Құйма құлақ, шежіре қариялардың айтулары бойынша Жамбыл ауданында орналасқан Октябрь ауылының тарихы әріден басталады. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары ұжымдастыру науқаны басталғанда осы төңірекке беделді де сыйлы азаматтардың бірі – Жанкісінің Нұрбайы әр жерде рулас ағайындар мен туған-туыстар болып қоныс тепкен ірілі-ұсақты ауылдарды (Қазалы, Қаратерек, Тоқта, т.б.) Нұрбай дөңінде біріктіріп, «Октябрь» ұжымшарына айналдырылған. Осынау игі іске Қайралап Аяпберген, Жансары Битен, Төребай Аманжол, Артықбай Аяпберген сияқты ақсақалдар белсене жәрдемдескен. Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» мемуарында бұл жерді «беті қамыссыз жалтыр, аумағы ат шаптырарлық кең, теріскей жағы саздау, тайыз, күнгей жағы жарқабақтарына біткен құмқайрақ, бұл көлді Жанкісі Самайдың жеті-сегіз ауылы жағалай отырады», – деп суреттейді.
Ол кездері ауылдар негізінен рубасыларының есімдерімен аталатын. 1867-68 жылдары самодержавиялық патша өкіметі қазақ даласын отарлау мақсатымен небір қитұрқылық саясатқа толы әкімшілік реформа жүргізгені белгілі. Сол кезде жоғарыда аталған ауылдар Анастасьев (Әнәстас) болысы, Петропавл уезі, Ақмола губерниясына бағынған. Орталығы Петропавл қаласы болған. Қарақамыс ауыл кеңесіне қараған «Октябрь» ұжымшары орталығы Майбалық болып табылатын Төңкеріс ауданының аумағында орналасты. 1933 жылы Төңкеріс ауданы жабылып, Қарақамыс ауылдық кеңесі Пресногорьков ауданынының қарамағына берілген. Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен 1936 жылдың 29 шілдесінде Ақтөбе және Қарағанды облысынан Батпаққара, Жетіқара, Қарабалық, Қостанай, Меңдіғара, Семиозер, Таран, Торғай, Обаған, Урицкий, Федоров және Пресногорьковка аудандары жаңа құрылған Қостанай облысына берілген. 1950 жылы Жаңажол, Ақбалық, Жалтырша, Октябрь, Нұрымбет, Қарақамыс ауылдары біріктіріліп, Молотов атындағы кеңшардың қадасы қағылған. Ал Қазақ ССР жоғарғы Кеңес Президиумының шешімімен 1963 жылдың 2 қаңтарында Пресногорьков ауданына қарасты Қарақамыс, Озерный және т.б. бірқатар ауылдық кеңестер Солтүстік Қазақстан облысына қайта берілген. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінде Октябрь революциясына байланысты қойылған елді мекен оған дейін «Шұғайып» ауылы деп аталған екен.
Атамыз ел ішінде «Бабай ата» есімімен кеңінен танылған. Өзінің аманаты бойынша 1954 жылы туған жері – Октябрь ауылына жерленген. Тар жол тайғақ кешуден өтіп, небір қиындықты бастан өткізген қазақ ауылдарының бірі ретінде топырақтан соғылған балшық үйлерде күнелткен, көлдің қамысын жаққан. Қазір естелік іспеттес ескі зираттардың орны ғана үңірейеді.
Ашаршылық нәубетінде жерлестерін аман сақтап қалған Шаяхмет Кәкмәтиұлы деседі. Ол «Балтабек» деп аталатын батпақты көлде ескі қайығымен жүзіп жүріп, қолдан тоқыған ескі аумен балық аулап, дүйім ауылды асыраған. Көлдің ортасындағы аралдан жаз бойы құрғақ шөп шауып, малға жемазық дайындаған. Атамыздан тараған ұрпақ Астана, Петропавл, Қостанай қалаларында тұрады. Қарияның өзі Октябрьдегі қорымда мәңгілікке тыныстап жатыр.
Октябрь ауылын Балтабек, Умакөл, Нұрбай, Қарақой, Шұңқыркөл, Үлпілдек, Таймас, Аманжол, Ұзынкөл, Таласкөл, Қазалықопа, Кемпір, Сарыөлең, Өнесім, Жылымды, Қарақоға, Қайранкөл, Тоқтакөл, Алқасор сияқты жиырма шақты көл қоршап жатыр. Елді мекеннің маңайында Қабыланбай шілігі, Жақсыбай шілігі, Қызыл ит шілігі және атаулары ұмытылған 5-6 шілік, Нұрбай, Қаратерек, Жуанағаш атты қайың, терек аралас қыстаулар орналасқан. Үлпілдек көлінде шортан, сазан, алабұға т.б. балық түрлері бар. Ауыл аймағы табиғи қорық болып есептеледі. Дала ешкілері, марал, қабан шошқа, түлкі, қоян, суыр, енот, борсық және т.б. аң түрлері мекендейді.
Қазалы ауылының ру атасы – Теке (шамамен 1816 жылдары туған). Ертеде осы ауылға келін түсірген үйдің бір текесі жоғалып кетіпті. Қылжақбас жігіттердің бірі. «Жоғалған текеңді анау тұрған үйден барып сұра» деп жас келінді Теке атамыздың үйіне қарай жөн сілтеп жіберсе керек. Келін шаңыраққа кіріп келіп «Ата, біздің теке осы үйде ме?» депті. Атамыз әлгі жігіттердің ойыны екенін бірден сезіп, мырс етіп күлген екен. Содан атамызды елдің бәрі «Ешкі ата» атап кетіпті. Атамыздың үш ұлы да тақуа болған. Осы шаңыраққа әулие кісілер жиі келіп тұрған. Содан болар, ұлдарының есімдерін Садуақас, Шұғайып, Зақария деп азан шақыртып қойған. Нұрымбет руынан шыққан Марал ишанның ұлы Қалқайдың жасы Теке атамызбен шамалас. Шұғайыпқа да әулиелік қонған деседі. Әртүрлі шөптен дәрі жасап, ауырған балаларды, жас босанған келіншектерді емдеген. Қазалы қыстауында мешіт, медресе ашқан. Атамыз Зор беделінің арқасында «Бабай ата» деген атқа ие болған.
Жазушы Ғабит Мүсрепов жүз жасаған Теке ақсақалдан Ботбай деген кісінің мына өлең жолдарын жазып алғанын айтады.
«Уа, дариға-ай, дариға-ай,
Байқалға барып құятын,
Селенгені жайлаған,
Керей деген ел едік.
Тұрағұл деген ханы бар,
Зарлауымның мәні бар,
Қарақорым қаласын,
Тартып алып Шыңғысхан,
Қатындарын ханымның,
Бөлісіп алды моңғолдар.
Бытыра қашты кайран ел,
Адыра қалды туған жер,
Атамыздан айрылып,
Қысық көз моңғол атандық,
Уа, дариғай-ай, дариға-ай».
Бұл өлең жолдары «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 21 наурыздағы санында басылыпты. Демек, Ғабеңнің де балалық күндерінің Шұғайып ауылында өткенін аңғаруға болады.
«Октябрь» ұжымшарының тұңғыш төрағасы – түбі қарақамыстық Абдырақы Ботанов. Кейін ел ішінде «ақсақ Зәйкен» атанып кеткен Зайкен Сабитов, Ескендір Көшебин, Есләмбек Рамазанұлы, Амантай Рамазанов, Есім Шынтемірұлы жетекшілік еткен. Мұнда 1960 жылдары Аяш Таскенов деген кісінің бір мың қаралы қойы болған. Сегіз мың гектарға жуық жерге бидай, арпа, жүгері, күнбағыс, екпе шөп егілген. Гектар берекелігі 16 центнерден айналыпты. Бригадир Ержан Есенғалиұлы, наладчик Әскер Рамазанұлы, дәнекерлеуші Қабдол Хамзаұлы, механизаторлар Қайса Ысқақұлы, Қабидолла Мырзахметұлы, Серікбай Имашұлы, Аманжол Сәбитұлы, Орал Сәбитұлы, Төлеген Ержанұлы, Әскербай Мұхтарұлы, тағы басқаларының есімдері құрметпен аталады. Бөлімшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсылманбек Рамазанұлы, Ертай Ержанұлы мал дәрігері болып жұмысқа орналасқан. Зейнет жасына дейін еңбек еткендердің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Қазиқан Мырзахметұлы. Тілеген Ысқақұлы «Нәти» шөген тұяқ тракторын көп жыл бойы тізгіндеген. Ауылдың жуанағаш жақ бетіндегі балшық үйде тұрды. Үстінен сары шепкенін тастамайтын, ауылдың малын бағатын. Кешке қарай малдың алдынан шыққан қатын-қалаш, бала-шағаны қамшымен сартылдатып, қырғидай тиетін. Шағын ғана, мінезі шатақ, кісі еді. «Сталин-6» комбайнын ірі денелі, еркекшоралау Алтын Сибанбайқызы апамыз ұршықша үйіріпті.Ұнамаған адамын боқтап салатын өткір мінезді екен. Тың игеру кезінде самаходный тракторды Ержан Есенғалиұлы айдап әкеліпті.
Ұстаздық еткен Нұржан Оразалиннің туған жері – Қостанай облысының Урицкий ауданы. Бұл жаққа қалай қалай келгені белгісіз. Ел ішінде ол кісіні «Бұжыр» деп атап кеткен. Марқұм Нұржан Қабдоллаұлы нағашым сол кісінің алдында бастауыш сыныпта оқыпты. Оның бауыры Нұрғожа Оразалин өлкелік газеттерде тілшілік қызмет атқарған. 1979 жылы заман талабына сай сегіз жылдық мектеп қолданысқа берілді. Алғашқы директоры – Қазақбай Мақышұлы. Одан кейін басшылық еткен Жұмағұл жайлы ел ішіне «Маташев, қайдан келдің шатасып…» деген әжуа өлең тараған. Өшіккен біреулер жылқыларын ұрлап әкетіп, оған ренжіп, бір күнде көшіп кеткен. Одан кейін Октябрь сегіз жылдық мектебіне Әнуарбек Әубәкіров жетекшілік етті. Оған «Майбасар» деген лақап ат қойылды. Керемет ақкөңіл, ешкімнің бетін қайтармайтын момын кісі болған. Оқуға түсе алмаған ұл-қыздарды бетін қақпай жұмысқа ала беретін. Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп келген Қанат Мырзахметов ауыл тарағанша директорлық қызмет етті.
Ерболат ЕСЕНҒАЛИ,
№ 17 ұлттық өркендеу орта
мектеп-кешені директорының
орынбасары.
Есенғали Е. Сен ыстықсың біздерге // Солтүстік Қазақстан.- 2024.-4 сәуір.-6 б.