Атындағы ҚМУ облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының С.Мұқанов »
С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Ұлы дала мұрасы» жобасы аясында жарық көрген «Дала фольклорының антологиясы» кітабының соңғы екі томдығы таныстырылды.
Жинақтың алғашқы 5 томы 2019 жылы жарыққа шықса, қалған бесеуі биыл оқырманға жол тартты. Бұл кітапқа халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері, атап айтқанда, «Құламерген», «Дотан батыр» жырлары, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Ер Едіге», «Шора батыр» сияқты құнды шығармалар енгізілді. Сондай-ақ оқырмандар атақты жырау Мұрын Сеңгірбекұлынан 1939-1948 жылдары жазып алынған «Қырымның қырық батыры» жырының, «Еңсегей бойлы ер Есім», «Абылай хан», «Хан Кене», «Сәтбек батыр», «Бөгенбай батыр», «Қабанбай батыр», «Өтеген батыр», «Олжабай батыр», «Ер Жәнібек», «Райымбек батыр», «Барақ батыр», «Ағыбай батыр», «Жанқожа батыр» сияқты тарихи эпостар мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Бозжігіт», «Бозаман», «Сейпіл-Мәлік», «Талайлы құл мен Әйім қыз», «Шеризат- Күлшат», «Жас-келең» жырларының таңдаулы үлгілері де осы еңбектің мазмұнын ашыптұр.

Топтамада магиялық фольклор түрлері, кәсіпке және маусымдық, отбасылық ғұрыпқа арналған фольклорлар бар. Ертегі, аңыз, әпсана, хикаят, ауыз-екі әңгімелердің де жинаққа енгізілгенін айтып өткен жөн. Ал «Дала фольклорының антологиясы» жинағының тоғызыншы томы халық өлеңдеріне арналған. Қара өлең, толғау, терме, тарихи өлең, ән өлең, хат өлең, өтірік өлең, мысал өлең, мысал айтыс, қыз бен жігіт айтысы бар. Соңғы томында мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, шешендік сөздер, нақыл, өсиет және қанатты сөздер топтас-тырылған. Он томдық антология мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне, фольклорлық мұраны қастерлейтін қалың оқырманға арналған.
Айсұлу ХАНАТ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 2-курс студенті.
_______________________________________________________
/Солтүстік Қазақстан.-10 маусым.-8 бет.-2021 жыл.