Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қазақ поэзиясында өзіне тән қолтаңбасы бар қаламгер Тоқтар Зікіринді еске алу кеші өтті. Көзі қарақты оқырманға ақын әрі журналист ретінде таныс талант иесі топырақтан тысқары болса биыл 75жасқа толар еді.
«Поэзия әлемінің дарабозы» атты әдеби кешке ақынның отбасы, зиялы қауым өкілдері мен жас ақындар қатысты. Шара барысында ақынның жарына құрмет көрсетілді.
Еске алу кешіне жиналған үзеңгілес достары оның шығармашылығы мен балалық шағына жеке тоқталып, әдемі естеліктермен бөлісті. Олар қаламгердің бірнеше өлеңін, ал жас ақындар арнау жырларын оқыды.
Тоқтар Зікірин 20 жасынан бастап поэзия әлемінде желкенін көтеріп алғашқы жырларын жаза бастайды. Республикалық басылымдарда жарық көріп жүрген жүрекжарды жырлары Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзаәлиев, Тынышбай Рахымов сияқты танымал тұлғалардың оң бағасын алған. Сондай-ақ ақын өзінің көркем туындыларымен аймақтық, республикалық жыр мүшайраларында жеңімпаз атанған. Ақынның «Жан шуағы», «Көңіл көкжиектері», «Тіршілік тынысы» және «Бұл бір дәурен» сияқты жыр жинақтары жырсүйер қауымның сүйікті туындыларына айналған.
Облыстық «Soltustik Qazaqstan» газетінде біраз жыл еңбек етіп, қара сөздің қүдіретін асқақтатқан ақынның шығармашылығы – оқырман үшін баға жетпес байлық. Шығармашылығымен дара жол қалыптастырған тума дарынның жарқын бейнесі халық жадында ұзақ уақыт сақталмақ.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltustik Qazaqstan».
СУРЕТТЕРДЕ: (сол жақта)
шараға қатысқан меймандар,
(оң жақта) Қазақстанның
құрметті журналисі
Н.Шәріп сөз сөйлеуде.
Мырзантайқызы, Л. Жүрек сөзін жазған ақын [Мәтін] : С. Мұқанов атындағы ОӘҒК-да ақын Тоқтар Зікіринді еске алу кеші өтті / Л. Мырзантайқызы // Soltústik QAZAQSTAN. – 2024. – 24 tamyz (№96). – Б. 8