Атындағы ҚМУ облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының С.Мұқанов »
Журналист, жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің «Сәулелі ғұмыр» кітабының тұсаукесері өтті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ұйымдастырылған шараны «Soltustik Qazaqstan» газеттерінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы жүргізіп отырды.
Бұл жинақта автордың қайраткерлік қарымы зор, азаматтық келбеті келісті, сөзімен де, ісімен де басқаларға үлгі болып, ел құрметіне бөленген тұлғалар туралы республикалық және жергілікті басылымдарда жарық көрген очерктері, эсселері мен сұхбаттары топтастырылған. 550 беттік кітап Алматы қаласындағы «Асыл кітап» баспасынан жарық көрді. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Адамзаттың Абайымен басталып.Ғабеңнің кіндік қаны тамған Елтінжалымен аяқталады. Бұл тұлғалартуралы еңбек болғанымен оның астарында елдің тарихы, Тәуелсіздігіміздің жыл намасы жатыр.
Жиын барысында сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов пен Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай кітаптың құндылығына тоқталып, автордың еңбегіне табыс тіледі. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Жанбай Қадыров автордың шығармаларына шолу жасап, оқырманға беретін пайдасы жайлы әңгімеледі.

Аға буын журналистер Амандық Жантеміров, Ахметжан Қуантаев пен Нұрсайын Шәріп кітапқа арқау болған оқиғалар мен адамдардың елі үшін оның даму жолында атқарған жұмыстарын, үлгі болар істерін насихаттаудағы автордың журналистік ше-берлігіне назар аударды. «Soltustik Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Өмір Есқали болса, автордың бұл еңбегі Тәуелсіздіктің жылнамасы іспетті екенін атап өтті. Өйткені егемендік жылдары және одан әріректе өмір сүріп, еліне адап еңбек еткен жерлестеріміздің ғұмыр жолы, шығармашылығы жайлы туынды оқырман үшін өте құнды. Кітаптың оқырманға ой саларлық тұсы мол, ол-өскелең ұрпаққа, әсіресе жас журналистерге әдістемелік құрал ретінде таптырмас олжа екені анық.
Аға буын өкілдері Тілек Әбдірахманов пен Қымбат Исманова жаңа кітаптың лентасын қиды. Сондай-ақ, рухани шараға қатысушылар Жарасбай Сүлейменовтің шығармашылығына арналған «Ғашық ғұмыр бояулары» көрмесін тамашалады.
Сағындық МАУҒАЗИН, «Soltustik Qazaqstan».
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
/ Солтүстік Қазақстан.-26 маусым.-8 бет.-2021 жыл.