыл десең ақыл бар. Бойға да. ойға да қораш емес. Ол да – қыз менсінбей, таңдап жүрген жігіттің бірі. Ақылы болмаса, түнеугүні қалыңын төлеген басы байлы қалындығым еді деп, сені басқа-көзге төпелеп алып кетпес пе еді. Ондай аусар, есаландар да көп. Көзі соқыр, басы таз емес, тап-таза мүрсіндей бала. Осында Жанәбіл дегеннің қызы қыпшақ елінің бір байының без тамақ ұлына да барып отыр. Айта берсең ондайлар көп. Әрине ондай жарымжан, жарыместерге сені еш уақытта қимас ем. Өзім-ақ ара тұрар ем. Ал мынадай ердің басын қорламас болар. «Асты қорлама, құстырар» деген сөз бар.
Есінде болсын, бұл – қорқытқаным емес. Жақында бір суық хабар естідім. Қожамбеттен тараған бүкіл мықты елдің атқа мінер еркек кіндікті ер-азаматы зығыры қайнап, Ақанға кіжініп отырған көрінеді. Бір сәтсіз күні зақым қылуы да мүмкін. Сен екеуіңді қосып, қол қусырып отырар дейсің бе? Тым құрмаса, осыны ойла, Ақан – саған ғана емес, бар жұртқа керек Ақан. Шын сүйгенің рас болса, серіні ая. Оның әлі де талай айтып, еліне, нәсіліне қалдырар әні, өлеңі мерт болмасын. Мезгілсіз қаза бар өнерді, бар жақсылықты ешкімге бұйыртпай суық көрге ала кетерін білесің ғой. Тек бетін аулақ қылсын. Күйеу елінің сұсы жаман деседі. Пышақ жүзімен тілдерін тіліп, ант етіскен намысқой жігіттер бар көрінеді, сенен әулие қыздар да қазақ салтына түк қыла алмай арманда өлген. Айға шауып, мерт боп қайтесің, – деп Ақбота бүгінше осы да жетер дегендей, Ақтоқтыны аз сөйлетіп, сөзді дауға айналдырмай ғана талассыз доғарып, тысқа шығып кеткен.
Содан бері сіңлісінің миына ақылды сыздықгап құйып, күнде бір күдер үзер сөздер айтып сіңіріп қояды.
Ақыры Ақтоқты қарсы сөйлер дәрмені болмай, көп сөзден, кеп кеңестен басы айналып, есалаң күйге түсе бастады. Ақбота үйі де, жайлаудағы бөтен ел де жонын теріс бұрған жат мінезге ауысып, он жетідегі жас қызды жабырқаңқы күйге ұшыратты. Енді қайда барып паналар.
Бұл кезде Көкше даласы да көркінен айрылып, кең далада күз желі азынай бастаған. Ауыл маңының сарғайған шөбі жапырылып, көп тұсы тақырға айналыпты. Үйілген тезек, күл аралас көшенің шаңын суыра соққын қара жел, кейде дауылдатып, құйындатып, ашық есіктен үйге кіріп, жын-ойнақ салып өтеді Быуыры сиырдың құйқасындай бұйраланған қарала бұлттар тырс-тырс еткізіп, ірі тамшыларымен желпілдеген түндік-терді шертіп, жақында ұзақ жауамын, қамсыз болғаныңа рақымым жоқ дегендей түнере туседі Ақтоқтының да көктем базары таркап, көңіліне жалбыр бұлтты, ызғарлы күз түскендей қамығып, «не болса да, енді осы әурешілік тез бітсе екен»,- деп өмірден, қызықтан торыға берді.
Үстіп жүргенде Қыпшақ, еліне барып, астан үлкен атақ, зор абыроймен оралған Ақан сері, Әлібектің жер жарған даңқы ауыл-ауылға лезде тарап, Жекебояққа да жетті. Үш жүз аттан озып, серінің Құлагері үідік келіпті. Оған «Үркеккер» деп ат қойыпты. Онысы несі екен? Көкшенің балуандары да белдескенін шетінен жығыпты деп гу-гу етеді. Бұл хабарды осында жеткізген Су Құсайын. Бұл жолы асығыс жеткен ол, «әуелі осы ауылдан бастаймын, түнеугүні Еркімбайдың қонағасын жей алмай кетіп едім, енді соның үйінде отырып түгел қызықты айтамын. Еркімбайдай тыңдай алмайсыңдар, ол отырған жерде сөз өз-өзінен туындап, иесін табады», -деп шеткі бір үйден сәлем айтып жіберіпті. «Еркімбайдың құлағының құйма алтыны бар ма екең, оның құлағы да қалқиған кәдімгі жұқа шеміршек» дегендерге, «солайы солай-ау, бірақ тамақты Ақботадай етіп дәмдеп беретін бұл өңірде әйел заты жоқ» деп сырттан көпшік қоя сөйлеп, жол тауыпты.
Су Құсайынның бұл сөзінде де есеп бар. Оны ешкім сезбейді, ішкі пікірі ішінде: Ақтоқтының осы қайтатынын естіп, бірақ тап қай күні шығатынын біле алмаса керек. Содан осы Су Құсайынды «сен ел аралап, үйреншікті болған сезіксіз адамсың, бүгін барып, қашан қайтатынын, қасында неше жігіт барын қыбын тауып біл. Біз жол тосып жата тұрамыз», -деп жіберген. Ақаннан сөз үйреніп, оны жанындай жақсы көретін Су Құсайын оған сөз қайырған жоқ. Оның үстіне Ақтоқты жайында біраз ғайбат сөйлегеніне іштей ұялып, немен жуып-шаярын білмей жүретін. «Екеуінің қосылуына өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай себебім тисе жарар еді» деп қуанған Су Құсайын кәрі шабдарын тебініп бүгін жеткен. Басқа жүрдек ат мінуге көзі үйренген жұртқа сезікті болар деп қорықты.
Ақтоқтының кейінгі кезде Ақанды да, басқаны да ауызға алмай, үнсіз жүргеніне «е, күдер үзген екен, әлі бала ғой, алғашында түсінбеген ғой, енді ұққан екен» деп қуанған Ақбота, үй шаруасымен айналысып жүріп, сіңлісіне ертең келін боп түскендегі неше түрлі құйтырқыларды, енеге, атаға, күйеу, қайындарға қандай инабат көрсету керек екенін үйретіп, салт-сана әдетке сіңген кеп жоралғыларды ұғындырумен әлек.
«Бір жылдай ата-енеңе жүзіңді көрсете бермей, далаға шыққанда басыңа ылғи сарт шапан жамылып шығасың»;
«Үйдегідей еркіңмен ұзақ ұйықтамай, еріңнен қашан да бұрын оянып, шаруаңа тұрып кетесің»;
«Төсек жиғанда бәрінен де аяқ қабына ұқыпты бол. Шұлығың, не іш киімің шашылып жатпасын. Артығы болса аяқ қапқа салып, мұқият бол»;
«Қайындарыңа өзің лайықтап ат қой. Бадырайтып атымен атап жүрме. Атаң аты Сүтемген екенін білесің ғой. Оның есімін аңдаусызда атап қалма. Сүт деген сөзді айтқың келсе қашанда «ақ» немесе «сүме» деп, «бұзау емді», «құлын емген» дегенді «бұзау сорды, құлын жұтты» деген сияқты сөздермен жаттыға беря.
«Жат жергө келін боп түскен соң бәрі, бәрі сын: сөйлеген сөзің, артық күлкің, біреуге қарасың, шай құйысың, ең арты жүріс-тұрысыңа дейін сын. Ақтоқтым, үлгі-өнегеден кемсін емессің. Әйтсе де, қашан үйренісіп кеткенше «ақырын жүріп, аңдап бас…».
Әшейінде ұғымтал Ақтоқты талай рет шешесінен естіген мына сездерге құлақ қоймаса да, әшейін бас изей береді
Сәкен ЖҮНІСОВ.
(Жалғасы бар).
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Сәкен Жүнісов. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan. – 2 қараша. -№ 128. – 5 бет. – 2023 ж.