Ұлы Отан соғысының қанды шайқастары мен жеңісті жылдары тарих қойнауына енсе де, Отанымызды қорғаған жауынгерлеріміздің есімдері ешқашан санамыздан өшпейді. Өйткені олар – қан майданда жау оғына кеудесін тосып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткендер.
Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Жеңісті жақындатқандар қатарында соғыстан оралғаннан кейін ел экономикасын қалпына келтіру үшін барын сала жұмыс істеген ардагерлер өте көп.
Ақжар ауданының Жаңаауыл ауылында Қали Хадесұлы Хадесов атындағы орта мектеп бар. Онда өз ісіне берілген педагогтар жұмыс істейді, қазақ балалары оқып, білім алады. Бұл мектепте 25 жыл бойы соғыс және еңбек ардагері, Қазақ КСР және КСРО білім беру ісінің үздігі Қали Хадесов мектеп директоры болып жұмыс істеді. Ол 1924 жылы 16 маусымда бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, Қарасай ауылында дүниеге келген. Петропавл педагогикалық техникумын аяқтаған соң 1941 жылы Жданов атындағы бастауыш мектептің меңгерушісі болып тағайындалған. 1942 жылы әскер қатарына шақыртылып, сол жылдың 30-шы қыркүйегінен бастап 97-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқа қатысты. 1943 жылдың 14 шілдесі Курск маңайындағы ұрыс кезінде жарақат алып, әскери госпитальда емделіп, 1944 жылы ауылға оралған Қали Хадесұлы Жданов атындағы бастауыш мектепте меңгеруші болып қызметін жалғастырады.
1947 жылы Коммунизм жетіжылдық мектебіне директор лауазымына тағайындалып, 1954 жылы Тельман атындағы жеті жылдық мектептің директоры лауазымына ауыстырылады. 1960 жылдан бастап құрметті демалысқа шыққанға дейін Жаңаауыл орта мектебінде директор қызметін атқарады. Қали Хадесұлы осылайша 45 жылдық педагогикалық өтілінің 42 жылында мектеп директоры лауазымын абыроймен атқарған. Сондықтан білім ордасына 2000 жылы Қали Хадесұлының аты берілген еді.
Оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде табысқа жету үшін мықты кадрлар қажет екенін түсінген Қали Хадесұлы мектепке мұғалімдерді іріктеуде мұқият еді. Оның шақыруымен мектепке КСРО-ның әр түкпірінен мұғалімдер келетін. Өз кезегінде Қали Хадесұлы жас мамандарға барлық қолдау көрсететін.
Қали Хадесұлының басшылығымен мектепте Қайырбек Ысқақов, Мұратбек Шайкенов, Жағыпар Асқаров, Абылғазы Қанаев, Сартай Ғазизов, Вера Шкурина, Алтын Нұрмағанбетова, Аким Ивахин секілді танымал ұстаздар жұмыс істеді.
Қали Хадесұлы жаңашыл адам еді. Мектепке үнемі жаңашылдық енгізіп отыруға тырысты. Қай жерде болмасын өзі көрген жаңалық пен озық тәжірибелерді өз жұмысында да пайдаланатын. Сол кездері Жаңаауыл орта мектебі бүкіл елге өзінің мектеп бригадасымен танымал болған. Мектептің өзіне тиесілі бөлінген жері, дала бригадасы, техникалары бар еді. Мектеп облысқа музыкалық оркестрі, ансамблі, көркемөнерпаздар ұжымымен танылды. Шығармашылық топтарды музыка пәнінің дарынды ұстаздары Дмитрий Авдеенко, Талгат Бозаев, Амангелды Тошкенов басқарды.
Жауынгерлік және ерен еңбегі үшін Қали Хадесұлы екі рет “Еңбек Қызыл Ту”, бірінші және екінші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы”, “Даңқ” ордендерімен, “Ленинградты қорғағаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “ҰОС жылдарындағы ерен еңбегі үшін” медальдарымен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Бүкіл өмірін білім саласына арнаған соғыс және еңбек ардагері Қали Хадесұлы – жарқын өмір сүріп, өзі туралы жақсы естеліктер қалдырған өшпес тұлға.
Болат ЗАКЕНОВ,
еңбек ардагері.
Ақжар ауданы.
Закенов Б. Жауынгер ұстаз // Солтүстік Қазақстан.- 2024.-16 мамыр.-9 б.