Қызылжарда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының қорытыдысы шығарылды
С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Биыл қазақтың ардақты перзенті, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Осыған орай өңірімізде көптеген рухани шаралар ұйымдастырылмақ. Оның негізгі бөлігі ақынның кіндік қаны тамған Қызылжар өлкесінде өтеді деп жоспарлануда. Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді…» деген атаумен өткен республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жүлдегерлер марапатталды.
Алаш ардақтысының мұң мен зарға, қайғы мен азапқа, айдау мен қуғынға толы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры кімнің болмасын жанын сыздатады, сай-сүйегін сырқыратады. Көзі тірісінде жазған мол шығармашылық мұрасының бірдебір парағы ашылмаған ақынның өшпес өнегелі туындыларымен елжұрты тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толыққанды таныса алғаны белгілі. Ел деңгейінде өткізілген жыр бәйгесі осы олқылықтың орнын толтыруды көздеді, Мағжан жаққан бір сәуленің әр жүрекке нұрын шашарына иландырды.
– Қасиетті Қызылжар топырағынан сайдың тасындай небір сайыпқырандар түлеп ұшқан. Солардың алғы шебінде аяулы ақын, бар ғұмырын халқының азаттығына арнаған асыл тұлға Мағжан Жұмабаевтың тұрары хақ. Дүниеден озғаннан кейін ғана халқының мейір-махаббатына бөленген ақтаңгердің 130 жылдық мерейтойына орай өңірімізде көптеген шаруалар тындырылмақ. Біз биылғы жылды «Мағжан жылы» деп атауды жөн көріп отырмыз. Қазақ жұртының жоғын іздеп, қиын-қыстау кезендерде еліне тұтқа бола білген атпал азаматымыздың шығармашылық мұрасын өз деңгейінде ұлықтау үшін алдағы уақытта халықаралық ақындар айтысын, оқушылар арасында мәнерлеп оқу сайыстарын ұйымдастырамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Жыр мүшәйрасына еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық талапкер өздерінің шығармаларын ұсыныпты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, есімі елімізге белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, журналист Жақсыбай Самрат, еңбек ардагері Құдайберген Қалиев, «QYZYLJAR» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық бастаған қазылар алқасы тоғыз ақынды ақтық сынға өткізіп, оларды бөліп-жармай, барлығын Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты атағымен марапаттады. Жүлдегерлердің қатарында Танакөз Толқынқызы, Бағдат Мүбарак, Бауыржан Қарағызұлы, Абылай Мауданов, Арайлым Мұратәлиева сынды есімдері елімізге танылып үлгерген ақындарда бар.
Мағжан ақынның ғұмырдариясына көз жүгіртсек, көңіліміз құлазиды. Ақын 1927-1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы «Жұмабайұлы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін» деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.
Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Мағжан Бекенұлы Алматы қаласына келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Ғұмырының он жылын түрмеде өткізген асыл тұлға елінің шынайы тәуелсіздігін аңсады, сол үшін басын бәйгеге тікті, қуғындалды. Ғалым Дантай Ысқақұлы бір еңбегінде айтып өткендей, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта шенінде басталған Мағжанды идеологиялық жағынан талқандау науқаны ол өле-өлгенше бір сәтке де тоқтаған жоқ. «Өйткені Мағжанның тағдыры бүкіл ұлттық әдебиеттің де тағдыры болатын. Бір жағы ақынның тілім-ділім, елім-жерім, анашым-алашым деп, аңыраған азаматтық бағыты кеудесінде ұлттық намысы бар азаматтарды азаттыққа үндегені, екінші жағынан, қазақ әдебиетінің, отарлық езгідегі қазақ жұртының болашақ тағдыры қыл үстінде тұрғаны қазақ зиялыларының көпшілігін ойлантып, алашшыл бағытқа іш бұрды. Бірақ та биліктің аты – билік. Билік бар мүмкіндігін пайдаланып, отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық идеяларды күшпен талқандауға бет бұрды. Кеңес өкіметі қанша қудалағанымен де Мағжан ақынның жүрегінен өлең болып құйылған ұлт-азаттық идеяларды өшіре алмады. Керісінше, М. Жұмабаевты қудалаған сайын оның ақындық, азаматтық болмысы биіктей түсті».
Сахна төріне көтеріліп, жырларын оқыған ақындардың кестелі шумақтарынан Мағжанның өмірдеректері де жүректі қарып өтер тіркестермен өріліп жатты. Бұл туындыларды жиналған жұртшылық зор ықыласпен қабылдады.
Ақын Бауыржан Қарағызұлы өзінің Мағжан Жұмабаевқа арнаған «Еркіндік» деп аталатын өлеңінде:
«Жан бар ма жүрегінде қаңғымаған?
Табытын сүйретіп жүр әрбір адам.
Жаралған о дүниенің дауысынан,
Мағжан кім?
Мағжан емес – мәңгі ғалам!», -деген жолдар кездесті. Осы шумақты оқып отырып Алаштың арысының шығармашылығы туралы әсерлі сөз қалдырған жазушы Мұхтар Әуезовтің мынадай пікірі ойға оралады. «Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқалардың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін», – дейді қаламгер. Өлеңдері арқылы адамзатқа ортақ ой айта білген алдаспанның өзі де, сөзі де мәңгі ғалам емей немене?
«Жап-жарық күн де ауыпты көктен!
Жарлығы үстем жауықты көппен.
Қазақты сүю – атылып кету!
Қазақты сүю қауіпті неткен!
Кеше де-солай! Бүгін де сол күн!
Көктемей жатып, көгермей солдың!
Қазақты сүйсең-халық жауысың!
Қазақпен бірге өлердей сол мұң.
Арда бір туған Апашым бар-ды.
Асып бір туған ала шыңдарды.
Тағдырмен сенің таласың бар-ды!
Тағдырдан сенің аласың бар-ды.
Қазақты сүю – азапты сүю!
Қазақты сүю-тозақты сүю!
Өзіңді қию. Өзекті қию!
Кебінің қылып әз отты кию».
Бұл – Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Танакөз Толқынқызының бәйгеге қосқан «Қазақты сүю» деп аталатын өлеңі. Өлеңнің алғашқы шумағынан соңғы нүктесіне дейінгі аралықта Мағжанның мұңы жатқандай. Жоқ. Мағжанның мұңы ғана емес. Отызыншы жылдары «мен қазақпын» деп батыл айтқандары үшін түгелдей дерлік қуғындалған ұлттық элитаның үні жасырынғандай. Тыңдап отырып қазақты сүюдің қандай қасіретті тағдырға айналғанын сезіндік, көз жасымызға ерік бердік.
Өлеңін:
«Батып бара жатқаны-ай мына күннің,
Өтіп бара жатқаны-ай мына түннің!
Көлденең көк аттыны көзге де ілмей,
…Жан сәулесі болар ма ем Ұлы ақынның!» – деп түйіндеген ақын Арайлым Мұраталиева Мағжан Жұмабаевтың «Сүй жан сәулемін» көңіл иіріміне оралтты.
Тоғыз ақын өздерінің жыр пайғамбарына арнап жазған туындыларын нақышына келтіріп оқып болған соң, оларды марапаттау рәсіміне кезек берілді. »Баршаларыңыз мүшәйраға қатысып, тандаулы деп танылғандардың өлеңдерімен таныс болдыңыздар. Бүгін бәріміз нағыз жыр мерекесіне қатысқандай әсерге бөленіп отырмыз. Облыс басшылығының өңірде биылғы жылды «Мағжан жылы» деп жариялауы да қуантады. Мағжан – өзі де, өлендері де қудаланған қазақтың қайталанбас перзенті. Кеңес өкіметі қанша қудалағанымен де Мағжан ақынның жүрегінен өлең болып құйылған ұлт-азаттық идеяларды өшіре алмады. Керісінше, М. Жұмабаевты қуғынға ұшыратқан сайын оның ақындық, азаматтық болмысы биіктей түсті. Бүгін біз соның куәсі болып отырмыз», – деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Бұл күні ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар:
«Із қалған от болып қаламнан,
Ызғардан ақ сәуле таралған!
Темір тор ішінде күрсінген,
Кісенде бұлқынды ақ арман!
Жан нұрын өлеңге ораған,
Тағдырын тексіздер талаған!
Ұлтының ұйқысы мазалап,
Ah ұрған Арыс ұл абадан», – деп жырға қосқан Апаш арысының мағыналы өмірі, мол мұрасы әр жүректің төрінен орын алғанына бек сенімдіміз. Туған жері – Қызылжар жұртшылығының осындай мерейлі шараны қолға алып, еліміздің әр түкпірінен ақындарды жинап, жыр көрігін қыздырғаны үшін Мағжан ақын жатқан жерінде бір аунап, рухы шат болған шығар.
Шара барысында филармония әншілері Жанат Айтбаев, Дәмеш Құрманкина мен Еркебұлан Қарыпов Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған әндерді орындап, тыңдарманның зор қошеметіне бөленді.
Нұргүл ОҚАШЕВА, «Soltustik Qazaqstan».
СУРЕТТЕРДЕ: (жоғарыда) Т.Толқынқызы өз өлеңін оқуда; (ортада) көрермендер; (төменде) жыр мүшәйрасының жүлдегерлері.
__________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Нұргүл Оқашева. Жануға ғана жаралған жүрек. Қызылжарда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының қорытыдысы шығарылды. / Н. Оқашева. // Солтүстік Қазақстан.-18 ақпан.-№ 21.-Б. 3 2023