С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Ұшы, қиыры жоқ дариядай Сарыарқаның төрінде орналасқан көрікті Қызылжар мен Көкшетауды Алаш ақындарының ордасы болған жер десек, қателеспейміз. Алашқа атағы шыққан ақындарымыздың бірталайы Арқаның осы баурайында, орман-тоғайға толы аймағында туып-өскен. Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай, екі аяқты адамның ділмары, өткір тілді Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері – осылардың бәрі көрікті Қызылжар-Көкше аймағында туып-өскен дүлдүлдер. Бұл сөз шеберлерінің ішінде ең шоқтығы биік, тұлғасы бөлек тұрғаны – Ақан сері. Ақан бейнесі сөзінің тереңдігімен де, өмірінің сұлулығымен де зерттеушілер назарын аударып келеді.
Ақынның өз шығармалары бір төбе болса, ол жайында жазылған зерттеулер мен көркем шығармалар – бір төбе. Осыларды оқып отырғанда өнер сүйген жұрт жан рахатына бөленіп, мейірі қанып, көңілі сергиді. Әсіресе қазақтың көрнекті қаламгері әрі сүйікті композиторы Ілия Жақанов жазған кітапты оқып отырған адам Ақан серімен бірге тозақтың отына түскендей, бірге жұмақтың бағын кешкендей, ғажайып ертегінің ішінде жүргендей күй кешеді. Кітап оқырманды сиқыршыдай арбайды.
Қазақ мәдениеті тарихының айрықша саласын құрайтын салсерілер, олардың ешкімге ұқсамайтын өмір салты, өнері, салтанаты – біздің таңдай қағып тамсана беретін кенішіміз, ұлттық қазынамыз. Кейбір зерттеушілердің өз еңбектерінде азмұз қаузайтыны ғана болмаса, сал-серілер өмірін академик Әлкей Марғұланға дейін арнайы зерттеген ғалым кездеспейді. “Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер” дейтін еңбегінде ғалым қазақтың сал-серілік өнерінің тарихына, табиғатына, ерекшелігіне кең талдау жасайды.
“Сал мен сері – екеуі екі алуан, екі дәстүр өрнектері, өте ескі дәуірден сақталып, халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізіп, әдебиетке, ой-санаға игі әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері. Сал-серілер қазақ тіршілігінде ерекше жаралған, дарындылық дарыған, ақындық, шешендік, күйшілік сүйегіне біткен, махаббатқа бас иген, бүкіл өмірін сұлу қыз іздеуге арнаған, малмүлкін аямай соның жолына құрбан еткен, ерекше киінген, жүйрік мініп, сұңқар ұшырған ерекше жандар, өмірі аңызға айналған адамдар. Сондықтан олар ел ішінде сыйлы болған”, – дейді Әлкей Марғұлан.
Шынында да сал-серілер – тұла бойы тұнып тұрған махаббат, бір жанып, бір тұтанған, өле-өлгенше еш сөнбеген сырлы сезімнің оты мен дертінен жаралған жандар. Олар өзге жұртта кездесе бермейтін мінген аты, киген киімі, жүріс-тұрысы, өнері де, өмірі де ешкімге ұқсамайтын, ғашықтықтың азабы мен тозағын тартқандар, салдық салтанат құрып, серіліктің сергелдеңіне түскен, қоғамынан, өмір сүрген ортасынан қорғаныш таппай, баяны, тұрлауы жоқ, бейопа ғұмыр кешкен; сұқтың көзіне, елдің қаңқу сөзіне ұшырай беретін; үнемі сұлу құшқан, қыз біткенді өзіне ынтық қылған ақын, әнші, композитор, аңшы әрі құсбегі; ортаның сәні, ұлы даланың өмір салтын қалыптастырған, Алла ерекше сұлу ғып жаратқан ғажайып құбылыс. Сондықтан ел жақсылары оларды еркелеткен, үкілеп ат мінгізіп, төрелеп төріне шығарған; аялап алақанына салған, аяғын жерге тигізбеген. Бұл ретте сал мен серінің екі түрлі ұғым екенін атап өткен жөн. Халық сал мен серінің арасын бөліп, шатастырмаған, екеуінің екі түрлі құдырет екенін жақсы түсінген. Мысалы, Біржан сал, Дәурен сал, сол сияқты Ақан сері, Сегіз сері дейтіні содан. Біржанды – сері, Ақанды – сал деп айтпаған.
Ақанның өмірі, ұмытылмас туындылары туралы жазылған еңбектер аз емес. Сол зерттеулердің арасында Ілия Жақановтың “Бір кезде Ақан едім аспандағы” атты хикаятының жөні бөлек. Хикаятта Ақан сері Қорамсаұлындай ел еркесінің шырмауықтай шырмалған, екі аяқтан күрмелген өмірінің ертегіге бергісіз шындығы; сүйініші-күйініші, ғажап пен азапқа, ләззат пен тозаққа толы таңғажайып тауқыметті тағдыры; қасіретті, шиеленісті ғұмыры әсерлі әрі нанымды баяндалады; бұланадай биік тұлғасы асқан шеберлікпен сомдалады. Осы арқылы автор Ақан өміріне қатысты біраз дауға нүкте қойған. Мысалы бір ғана Құлагердің ажалына қатысты ел аузында сан түрлі әңгімелер бар. Осыған қатысты жазылған шығармалар мен түсірілген фильм де жұртшылық ойының сан саққа жүгіруіне әсер етіп отыр. Осылайша жұрттың санасында Батыраштың бәріне белгілі ұнамсыз бейнесі қалыптасып қалған. Алайда шын мәнінде Ақан өміріндегі трагедияға кімнің кінәлі екеніне тарих куә. Ал бүгінде Құлагерді өлтірген Батыраш емес, Барақбай екендігіне мүлтіксіз дәйектер табылып отыр. Ғалымдардың еңбектерінде Барақбай, Жүсіп төре, Бегалыдай қызғаншақтардың іс-әрекеті әшкереленген. Осы күнге дейін халықтың жадында жағымсыз образ болып қалған Жанбота болыстың, Жалмұқанның, Хазірет Науанның қоғамдағы орны, өмірдегі жарқын бейнесі қалпына келді. Ал Батыраш қарақшы емес, Орта жүздегі текті, дәулетті, аса сыйлы кісі болғанын да бүгін біліп отырмыз.
Ақын жайлы айтылғанда оның жүйрік тұлпарына да соқпай өте алмаймыз. Бүгінгі елдің Ақанның серігі Құлагер дегенге құлағы үйренген. Алайда Ақан серінің Құлагерден басқа да Қоңырат (Салқоңыр), Көкбесті, Қарабедеу, Біржан сал мінгізген Ақбоз секілді тұлпарлары болғанын біле бермейміз. Бұл ретте ақын өмірін тек бір ғана жүйрікпен байланыстырып қарастыру қате болар еді.
Ақан серінің ақын жүрегіне от қойып, дертіне айналған қос Бәтима, үш тоты (Ұрқия, Үрімі, Жәмила), Ақшабақ, Жамал, Ақтоты мен Балқадишасы жайында ғажайып баяндар бар. Шындап келгенде мұның бәрі қазақ арасында аңыз болып аты қалған Ақан серінің, оның “Әуеде ұшып жүрген бейнебір ғайып”, “Баспабас қызға бермес” Құлагерінің, баянсыз махаббатының, бүкіл өмірінің осы күнге дейін беймәлім болып келген аса құнды дерегі, тарихы еді. Жүйелі зерттеуге ден қойған авторлар бұл құнды деректерді қырық жыл ерінбей, ел ішінен, архивтерден іздеп тапты. Ақан өмір сүрген Сырымбет тұрғындарының айтқандары, Қасым қарияның қоңыр дәптері, Мағжан Жұмабаевтың зерттеуі, Батыраштың, Ақтоқтының, Балқадишаның ұрпақтарының естеліктері, өзге де көз көргендерден, анығын естіп білгендерден алынған мәліметтер ақын өмірін зерттеуде құнды дерек ретінде жүйеленіп, сараланып жазылған. Осы деректердің ішінде Ақан серінің жақын туысы Ақан серімен аталас Ербаһрам Жандосовтың әкесі Қасым қариядан алынған деректердің тарихы қызық. Қасым қария (1896 жылы туған) Ақан сері жайында өмір бойы жазған дәптерін Илияға бір көрсетсем деп армандап жүреді. Ақан сері өмірінің бар шындығы, елеулі кезеңдері, айтулы оқиғалары осы дәптерде қамтылған. Дәптерді сұрағандар көп болған, бірақ Қасым қария оны ешкімге бермеген.
– Ақан сері әулетімізге ғана емес, халқымызға иіп бере салған Тәңірдің сыйы еді. Ол жайында мына дәптерде жазылған дәйекті сөзді, ауызша айтқан қыруар әңгімемді, саған, сенің балаңа, балаңның баласына асыл мұра ретінде қалдырамын. Ақан сері дүниеден қайтқанда мен он жеті жаста едім. Түр-түсі, іс-әрекеті, мінезі, елде жоқ кірпияз қасиеті, домбыра шертісі, әндеткен үні…бар тірлігі көз алдымда. Басынан кешкен бағы мен сырын, кімді сүйді, кімге налыды…әр әннің тарихы…Қоңыр аты мен Құлагерінің баянын… бәрін Ақан серінің өз аузынан естідім. Маған отбасындағы азын-аулақ мал-мүлік, дүние-жиһаздан гөрі әулетіміздің шежіресі дерлік осы дәптер қымбат. Менің саған қалдырар дүнием де, аманатым да – осы дәптер, – деп баласы Ербаһрамға тапсырған. Солайша, Ақан өмірін терең зерттеп, толымды еңбек жазған Ілия Жақанов құнды деректердің негізін осы дәптерден алған.
Ақанның тегін ақын болмағаны белгілі. Оның ақындық өнерінің бір сырын өткен шежіресіне үңіліп табуға болады. Ақан сері – Қарауыл ішінде Малтабар. Арғы атасы Құдайқұл жүйрік мініп, ит жүгіртіп, құс салған даланың еркесі екен. Бозбала кезінде серіліктің әуресімен ауылға сыймай, думандатып ел кезіп, әндетіп ел аралап кетеді екен. Сүйтіп жүріп бір жылы Қанжығалы еліндегі думанда көкірегі әнге, жан дүниесі арманға толы Кенжебикеш деген сұлуды ұнатып, алып қашады. Құдайқұл мен сол Кенжебикештен – Сапақ, Бекназар, Жаназар тарайды. Бекназардан – Жарқын, одан – Қорамса, Қорамсадан – Ақжігіт (Ақан сері); ал Жаназардан – Ибрахим, одан – Жандос, Жандостан – Қасым, Қасымнан – Ербаһрам туады. Қорамса інісі Жандоспен ғұмыр бойы іргесі бөлінбей, ата қоныстары – Қоскөлдің жағасында, Кеңащы, Көлденең, Қараталдың бойында бірге көшіп-қонып жүрген. Сондықтан да олар іргесі бөлінбеген Қорамса әулеті атанып кеткен. Ақанның әкесі қолына ақша ұстаған, дәулетті әрі елге сыйлы адам болыпты. Ол Ақанды 13 жасқа жеткенше Бұқардан келген молдаға оқытады. Алайда дүниенің сырын білуге құмар, жасынан зерек бала ауыл молдасымен шариғатқа таласып, содан бастап өнер жолын жанына серік еткен.
“Ақан серінің өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір”, – деп жазады Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев. Серінің әр әнінің тарихы, әр адаммен кездесуі – аңызға бергісіз ғажайып оқиғалар. Ұлттық мұрамызды тірнектеп жинаған зерттеушілердің арқасында осындай маңызды деректердің біразы осы күнге дейін жетті. Енді кейінгі жас ұрпақтарға дананың асыл қасиеттерін қаперсіз жеткізу біздің парызымыз деп санаймын. Ақан серінің даңқын бүкіл әлемге асқақтату – елге артылған жүк.
Батырбек СМАҒҰЛОВ,
еңбек ардагері.
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Батырбек Смағұлов. Судай сұлу, желдей екпінді. // Солтүстік Қазақстан. – 12 тамыз. -№ 90. – 5 б. – 2023 ж.