С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылы өзі аттас көлдің жағасында орналасқан. Бәрінен бұрын көздің жауын алатын, көлденең көзді сұқтандырмай қоймайтын сұлу табиғатын айтсаңшы! Ата-бабамыздың тұрмыс-салты мен тарихын індете зерттеп жүрген жергілікті өлкетанушылар жинастырған деректерге үңілсек, осынау елді мекен жайлы небір тылсым сырларды көкейге түюге болады. Соның аңызға бергісіз мысқалдай мысалы мынандай.
Ай десе аузы, күн десе көзі бар, ақылына көркі сай, тұтас аймақтың гүлі спеттес Айымжан деген сұлу ару болыпты. Көне көз, құйма құлақ қариялардың айтуларынша, атақты әнші-композитор Біржан салдың үлкен ағасы Нұржан мен Айымжан сұлу бір-біріне өлердей ғашық болып, бір сәт көре алмаса, ішкен асы бойына сіңбеген деседі. Бірақ екі жастың қол ұстасып, отау құруына Қожағұл қарт қарсылық көрсеткенге ұқсайды. Барымта, қарымта сияқты ел ішін алатайдай бүлдіретін дүрбелеңдердің бірінде қандықол қарақшылар қараңғы түнді жамылып, Айымжанды ұрлап әкетеді. Ол жолда ебін тауып, қашып шығып, көлдің қалың қамысына тығылады. Ауылдастары бір аптадан кейін жан дүниесі өксікке толған күйі мәңгілік сапарға аттанған арудың өлі денесін қалың қамыстың арасынан табады. Кейін бұл жерде үлкен айдын көл пайда болады. Халық оны Айымжан сұлудың есімімен атап кетеді. Ақиқатқа бергісіз әпсана осылай сыр шертеді.
1928 жылға дейін Айымжан атындағы елді мекен болмаған. Осы жылы жазда облыстан келген Қапаров деген уәкіл ұсақ ауылдарды ұжымдастастырып, ауыл шаруашылығы артельдерін құруға үгіттейді. Елді мекендерді аралаған жиын-кездесулерде байдың да, бектің де батырдың да, қажының да есімдерімен аталмасын деген ескерту жасайды. Қожамжар, Құдас, Есбол, Ұзынағаш ауылдары біріктіріліп, ауыл шаруашылығы артелі Айымжан деген атқа ие болады.
1954-1997 жылдары Айымжан «Пресновка» астық кеңшарының бөлімшесіне айналдырылды. Оның негізінде кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Айрандай ұйыған ауылда орта мектеп, халық театры, медпункт, тағы басқа әлеуметтік нысандар халық игілігіне жұмыс істеді.
Өткен демалыс күндері Айымжан ауылының баурайында туып-өскен азаматтар жиналып, елді мекеннің 95 жылдығын шама-шарқынша атап өтті. Бала саны азайып кеткен білім ошағын сақтап қалудың жолдары ойластырылып, жан-жақты көмек жасауға пәтуаласты.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.
_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Игілік Рахметов. Айымжан-аңыз мекен. // Солтүстік Қазақстан. – 11 шілде. -№ 76. – 4 б. – 2023 ж.