С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
“Қазақ поэзиясының пайғамбары” атанған сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың тұлғалық болмысын ашу үшін ақынның “Жан сөзі” деген өлеңін тарихи контексте зерттеп көруге талпындық. Өз басым “Өзгелерім бір төбе, Ер Төстігім бір төбе” дегендей, Мағжан Жұмабаевтың “Жан сөзі” деген өлеңін ерекше қастерлеймін, өлеңді оқып отырғанда ақын жанымен сырласқандай күй кешемін.
Қазақ әдебиетінде Мағжан Жұмабаевты философ ақын деп таниды. “Жан сөзі” өлеңі бірінші жолдардан-ақ мынадай тұжырыммен басталады:
Өмір – теңіз, жоқ оның түбі, шеті,
Сылқ-сылқ күлген сиқырлы толқын беті, – деп ақын өмірге деген өзінің философиялық көзқарасын ұсынады. Бұл жерде “өмір – теңіз” деген ұстанымды жеке адамның тағдыры деп емес, жалпы адамзат баласының жарық дүниедегі тұтас тарихы деп танығанымыз абзал деймін. Тарихи тұрғыдан қарағанда, сиқырлы беті сылқ-сылқ күліп жататын өмір теңізінің түбіне бойлаған жан бар ма екен, шетіне шыққан пенде болды ма екен? Жеке адамның тағдыры деп қарасақ, әркімнің кесімді уақыты бар, өмір шетінде күтіп алатын қазасы бар, сондықтан ақын дүниеге келген әрбір адамды адамзат тарихының теңізіне сапарға шыққан жолаушы есебінде қабылдайтынын аңғартады.
Осы өмірге кіргелі көп күн болды,
Енді бір ай – толады жиырма жеті, – деп ақын өзінің ғұмырбаяндық нақты дерегін ұсынады. Демек, “Жан сөзі” өлеңі 1920 жылы мамыр айының шамасында жазылған деп санаймыз.
Ес білгелі алыстым өмірменен,
Өмір – теңіз, толқыны тым көп қақты, – деген жолдардағы өмірмен алысу деген тіркес пен “өмір – теңіз” деп қайталанған метафораны енді ақынның өз басындағы тағдырын жырлауы деп қабылдауымызға сұранып тұрғандай. Мағжанның әкесі Бекеннің ірі бай әрі ел билеген болыс болғаны бәрімізге аян, тіпті әкесі келешекте орнымды басып, ел билейді деп үміттеніп отырған Мағжанның оқу іздеймін, ұлтыма пайдалы азамат боламын деген талабын ұнатпай, теріс батасын берген деген пікірлердің де айтылатыны бар. Мағжанның өзін қойып бірге туған ағабауырларына дейін тоздырып жіберген тағдыр тәлкегінің сырын әкенің теріс батасынан іздейтін көзқарастың бары да рас. Мүмкін сондықтан да болар, өз заманында әкесінің атақ-абыройымен, мал-дәулетімен алаңсыз өмір сүруге тиісті ақын бар болғаны жиырма жеті жасында “өмірдің толқыны тым көп қақты”, – дейді. Бірақ Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын зерделеген, “Мағжанның Қызылжары” атты зерттеу кітабының авторы, филолог-ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай ағамыз мұндай пікірді терістеп, ондай оқиғаның орын алуын жоққа шығарады. Ғалымның айтқан уәжі мен келтірген деректеріне біздің де қосылуымызға тура келеді. Тек біз өз тарапымыздан, ондай оқиға бола қалса, Мағжанның жасөспірім кезінде, діни семинарияны бітірді делінетін 1910-1911 жылдары, яғни, ақынның 16-17 жасар кезінде болуы ықтимал деп жорамалдаймыз. Қазақ өмірінде баланы жастайынан ел ісіне араластыру тәжірибесі бар болғанын Абай Құнанбайұлының өмір дерегінен жақсы білеміз.
Ес білгелі алыстым жүрекпенен,
Ырық бермеді, қаңғыртты, ол не тапты? – деген кейіптеуге толы өлең жолдары ақынның ішкі сырынан хабар береді. Ақылы таңдаған жолға сезімі аяқ баспай, сананы жүректің әмірі жеңгенін ақын былайша толғайды:
Ессіз жүрек тулады, бермеді ырық,
Ақыл сорлы ере алмай, қалды тұрып.
Ессіз жүрек, бөгелші бір азырақ,
Отыз тұр ғой үңіліп, арты – қырық.
“Қалды тұрып” деген сөзге жақсы ұйқасу үшін, әрине, “арты – қырық” деген сөйлем өзі сұранып тұрғандай көрінеді, дегенмен осы бір болмашы ғана деталь Мағжан бойындағы ішкі түйсіктің жүйріктігін, көкірек көзінің ғайыпты болжағыш ғажайып бір құпиясын ашып кететіндей. Отыздың үңіліп, артында қырықтың тұрғанын жүрекке ескерту – жай ғана жасқа жас қосылады, өмір өтеді дегенді білдіргісі келгендіктен айтылмаған сыңайлы. Ақынның отыз бен қырық жасының арасындағы тағдырын алып қарасақ, жазықсыз қудалау, жала жабу, айыптау, абақтыға жабу, ақыры жер аудартып жіберу секілді тағдыр тақсыреттеріне сәйкес келеді де, ақын ғұмыры 44 жасында шорт үзіледі!
Жүректің әміріне еріксіз бағынған ақынның біресе жел болып жынданып өзі отқа түскен, біресе от болып жандырып өзгені өртеген күйін тебіренбей оқу мүмкін емес! Сиқырлы сыбдырымен татқан жанның есін алған су болғаны, Күн бола тұрып көппен құшақтасқан жайсаңдығы, Ай болып талайдың өзегін үзген дара асқақтығы тек қана Мағжанға жарасатындай. Одан басқа ақын осылай жырласа, сөзінің шындығына, сезімінің шынайылығына ешкімді сендіре алмастай.
Сен: “Сүй!” – дедің, талайды сүймедім бе?
Көбелек боп көп отқа күймедім бе? – деп қарапайым пенде басынан сан рет кешсе де, ашық айтуға тартынатын алапат сезім күйін де ақын жасырмайды және өзіне қалай жарасады десеңізші!? Тіпті неге соншама көп сүйіп, көп күйесің деп кінә қоюдың өзі де орынсыз секілді сезіледі. Басқаша болуы мүмкін де еместей!
“Ата-анаңнан без!” – дедің, безбедім бе?
Қаңғырып, талай жалғыз кезбедім бе? – деген жолдар сөз басында айтып өткендей, жасөспірім кезінде әкесінің теріс бата бергені туралы деректі айғақтай түсетіндей.
“Дәулеттен қаш!” – дедің сен, қашпадым ба?
Қойнымды жоқшылыққа ашпадым ба? – дегенде де әке мұрасынан, ен байлықтан бас тартқыза білген ессіздікті көреміз. Ақылға салса, әрине, ешкім әкесінің дәулетінен қашпас еді, ал біздің зерттеп отырған лирикалық кейіпкеріміз Мағжан болғандықтан, Мағжанның табиғи болмысы, азаматтық тұлғасы жүректің әміріне бой ұсынғанын білеміз. Сондықтан да аса қатты таңырқамаймыз. Бізді қызықтыратыны – не себептен ақын өз бойын, ақыл-ойын жүрекке билеткен деген сұрақ.
“Жоқты іздеп тап!” – дедің сен, таппадым ба?
Сен: “Айға шап!” – дегенде шаппадым ба?
Не керек! Бар бұйрығың орындадым,
Сұм жүрек, сол қызметімді ақтадың ба?
Міне, ақынның жүрегімен сырласуы! Ұлы ақын, дана Абайдан кейінгі жүрекпен сырласқан ақын – Мағжан Жұмабаев деп айтсақ әбден лайық! Жүректің тапсырған қызметін қалтқысыз атқара жүріп, өз кезегінде ақын да сұрақты төтесінен қояды және жауапты да өзі береді:
Ақтамадың, алдадың, енді білем,
Енді бір ай – жиырма жеті жасқа келем.
Отыз, қырық… Қартаям, сөнем, өлем…
Еліме есебімді не деп берем?!
Жиырма жеті жасына дейін жүректің ессіз әмірлерін орындап келген ақын алданғанын енді білді. Халқына есеп берер уақытын санағанда, ақын аузына тағы да отыз бен қырық түседі, бұл не ғажап!? Неге “Сексен, тоқсан… Қартаям, сөнем, өлем…” демейді? Қырықтан артық санды айтқызбай тұрған қандай құдірет?! Жұмбақ?!
Өзі өмірден көшкен соң артында қалған ел-жұртының қалай бағалайтыны ақынды алаңдатады.
Ақылға кеш айналдым, қараң күнім,
Бір күні құшағына алар өлім, – деген жолдарды оқып отырғанда Мағжанның ойшылдығы өзінің рухани ұстазы, кезінде “сөзі алтын хакім Абай” деп бағалаған ұлы ақыннан да ертерек оянған ба деген ой туады. Ұлы Абай “Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман”, – деп өлең жазғанда бар болғаны қырыққа енді ғана келген қылшылдаған азамат екен. Соған қарамастан қартайдық деген. Ал Мағжан Жұмабаев небәрі жиырма жеті жасында “Ақылға кеш айналдым, қараң күнім” деп қайғырады.
Сол қайғыдан шықты ма екен, “Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған…” деп туған халқына Мағжан соңғы датын айтып қалғысы келеді. Ақынын “айта түсші!” деп қолқалайтын қазақтың ХХ ғасырдағы сөз зергерінің өтініші… – бір ауыз сөз айтуға мұрсат сұрайды. Көп ұзамай сөйлеуге рұқсат сұрағанды қойып, “ләм” деп ауыз ашуға болмайтын үндемес уақыт орнайтынын білгендей!
Пайғамбар емес екені айдан анық, әйтсе де Күнбатыстан шығып, қазаққа төніп келген қарғыс атқыр қараңғылықтың сипатын әшкерелеп, “Пайғамбар” деген өлең жазған, келе жатқан дәуірдің зұлмат келбетін, қиянатшыл өктемдігін жүрегімен сезіп, түйсігімен болжай білген, жолындағысын аждаһаша апырып-жапырып қиратып бара жатқан төңкерісшіл жаңа заман “қаһармандарын” бар жұлын-жүйкесімен тітірене жиреніп қарсы алған ақын бойында пайғамбарлық қасиет болмады деп айту тағы қисынсыз.
Сөйткен қайран Мағжан! Алты алашқа ардақты ақын Мағжан Жұмабаевтың атын атағанда, менің тіліме “қайран” деген сөз еріксіз орала береді. Еріксіз дейтінім, Мағжанды оқысам, Мағжан атын еске алсам, нәзік жүректі сыршыл ақынның өмірінде кездескен қаншама ауыр жолдар мен аяусыз соққылар ақын жүрегін еркінен тыс жұлмаласа, менің де жүрегімді еріксізден-еріксіз “қайран Мағжан!” деген күйінішті сезім жұлып жейді. Данышпан Абай атамыздың ақыл, қайрат, жүрек үшеуіне қаратып: “…Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым” дейтіні бар он жетінші қарасөзінде.
Тағы да дана Абайдың: “Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек”, – деген сөзі мен Мағжанның қапастықилы замандағы талайсыз тағдырына берген жауабын, жазықсыз жаладан жеткен аянышты өлімін қалай қарсы алғанын ойласақ, қайран Мағжанның, Абай айтқандай, “табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам” болғандығын еріксіз мойындатқандай. “Жүрекке әмір жүрмейді” деп халқымыз айтса да, адамзат баласында жүрек қалауын ақылдың тапқан арзан қулығы мен бақай есебіне жем ететін қауымның басым екендігімен келісуге мәжбүрміз. Мағжанды Мағжан етіп тұрған ұлы қасиет – таза, нәзік жүрегінің әмірін қылуасыз һәм риясыз, екі еткізбей орындағаны деп санаймын, ойымызды “Әміріңді екі қылмай орындадым” деген өлең жолдары айғақтай түседі. Мағжанның өмірімен аз-кем таныс адамды ақынның сол заманға лайық азды-көпті биліктен де, мыңғырған мал мен мол дәулеттен де, дүниеге шыр етіп келгеннен тіршілік үшін күресетін пенде баласының мұраты іспетті жақсы тұрмыс, жайлы өмірден де өз еркімен бас тартқаны, жүрек қалауы үшін барлық игіліктен қол үзгені еріксіз таңғалдырады. Жалған дүниедегі арзан қызық, баянсыз бақ үшін басын байлатпай, қиын болса да қилы, қара басына емес, туған халқының мәңгілік мұратына қызмет ететін білім мен ғылымға, әдебиет пен мәдениетке ұмтылтқан неткен қайсарлық, неткен дәт! Міне, нағыз жүрек қалауы! “Жан сөзі” өлеңі жастық жалынмен жас кезінде жазылған өлең: үстіртін бір қарап өткенде махаббат, жастық, ғашықтық мәселесін қозғайтындай көрінетіні рас. “Жүрегіңнің түбіне терең бойла”, – деп дана Абай айтқандай, Мағжанның жүрек түкпіріне үңілсеңіз, бұл өлеңде жастық жалыннан тысқары ұлтын сүйген ұлы жүректің қуатты соғысын, ырғақты дүрсілін айқын аңдайсыз.
“Қара жерді құшақтап мен жатармын,
Сол кезде не деп мені сынар елім?” деп жиырма жетідегі желпілдеген жастың емес, тоқсан жетідегі тоқыраған, өлімнің ақиқаттығын мойындап, есеп беретін күннің жақындығын тұла бойымен, тұтас санасымен түйсінген қарияның аузынан шығуға тиіс толғанысты сұрақты өзінің ғана емес, оқырман қауым, келешек буын – біздің де алдымызға көлденең тартады. Аттап өту, жалтарып кету мүмкін емес сұрақтар!
“Не қуаныш, не қайғы басқан күнде,
Басыма келіп: “Ақын, тұршы!” – дер ме?” деп күтеді өзі құлай сүйген халқын. “Бақытты, барақатты заман – осы!” деп санамызға құйып келген советтік дәуір келбетін, отарлықтың қиянатшыл езгісін еске түсіргенде, тағы да еріксізден-еріксіз Мағжан өлеңдеріне жүгінеміз. Өлеңдерін оқимыз, жанымызға ем табамыз:
“Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы”.
Бүгінгі тәуелсіз елдің еркін азаматы ретінде ақынның ішкі түйсікпен ғайыптан сыр тартқандай етіп айтып кеткен үміт дүниесінің жанғанын көру – біздер үшін қандай бақыт десеңізші!
Е-е, қайран Мағжан! Пайғамбар емес екендігі – ақиқат, бірақ:
“Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған
Молама көз қырын да салмас па екен?” – дейді. Еріксіз ойланамыз: бар саналы ғұмырын, өмірлік мақсат-мұратын соның жолына арнаған туған халқы өзінің ұлы ақынының, ардақты ақынының моласының басына да бармайтын, атын да ауызға алмайтын уақыт болатынын қайдан білді? Қайран Мағжан 1960 жылы ресми түрде ақталғанымен, бақандай 28 жыл бойы оның ақталғанын халыққа айтпады және бұл әрекет саналы түрде жасалған қиянат еді. Бұл сорақылықтың басқасында кімдер болғанын, қай азамат өмірден өтер шағында Мағжандай ақынға жасаған қиянаты үшін халықтан кешірім сұрап арнайы сөз қалдырып үлгергенін ақынның тағдырын зерттеп жүрген жандар жақсы білсе керек.
Мағжанның пайғамбар емес екенін білдіргісі келгені болар, тәңірі тағала ақынның аузына: “Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған, Молама көз қырын да салмас па екен?” деген жыр жолдарын салады. Жоқ, қайран Мағжан, қазақ халқы аман тұрғанда, ұлтымыздың саналы, арлы азаматтары аман тұрғанда қандай қапас пен қысастықтың, қиянат пен қатыгездіктің тезіне түссе де, туған халқың сенің молаңа, басыңда қалқайып тұрған қара тасыңа әрқашан көз қырын салатын болады! Әттең, амал жоқ, адам баласына қиянатың, адамзатқа қастандығың жоқ болса да, әпербақан заманның қолшоқпарлары, кісіліктен ада, адамшылықтан алыс, тыныш тұрған, тұнып тұрған бейбіт өмірге жаны қас, хайуани түйсіктері адами парасат пен адамшылық сананы жойып жіберген, дүниеге әділдік орнатамыз деген желеумен өз құлқындары мен қарындарының қамы үшін, “ақыл-есі дұрыс адам түсіну мүмкін емес деңгейде қанды қасап қырғын жасап” (М.Мағауин), қаншама жанды еркек-әйел, бала-шаға деп қарамай атқанын атып, аштан қырғанын аштан қырып, білімі терең, көкірегі кең, кеудесі даңғыл қаншама зиялы азаматтардың басын жұтқан сталиндік зұлмат қыл аяғы сенің, қайран Мағжан, аяулы Мағжан, ардақты Мағжан… молаңды да артыңнан жоқтап іздер қазағыңа қалдырмады! Сен мұны білмейсің, әрине!
Сөзімді Мағжанның тұлғалық болмысын таныған соң, ақындық, азаматтық қасиетін бағалаған соң туған мына жыр жолдарымен аяқтағым келеді:
“Орындаған тек жүректің әмірін,
Қиындықта тауыспаған сабырын.
Саналыға абақты боп орнаған,
Замананың тап басыпты тамырын!
Қайран Мағжан тік ұстаған кеудесін,
Тік ұстамау өр кеудені – ерге сын!
Талай Мағжан туар әлі қазақта,
Тек тәңірім тәлкек тағдыр бермесін!
Ойлы, сырлы Мағжан жыры – Мәңгілік!
Қайсар рухты Алаш ұлы – Мәңгілік!
Мағжан рухы мәңгілікке тербеткен
Ұлы дала – Қазақ елі – Мәңгілік!”
Нұрлан ЕСЕЙ,
Қаратал орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Нұрлан ЕСЕЙ. Орындаған тек жүректің әмірін. // Солтүстік Қазақстан. – 21 қазан. -№ 123. – 4 б. – 2023 ж.