С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Шал ақын ауданындағы Ортақкөл ауылы өте әдемі жерде орналасқан. Айнала ақ қайың мен жасыл терек араласқан қалың орман, балығы шоршыған, аққу-қазы сұңқылдаған, қамыс-құрағы сыңсыған айдын шалқар көлдер, шөбі шүйгін шалғындар мен астықты алқаптар көз сүріндіреді. Біздің елдің табиғатының сұлулығына тамсанып, таңғалған жазушы Қоғабай Сарсекеев әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына жетпіс жыл толуын атап өткен салтанатты жиында “Мұндай сұлу табиғатта туып өскен Зекеңнің жазушы болмауы мүмкін емес екен-ау” деген болатын.
Қос шалқар – Ортақкөл мен Жалтыршадан жаз бойы әкем шелек-шелек балық алып келетін. Біз сап-сары алтындай жалтыраған балықтарды қызықтап мәз болатынбыз. Күзде үйрек, қаз атып әкелетін. Қансонарда із кесіп қоян ататын. Біз көлдің сыртындағы дөңнен бала кезімізде жидек теретінбіз. Әрі қарай үзік-үзік ормандар кетеді. Қойнаулары толған бүлдірген, иісі мұрын жарған түрлі гүлдер мен жоңышқалы қалың шөп өсетін. Бір қызығы, әрбір орман мен шоқ ағаштардың өз аты болатын. Олар – Амандық қажы қыстауы, Орта-ағаш, Төлеген, Ақшалғын, Қойқамалған, Қасқырлы, Қасқақой, Божбан, Итіке, Жуалышоқ және т.б.
Айтып сөз жетпейтін көркем де, шұрайлы өлкемді үнемі еске аламын, сағынамын. Осы ормандардың орналасқан жерлерін ауыл ақсақалдары жаңылмай, дөп басып айтатын. Қазір оны білетін адамдар да қалмады.
Біздің Ортақкөл ауылының құрылуы 1932 жылдан бастау алады. Ол – алғашқы ұжымшарлардың бірі. Сол жылы менің атам Иманбай Қаражігітұлы алғашқылардың бірі болып колхозға мүшелікке өтіпті. Шешем Кәмеш Байқасқызы отызыншы жылдары біздің ауылда не болғанын айтып отыратын. Ол кезде өзі өте жас болғанымен үлкен кісілердің айтқаны есінде қалса керек. Аштық жылдарында ауылда адамдардың ісіп-кеуіп қайтыс болғандарын айтатын. Анам шешесінен төрт жасында айырылыпты. Нағашы атам екінші рет 1932 жылы Қарағандыдағы Жаңарқадан біздің өңірге ауып келген әжеміз Бәди Ақшалқызына үйленеді. Ол кісі он саусағынан өнер тамған шебер екен. Маған тоқыған әдемі алашасы елу жыл өтсе де өңін бермей келеді. Ол алашаны мен мектепте жүрген кезде тоқыған еді, жарықтық.
Анамның ең үлкен ағасы Фазыл, Жанымбет Мырзабаев, Мұқыш Қанафин, Далабай Божақов – төртеуін 1937 жылы “контрреволюционер, жапон тыңшысы” деген жаламен соттап жіберген.
Отызыншы жылдардың аяғында Ортақкөл колхозының жас жігіттері механизаторлық курстарда оқып, ауылға алғаш қашау доңғалақты тракторлар айдап әкелген. “Фарзон”, “Интернационал”, кейін “Эльпульт”, “Катерпляр” деген үлкен, жыланбауыр тракторлар болыпты. Бұрын бір тілді соқаға ат, өгіз жегіп мардымсыз жұмыс істейтін диқан қауымының қуанышында шек болмайды.
“Ортақкөл” колхозынан ФЗУ-ға (“фабрично-заводское ученичество”) 1930-1950 жылдары жас қыздар мен жігіттерді оқуға алып кеткен. Алты айлық курстарда кәсіби мамандыққа оқытады. Оныңыз әскерге шақырғанмен бірдей, міндетті түрде бару керек Үміт Мұқыжанова апамыз сол жақта тұрмыс құрып, Атбасар деген жерде қалыпты, елге Базарайым, Базаралы деген балаларын ертіп келіп жүрді. Сол оқуға барған Файзрахман Рамазанов ағай хабар-ошарсыз кетті. Анасы Бижамал Мамаева әжем өле-өлгенше ас-суын дайындап күтумен болды. Жап-жас қыздарын ФЗУ-ға жіберу ата-аналарға оңайға түспесе керек, Жанымбет Мырзабаев ағамыздың қызы Үмітеткенді ертең алып кетеді деген түні, менің әкемнің ағасы Базар көкеме ұзатып жіберіпті. Қыздарының жат жерде қаңғып қалғанын ата-анасы қаламаған болуы керек.
Преснов ауданындағы қырық үйлі Ортақкөл колхозынан екінші дүниежүзілік соғысқа отыздан артық адам аттанады, соның ішінде әкемнің 1922 жылы туған ағасы Назар Иманбаев, анамның төрт бірдей ағасы: Жағыпар Байқасов, Қалинұр Қойлыбаев, Құдайберген Байқасов, Қасымов Қамзалар болды. Әкемнің ағасы Назар Иманбаев атты әскер құрамында 106-дивизияның 269-полкінде қатардағы жауынгер болып соғысқан. 1942 жылы жиырма жасында Украинада “Харьков қазандығы” аталған қантөгісте хабарошарсыз кеткен. Небары 20 жаста еді. Әкем көзі тірісінде қанша іздесе де бір хабарын ала алмады.
Қазине деген апамыздың төрінде қара қобыз ілініп тұратын. Ол майданға кеткен күйеуінікі десетін. Жары Жақыпов Қасым 1906 жылы туған, 1941 жылы 24 июльде майданға аттанып, содан оралмаған. Бір жыл бұрын Қасым ағамның тағдыры туралы елге хабар жеткенмен, бір өкініштісі оны Қазине апам да, ұлы Декаш ағам да естімей кетті. Қасым Жақыпов 1943 жылы хабарсыз кеткен. Оған дейін Югославияда партизандар құрамында неміс фашистеріне қарсы күресіп, сонда қаза тауып, 1943 жылы Словенияда Повир селосында құпия түрде жерленген. Словенияда оны Кассе Себеро (Солтүстіктің Қасымы) деп атаған екен, әскери дайындықтан өткізіп, оны барлаушы ретінде Югославияға жіберсе керек.
Ауылдастар арасынан соғыстан Сейдахмет Өзбеков (Бөкпен), Жүкітов Оразбай, Өзбеков Есләм, Зикирин Нұрпейіс (Нүкен), Мақанов Омар аман келді. Өмірзақов Әжібай ағамыз майданға аттанып, соғыс біткен соң Мәскеу қаласында тұрды. Орыс әйелі, ұлдары болған. Қайтыс болған күнде сүйегімді қалай да елге жеткізіңдер десе керек, тоқсаныншы жылдары Владимир деген ұлы елге әкеліп, жерлеп кетті. Менің нағашым Жағыпар Байқасов соғыстан кейін Австрия астанасы Вена қаласында бір жыл әскери комендатурада қызмет істеп, 1946 жылы елге оралып, басқармалар курсын бітіріп әр жерде басқарма, агроном, зоотехник болды, 46 жасында қайтыс болды. Біздің ауылдан Жәкен Хұсаинов ағамыз және Баян ауылынан Жанқайыр Есіркепов тұтқынға түсіп, қашпақшы болғанда ұсталып қалады. Ұйымдастырушылардың бірі болған Жанқайырды дарға асады, сөйтіп ол ерлікпен қаза тапқан екен. Камералас жігіт Смағұл Сейтенов те оған куә болыпты. Жәкен аға елге келгеннен кейін әкеме сол қайғылы оқиғаны әңгімелеп берген. Әкемнің сол туралы “Кек” деген мақаласы бар.
Соғыс жылдарында ауылдың жағдайы нашарлап кетті. Еразаматтар жаппай майданға аттанған соң ауылдағы барлық ауыртпалық әйелдердің мойындарына артылды. Малға да, жанға да ауыр жылдар болды. Қыстан мал көтерем болып, өлгені өліп, өлмегені соқаға жегуге жарамай, сауып отырған сиырларды соқаға жегуге тура келді. Колхозда ұстаханада Нұрмұқан Мусин (Күйік) атам ұста болып, соқаның тісін, аттың тағасын, жұмысқа керек құралсаймандарды өз қолымен жасаған. Әкемнің туған апасы Бибіш апатайым алдыңғы қатардағы сауыншы болған, колхозда әйелдер кеңесін басқарған. Шешем колхозда он төрт жасынан еңбек етті, әсіресе, соғыс кезінде өгіз айдап жер жыртқаны бұғанасы қатпаған жасөспірім қызға ауыр тиген. Анамды жас сәбиінің барына қарамастан колхоздың жұмысын істеуге мәжбүрлеген. Жұмысқа бір күн шықпай қалғаны үшін “халық жауының қарындасы” деп Семейге жер аудармақшы да болған. 1948 жылы тамыз айында үш күн бойы колхоз басқармасы Қуанышбай Байсарин колхозшылар жиналысын ашып, талқылап, ақыры кешірім берген. Ауыл адамдары жылап-сықтап сұрап алып қалған екен.
1950 жылы 23 тамызда біріктіру арқылы колхоздарды ірілендіру шаралары қолға алынып, Ортақкөлді Баян колхозына қосты.
1959 жылы біздің ауылға студенттермен бірге композитор, татар азаматы Мәделхан Исмағамбетов астық жинау науқанына келді. Ол кісі 1934-41 жылдары Мәскеу қаласындағы Чайковский атындағы консерваторияны бітірген екен. Белгісіз себептермен алыс аймаққа шеттетіліп жіберілген. Бізде музыка училищесінің ұстазы болды. Ол әкем екеуі “Баян жастарының вальсі” деген ән де жазды.
1961 жылы Баян мен Ортақкөлді орыс халқының өкілдері көп тұратын Приишим совхозының құрамына қосты. Хрущевтің кезінде бидайдан басқа жүгері, күнбағыс та өсіретін. Ауылда бастауыш мектепте үшінші сыныпта оқып жүргенде жүгеріні арамшөптен тазалауға бізді де жіберетін.
Алпысыншы-жетпісінші жылдары Ортақкөлде қой шаруашылығына көп көңіл бөлінді.
1958 жылы өзім қатарлы оншақты баламен мектеп табалдырығын аттадым. Ортақкөл бастауыш мектебін бітірген соң балалар оқуын Баян орта мектебінде жалғастырып, әрі қарай жоғары және арнайы орта білім алатын оқу орындарына түсетін. Үлкен ағаларымыз Амангелді Базарбеков, Жолан Жамықов, Ноян Омаров ауылдан оқу іздеп кеткендердің алғашқылары болды. Әкем Зейнел-Ғаби Иманбаев Баян орталау мектебінде 1939-1941 жылдары оқып, өте алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен. Бір жылда 5-6 сыныптарды бітіріп, 7-сыныпқа көшкен. Өмір бойы жазушылықпен айналысып, 1960 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
Әкеме облыс орталығына немесе Алматыға көшуді ұсынғанымен, ол өзінің атамекенін тастап ешқайда кетпеді. Ол кездегі ауылдар керемет еді ғой. Қазір сондай ауылдардың құрып бара жатқанына ішің ашиды. Егер жол тартылып, су жеткізіліп, қамқорлық жасалса, ауылдар кішірейгенімен әлі де сақталар еді деп ойлаймын.
Марал ОСПАНОВА,
еңбек ардагері.
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Марал Оспанова. Сен маған ақ бесіксің тербетілген! // Солтүстік Қазақстан. – 7 қазан. -№ 116. – 4 б. – 2023 ж.