С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
XX ғасырдың алғашқы ширегі -қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл түркі әлемі әдебиетінде әртүрлі идеологиялардың ықпалымен социалистік тақырыптардың қарқынды түрде орын алған кезеңі. 1905 жылғы Ресей конституциялық монархиясынан кейін пайда болған салыстырмалы еркіндік ортасы патшалық Ресей билігіндегі түркі халықтарының саяси және әдеби тұрғыдан да жаңа дәуірге қадам басуына мүмкіндік берді. Патша үкіметінің қысымы азайған кезде Ресей мұсылмандарының құрылтайлары бірінен соң бірі жиналып, осы жиындарға қатысқан түркі әлемінің зиялылары өздері жасағысы келген саяси және мәдени реформалардың жол картасын жасады, Батыста заманауи идеология ретінде пайда болған ұлтшылдық қозғалысының сәл кешігумен болса да түркі әлеміне жеткен кезеңі де XX ғасырдың басы. Империясы ыдырау сатысына келген Османлы түріктері ауызекі тілге негізделген жалпақ түрікпен ұлттық мәселелерге бет бұра бастаса, Әзірбайжан түріктері де ұлттық әдебиетін жасау арқылы қазіргі мағынада ұлттық болмыс құру үдерісіне енді және 1918 жылы құрылатын Әзірбайжан Халық Республикасының негізі қаланды. Түркі әлемінде реформалау және саяси-мәдени құқықтарды іздеу идеясы кең етек алған кезеңде мәдениет пен әдебиет те, саяси қызмет те діни тәждид, ұлтшылдық, тәуелсіздік және бостандық сияқты мәселелерге назар аударды. Бұл орта Қазақстанға да әсер етеді. Қазақ шырт ұйқыдан оянып, Алаш Орда қозғалысы дүниеге келеді. Кеңес Одағы тәуелсіз Алаш үкіметінің ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік бермесе де, Алаш қозғалысы өздерінің саяси қызметімен ғана емес, зиялыларымен де ұзақ уақыт бойы бүкіл түркі әлемінде ықпалды болып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Алаш әдебиетіне және оның тақырыптарына қайта оралуы – бұл әсердің әлі де жалғасып келе жатқанының көрсеткіші.
Қазақ әдебиеті тарихында «Алаш әдебиеті» деп аталатын кезеңде шығармалар жазып, ұлттық әдебиеттің негізін қалаған қазақ ақындары да қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын сақтап қалу міндетін өз мойнына алады. Халық әдебиеті арқылы ұлттық мәдени элементтерден нәр алған көркем мәтіндерде ұлтшылдық ойдың бейнеленуі бұл шығармалардың тек идея тарататын дидактикалық мәтіндерден ұлттық-рухани құндылықтарды жеткізетін мәдени қазынаға айналуын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда бағалауға болатын суретшілердің бірі – Мағжан Жұмабайұлы. Өлеңдерінде қоғам мүддесін ұлттық құндылықтармен жеткізген Мағжан қазақтың ұлттық болмысының сақталуына үлес қосты. Қазақ әдебиетіне мазмұны жағынан да, стилі жағынан да жаңалық әкелген ақын өз өлеңдерінде түркі сөзін жиі қолданып, күллі түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениетін меңзейді. Бұл зерттеуде Мағжан Жұмабайұлының –өлеңдері осы түрғыда бағаланып, Мағжан өлеңдеріндегі ұлттық құндылықтар сөз болады.
Ұлттық құндылықтарды әдебиет пен білім арқылы қорғау өте маңызды. Мағжан Жұмабайұлы ұлттық құндылықтармен айналыса отырып, қазақ халқының да, түркі әлеміндегі барлық халықтардың да тарихы, географиясы, жады ортақтығын алға тартады. Оның өлеңдерінде тіл, мәдениет, ұлттық болмыс, наным-сенім, туған жер, салт-дәстүр оқырманға ұлттық құндылықтар ретінде түсіндіріледі. Ақын ұлттық құндылықтарды қорғау үшін қолданатын сөздерді ұқыпты таңдайды. Оның жырларында Баян батыр, Абылайхан, Деде Қорқыт, Ноян батыр, Кене хан сияқты қазақ тарихындағы маңызды есімдер үлгі-өнеге ретінде берілген. Ақынның ұлттық, текті атауларды жиі қайталайтыны байқалады. Ғұн, түрік, алаш, қазақ, қырғыз, найман сияқты атаулардың жақсы мағынада жиі қолданылғаны осы жағынан ерекше. Мағжан Жұмабаев толық символистік, тұйық өлең жазбаса да, оның өлеңдерінде қазақтың қалыптасқан мәдени үлгілерінен жасалған жануарлар, өсімдіктер, ағаштар сияқты элементтерге негізделген таңбалар бар. Күн, ай, жұлдыз сияқты аспан денелерін символдық мағынада пайдаланған ақын өз поэзиясына дала мәдениетінің көне наным-сеніміне негізделген таңбаларды алып келді.
Ақын: «Мен кіммін?» деп сұрайды. Өлеңінде ол өзінің болмысына тікелей күмән келтіріп, ұлттық болмыс туралы сананы арттыруға тырысады. «Мен кіммін?». Мағжаңның өз өлеңіне осындай атауды таңдауы оның ұлттық құндылықтарды қорғауды тұлғалық санамен байланыстырғанын көрсетеді. Өлеңнің атауындағы сұраққа алғашқы жолдардан-ақ жауап беруге тырысқан Мағжан қазақтың ұлттық болмысын құдіретпен байланыстырады:
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте-бұлт, жерде-желмін гулеген,
Жер еркесі –желдің жөнін кім сұрар.
Жоғарыдағы жолдарда ақын қазақгың ұлттық болмысын сипаттай отырып, «арыстан», «жолбарыс». «Көктегі бұлт», «гулеген жел» сияқты күшті де, үлылықты да көрсететін сөздерді қолданады. «Маған қарсы кім түрар?» – бұл өрнек қазақ болмысының қайраттылық пен батылдықпен дараланғанын көрсетудің қиындығын білдіреді. Өлеңнің жалғасында Мағжан өзін аспандағы күнге теңеп, әр нәрсеге нұрын төгетінін айтады:
Көкте-Күнмін, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
Шеті, түбі жоқ теңізбін қара көк,
Ерігемін-толқып, шалқып, тасамын.
Күн – әлемде ешкімді кемсітусіз өз нұры мен жылуын беретін қуат көзі. Бұл жерде ақын қазақтың ұлттық болмысын күнге теңеп, сол болмысты құрайтын ұлттық-рухани элементтердің бойында баршаны нұрландыратын құндылықтар бар екенін айтады. Қазақ елі кең пейілді,әділетті, сондықтан бұл құндылықтардың нұрлы қасиеті барша адамзатты күн сәулесіндей құшағында ұстауында. Мағжан күн ұқсастығынан кейін өзін теңізге теңейді. Теңіз жағасының көрінбеуі ұлттық құндылықтардың көптігін көрсетсе, түбінің жоқтығы бұл құндылықтардың терең мағыналы екенін көрсетеді. Қазақтың болмысын, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бейнелейтін теңіз де тынымсыз тербеледі. Бұл ұлттық санасы бар қазақтың үнемі белсенділік пен күрескер болуы керектігін көрсетіп, ұлттық құндылықтардың бұрынғыдан қалған дәстүр емес екенін және бұл құндылықтардың бүгінгі қазақ елінің тыныс-тіршілігіне әсер етіп келе жатқанын көрсетеді,
Бұл өлеңінде Мағжан жылқыны түркі халықтарының қанаты деп санағандықтан «Тұлпармын мен» деген тіркесті қолданады. Осылайша түркі халықтарының болмысындағы бұл мифологиялық тұлға өзін қаламен сәйкестендіреді. Сонымен қатар ақын өзінің өлмейтіндігін айта отырып, рухани құндылықтарды ерекше атап өтті. Өйткені, ислам діні бойынша діні мен ұлты үшін жанын пида еткен шәһидтер өлмейді, рухани өмір сүре береді.
Мағжан Жұмабайов «Мен жастарға сенемін» атты өлеңінде қазақ халқының ұлттық сана-сезімі, отан-сүйгіштік, имандылық сияқты ұлттық құндылықтары жастар арқылы өміршең болатынына сенетінін айтады. Ақын бұл өлеңінде де ұлттық құндылықтарды ашып, жастарға деген сенімін суреттейді:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!
Ұлттық санасы бар жастардың бойында талапшылдық, еңбекқорлық, қайраттылық болуы керек. Ақын жастарға деген сенімін арыстан, жолбарыс, қыранға теңеу арқылы көрсеткен соң, оларды неге бағалап, сенетінін өлеңнің жалғасында түсіндіреді. Мағжанның жастарды бағалап, оларға сенуінің себебі – олардың ұлттық құндылықтарға адалдығы.
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды алаш елім дер,
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін.
Бұл жолдарда ақын жастардың «ұлтым – ардақты Алаш» дейтінін баса айгады. Яғни қазақ жастары ұлттық болмысын сезініп, өз ұлтының абыройлы екенін біледі. Бұл жастардың бойында патриотизм де бар.
Алаш – айбынды ұраны,
Қасиетті Құраны.
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Жоғарыдағы жолдарда ақын Алаш өрнегі арқылы ұлттық болмысты, батырлықты меңзеп, қазақтың ұлттық құндылықтарының қатарында ислам дінін қарастырып, ұлттық сана-сезімі бар жастарда Құранның да бар екенін айтады. Мағжанның көзқарасы бойынша, мұсылмандық болмыспен қазақтың ұлттық болмысы бірін-бірі толықтыратын екі элемент.
Мағжан Жұмабаевтың айтуынша, ұлттық құндылықтардың ең маңызды элементтерінің бірі – адамның туған жері. «Тұған жер» атты өлеңінде қандай жағдайда да туған жеріне мән беру керектігі айтылады. Мағжан өлеңнің дәл басында-ақ туған жерінің ұлттық сана тұрғысынан құндылықты білдіретінін баса айтқысы келеді. Оның адам болып дүниеде алғаш рет күн сәулесін көріп, алғашқы қадамын басқан жері – туған жер. Өлеңнің бірінші шумағында «туған жермен» қарым-қатынас кіндік арқылы орнығады.
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық-алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.
Өлеңнің жалғасында ақын өзінің туған жерінен жаралғанын айтады. Исламда адам топырақтан жаратылған деген сенім бар. Дегенмен Мағжан оның жай топырақтан емес, туған жердің топырағынан жаралғанын ерекше атап көрсетеді Ақынның тәні де, рухани болмысы да осы өлкеге байланып жататын себебі бұл жердің суын ішті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтардан нәр алды.
Жаратылдым топырағыңнан, сен – түбім.
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен – Күнім
Ақынның туған жер ұғымын ұлттық құндылық ретінде қарастырған өлеңдерінің бірі -«Түркістан» поэмасы
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.
Ақын бұл жолдарда Түркістан тұжырымдамасының маңыздылығын сөз етеді. Түркістан – күллі түркі халықтарының бесігі. Бұл жерде Мағжанның атамекенді ұлттықболмыспен байланыстыра отырып, қазақ болмысын негізге алмағаны, барлық түркі халқына үндеу айтқаны байқалады. Бүкіл түркі халқының атамекені – Түркістанда дүниеге келу – түркіге Алланың берген сыйы. Сондықтан бұл өлкеде туғандар осы рухани құндылықты білуі керек. Өлеңнің жалғасында Мағжан Тұран деген атамекен ұғымына тоқталып, түркілердің атамекен ретіндегі ұлттық санасын қалыптастыратын аумақтың Тұран болуы керектігін айтады.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл,отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!
Мағжан Жұмабаев ана тілін негізгі ұлттық құндылықтардың бірі ретінде ұлттық болмыс, туған жер, сенім сияқты элементтерді қарастырады. Ақын «Қазақ тілі» поэмасында ана тілдің ұлттық құндылық ретіндегі маңыздылығын көрсетеді:
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр-бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған жүрек солғын соғады.
Өлеңнің басында қазақ халқының басқыншылықтың кесірінен азаттығынан айырылғаны баса айтылып, ортақ тарихқа тоқталады. Ертеде күш-қуаты мен ерлігімен танылған қазақ халқы бүгін кісендеулі.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар-асқан жандар ұмытылды.
Жоғарыдағы жолдарда кешегі биліктен айырылған халықтың сол биліктің өкілі болған батырлары мен билеушілерін ұмытқаны айтылады. Бүкіл түркілердің атамекені саналатын Алтай тауын «алтын ана» деп сипаттап, ұлттық жадыға баса мән берген. Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтсақ, бүкіл түркі халықтары Алтай қазанынан шыққан. Мағжан бұл тарихи шындықты ана құрсағынан шыққан сәбиге теңеп, Алтай тауын «алтын ана» деп атап, түркі халықтарының осы жерден шыққанын айтады. Қоғамтанушылардың пікірінше, ортақ тарих пен ортақ жады – үлттық бірегейліктің маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Мағжан Алтай тауының ұмытылғанын айта отырып, естен тану қаупін көрсетеді. Бірақ ақын әлі де үмітсіз емес. Халқы қиын жағдайда қалса да, қазақ халқын аман алып қалатын тағы бір ұлттық қазына бар. Бұл қазына – қазақ тілі. Өткен күндердің нұрлы күндері бүгінде жоғалса да, ана тілі ұлттық құндылық ретінде өмір сүріп, тек қазақты ғанаемес, бүкіл түркі әлеміндегі халықтарды жақындата алады. Өйткені, қазақ және басқа түркі халықтарының тілдері бір түбірден тарайды және бір түбірден тұрады. Мағжан бұл ойды келесі жолдармен сипаттайды:
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Таралған түрік балаларын бауырыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
Бұл өрнектер қазақ тілінің өте тамырлы, бай тіл екенін, бірақ орыс шапқыншылығынан кейін оның қолданыстан шығып, ұмыт болу қаупіне ұшырағанын көрсетеді. Ана тілін ұмыту ұлттық болмыстың жоғалу қаупіне әкеп соғатындықтан, ақын тілді қорғауға үндейді. Қазақ халқы өз тіліне ие болса, бұл тамыры терең, бай тіл қазақ халқын бүкіл түркі бауырларымен біріктіреді. Өйткені қазақ тілі басқа түркі тілдерімен бір түбірден тарайды және әрбір түркі қауымы өз тіліне ие болған кезде туысқан тілдердің жақындасуынан пайда көреді.
Мағжан Жұмабаев мәдениетті жеткізу ұлттық жадты сақтайды деп есептейді, сондықтан да қазақ мәдениетінің ажырамас элементтері саналатын қымыз бен домбыраны өлеңдерінде ұлттық құндылық ретінде қарастырады. Бұл жағынан ақынның «Ал ішіңдер, бұл – қымыз» атты өлеңінің маңызы зор. Мағжан бұл шағын өлеңінде қымыз қазақтың ұлттық сусыны екенін, қымызды ержүрек қазақтар ішу керек екенін айтып, ұлттық құндылық ретінде көрсетеді.
Ал ішіңдер,
Бұл-қымыз.
Бұл қымыздың арғы атасын сұрасаң,
Құлаша қулық бие сүті еді,
Томсарған ер қазақтың асы еді.
Бұл қымызды кім ішсін?
Бұл қымызды.
Айлы күні айналған,
Бұлтты күні толғанған,
Құрығын қу найзадай таянған,
Томсарған ер қазақтың өзі ішсін!
Ақынның «Домбыра» деп аталатын прозалық поэмасы мәдени жады мен ұлттық құндылықтардың арақатынасы жағынан да ерекше. Домбырадан шыққан әуен адамды терең ойға жетелеп, үрей сезімін оятады. Мағжан қазақтың ұлттық аспабының әсерін «қараңғы түнде ағып жатқан өзенге» және «желді түнде көл қамыстарының бір-біріне үйірілуіне» теңейді. Ақынның айтуынша, домбырадан шыққан күй әр уақытта әр түрлі сезім тудыруы мүмкін. Бірде науқастың ыңырсығанын, бірде мұңлы адамның ыңырсып, үнсіз өлең айтып отырғанын еске түсіретін бұл әуенде қазақ халқының мұң-мұқтажы, мұңы, жан тебіренісі беріліп, домбыра үні халықтың жалпы бейсаналық көрінісіне айналады. Өлеңде киіз үй ішінде домбыра тыңдаған ақын ерлердің өзгісінде азапты ғұмыр кешіп, жастай қайтыс болған әйелдің драмасы ойға оралады. Ойналған әуеннің осындай мән-мағынаға ие болуы ақынды тебірентіп, Мағжанның «ағам» деп атаған әйелдің отбасынан, туған-туыстарынан, күйеуінен қуғынға ұшырағанын еске алады.
Әйелді қадірлемеу – әлеуметтік мәселе, ақын кейбір зиялылар сияқты өз мәдениетіне кір келтірмейді, бұл мәселені көтере отырып, домбыра мен күй нақыштарын ұлттық элемент ретінде қолдану арқылы әлеуметтік сын жасайды. Бұл көзқарас – Мағжанның прозалық поэзиядағы ұлттық құндылықтарды ұстану арқылы реформалау мен ілгерілеу идеясының көрінісі. Қазақ әдебиетінде домбыра мен күйді ұлттық құндылық ретінде пайдалану ортақ көзқарасқа айналады. Қазақ мәдениетінде маңызды орын алатын «Күй» деп аталатын өнер уақыт өткен сайын ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналып, өзін қазақпын деп санайтын әрбір адамның рухани дүниесінде маңызды орынға ие болды. Әбіш Кекілбайұлының «Күй» атты повесінде домбырадан шыққан әуеннің әсері адами құндылықтардың дала қоғамының қатыгез ережелеріне қарсы тұруына мүмкіндік береді. Тахауи Ахтановтың «Күй туралы аңыз» әңгімесінде күй «ата-баба рухының көрінісі» ретінде оқырманға ұсынылады. Бұл шығармаларда домбыра мен күй қазақ халқының және түркі әлеміндегі барлық халықтардың ұлттық-рухани құндылықтарының символы ретінде қолданылған.
Орхан СӨЙЛЕМЕЗ.
Кастаману уиверситетінің профессоры.
Түркия.
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Орхан Сөйлемез. Көкте күнмін, көпке нұрым шашамын. / О. Сөйлемез. // Солтүстік Қазақстан. – 24 маусым. -№ 71. – 4-5 б. – 2023 ж.