С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Облыстық әкімдікте өңіріміздің құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, өлкетанушы Сергей Пресняковтың 100 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Сіздің өміріңіз Отанға және сүйікті іске қызмет етудің лайықты үлгісі. Сіз Ұлы Отан соғысының ауыр сынақтарынан абыроймен өттіңіз. Ұрыс даласында өшпес ерлік пен батылдық таныттыңыз. Кейінгі жылдары өзіңізді толығымен партиялық ұйымдастырушылық жұмысқа арнадыңыз. Сіздің өлкетану саласындағы көп жылғы ғылыми-зерттеу қызметіңіз, оның ішінде Петропавлдың тарихына арналған кітаптар шығарудағы еңбегіңіз жоғары бағаға лайық. Жүзжылдық мерейтойыңызда Сізге зор денсаулық, бақ-береке және көтеріңкі көңіл-күй тілей отырып, алғысымызды білдіреміз, – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Содан кейін Құмар Іргебайұлы Сергей Михайловичке шапан жауып, кеудесіне төсбелгі тақты.
Майдангердің мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға Сергей Пресняковтың әйелі мен қызы, мәдениет саласының өкілдері, жастар, әріптестері, еңбек ардагерлері мен туған-туыстары қатысты. Олар облыстың құрметті азаматын ғасырлық тойымен құттықтап, әсерлі естеліктерімен бөлісті.
– Адамның өмірі қоғам, ел, жер игілігі үшін атқарған істерімен өлшенеді. Соғыс ардагерінің қайраты мен ынта-жігері – екінің бірінің бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет. Сергей Михайловичтің есімі облыстық ардагерлер кеңесінің тарихына оның тұңғыш төрағасы ретінде және республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің Құрмет кітабына енді. Бұл-біз үшін үлкен мақтаныш, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Сергей Пресняков – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол жас кезінен майдан даласына аттанып, ерліктің үлгісін көрсетті. Әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарып, шыңдалу жолынан өтті. Зейнетке шыққан соң Петропавл педагогикалық институтында туған өлке мен Қазақстан тарихынан сабақ берді. Ардагердің өмір жолы, көрген қиындықтары жайлы қызы Ирина Преснякова баяндады.
– Бүгін біздің отбасымызда айтулы күн. Әкемнің өмірі шежіре іспеттес. Ол ашаршылық заманды да, соғысты да бастан кешті. Анаммен сол майдан даласында кездескен екен. Олар соғыс кездеріндегі көрген ауыртпашылықтарын, тартқан тауқыметтерін бізге көп айта бермейтін. Әкем өте еңбекқор болды. Балаларына да көңіл бөлуді ұмытқан жоқ, – деді ол.
Шара соңында жиналған қауым мерейтой иесіне арналған көрмені тамашалады.
Рабиға ЕРАЛЫ, «Soltustik Qazaqstan». СУРЕТТЕ: Сергей Пресняковты құттықтау сәті. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Рабиға Ералы. Ғибратты ғұмыр. / Р. Ералы. Солтүстік Қазақстан.-16 маусым.-1 бет.-2022 жыл.