Атам Қабдөш Тәжіғұлов – елі үшін, ұрпағының болашағы үшін ерлікпен шайқасқан жандардың бірі. Ол 1921 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Тайынша ауданы Аймақ ауылында дүниеге келген. 1940 жылы әскер қатарына алынған атам 1941 жылы сұрапыл соғыс басталған кезде әскерде жүрген жерінен басқа ер-азаматтар секілді Отан қорғауға аттанып, Калинин майданында болған.

Майданда алған ауыр жарақатына байланысты 1944 жылы елге оралған атам Қайрия әжемізбен отбасын кұрып, Кәміш, Жібек, Кәмәрия, Есенгелді, Хамит, Қайырбай, Алма есімді балаларын өмірге әкеліп, тәрбиелеген. Мен — Хамит атамыздан тараған ұрпақпын.
Атам соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін: «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Батылдық үшін», «Германияны жеңгені үшін» және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Менің атам соғыстан келген соң «ауыр жарақатым бар» деп кол қусырып карап отырмай, еңбекке бел шеше кіріседі. Соғыс салған ауыр жарақаты болса да, Аймақ негізгі мектебінін директоры болған. Ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерін салып, балаларды білім нәрімен сусындатып, 76 жасында өмірден озды.
Ел басына күн туған шақта ұрпағының бейбіт өмір сүруі үшін жауға қарсы тұрып, елін, жерін корғаған атамды әрдайым еске алып, тағзым етемін. Мен үшін атамнан асқан төзімді, мықты, мінезді адам жоқ. Ауыр жарақат алса да жігері қайтпаған атамның ерлігін ұрпақтары ұмытпайды.
Ұлжан Хамит. Атамнан асқан батыр жоқ // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 27 мамыр.- 8 б.